Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мерейлі отбасы – 2024»: Облыс әкімі жеңімпаз отбасыларды марапаттады

«Мерейлі отбасы – 2024»: Облыс әкімі жеңімпаз отбасыларды марапаттады
Ашық дереккөз
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Мерейлі отбасы –2024» ұлттық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңіске жеткен жанұяларды марапаттады. Салтанатты шарада аймақ басшысы ұлттық байқаудың тағылымы мен маңыздылығына тоқталып, жеңімпаз отбасыларға құрмет көрсетті.

- Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік отбасынан бастау алып, қалыптасады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді.

Бұл байқауға қатысқан әр жанұя түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленіп жүр. Олардың жарасымды сыйластығы мен шынайы отбасылық қарым-қатынасы баршаға үлгі-өнеге, – деп атап өткен Ербол Қарашөкеев әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, береке-бірлік тіледі.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы өңірде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында 2500-ден астам жамбылдық отбасы байқауда бақ сынады.

Биыл ұлттық конкурсқа Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 218 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 жанұя жолдама алды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Таңатаровтар жанұясына бұйырды. Бұл әулеттің үш буыны, яғни әкесі, балалары мен немерелері спортты жанына серік еткендер.

Шаңырақтың үлкені Достық Таңатаров үш ұлын спортқа баулып өсірген. Ол еркін күрестен спорт шебері, аға жаттықтырушы. Ұлдары Ақжүрек Таңатаров Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері болса, Ақниет Таңатаров бокстан республикалық жарыстардың жеңімпаз атанған. Үшінші ұлы Едіге Таңатаров спортпен айналысады, бүгінде «Бірлес» көкпар клубының капитаны.

Ата жолын немелері де жарысымды жалғастырып келеді. Есугей мен Әділ еркін күресті жанына серік етсе, Айзере көркем гимнастикамен тұрақты түрде шұғылданады.

Ал, бірінші орынның тұғырынан меркілік Ешетовтар отбасы көрінді. Екінші орынға шулық Баймағанбетовтар және құландық Өмірбаевтар отбасы ие болды. Жамбылдық Абсатаровтар мен сарысулық Шынбатыровтар әулеті үшінші орынның иегері атанды.

Байқау жеңімпаздарына диплом және қаржылай сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, жеңіске жеткен жанұялардың барлығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың қатарында ата кәсіпті жалғап, білім беру, денсаулық сақтау, темір жол саласын өркендетуге атсалысып жүрген отбасылық династиялар бар.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде Таңатаровтар әулеті өңір намысын қорғайды.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар