Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жол бойында «жабайы» сауда қызып тұр

Жол бойында «жабайы» сауда қызып тұр
Ашық дереккөз
Бүгінде егістікте қауын-қарбыз пісіп, өнімдер сауда нүктелерінің сөрелеріне көптеп қойыла бастады. Молшылық деген осы емес пе? Тіпті республикалық маңызы бар трассаларда, базарларда, жаяу жүргіншілер жолында қауын-қарбыз сатушылардың қатары артқан. Қауынның көк дөнен, әміре, басыпалды, торлама деген сияқты түрлері толып тұр. Ал қарбыздың жетісайлық, шардаралық, аққұмдық, бостандықтық деп бөлінетін сұрыптары бар. Бәсекелестік артқан сайын баға да біршама түсіпті. Дейтұрғанмен қауіпсіздік жағы қалай болып жатыр? Кез келген жерде сауда көркін қыздыруға бола ма? Бұған құзырлы органдар не дейді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Мақаламызды жазу барысында Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы көшеде өз нәпақасын қауын-қарбыз сатып тауып отырған саудагерлермен жолықтық. Көшенің екі беті тек бақша өнімдерін сатуға бұйырыпты. Таң азаннан мұнда қызу тіршілік. Бірі күн өтпесін деп шатыр құрып, бірі қауын-қарбызын тасып әлек. Кейбір саудагердің қона жатып, тәулік бойы сататыны көрініп тұр. Тақырып аясында біз алдымен Жалғас есімді жігітпен пікірлестік. 

 

– «Саудада береке бар» дейді ғой дана халқымыз. Бауырым екеуміздің сауда саласында жүргенімізге он жылдан асты. Осы уақытқа дейін не сатпадық? Ең дұрысы осы қауын-қарбыз екен. Маусымдық жұмыс. Жаз шыққаннан күзге дейін тек қауын мен қарбыз сатамыз. Күнделікті қолымызға 200 мың теңгедей ұстап қайтамыз. Мен күндіз сатсам, бауырым түнде сатады. Сатудың да түрлі техникалары бар. Сол әдістерді пайдаланамын, – дейді ол.  

 


Келесі кезекте пікірлескен Диас есімді жігіттің жасы 18-де екен. Мектеп жасындағы інісі екеуі қарбыздың килограмын 110 теңгеден, қауынды 90 теңгеден сатып тұр. 

– Нағашы әпкем «Қайқармет» базарында сатушы. Бұл орын сол әпкеміздікі. Мен үш ай жазда нәпақа табайын деп саудаға шықтым. Күн сайын әжептәуір  ақша табамын. Жарты ақшасын әпкем алады. Жартысы  інім екеумізге тиесілі. Жергілікті өнімдер пісе қоймағандықтан әзірше Шардараның қарбызы мен Жетісайдың қауынын сатып отырмыз, – деді Диас.

 


Біз жол бойында тұрған саудагерлерден сауда-саттыққа берілетін рұқсат қағаздары туралы да сұрадық. Өзін Жанна Әділгерей деп таныстырған сатушы ойын былай жеткізді.  

– Жыл сайын осы жерде қауын-қарбыз сатамын. Шыны керек, ешкімнен рұқсат алмаймын. Бізге рұқсат бермепті де. Жаз – нағыз сауданың қызған шағы. Осы қолайлы сәтті пайдаланып, келер жылға дейінгі нәпақамызды тауып үлгеруіміз қажет. Құзырлы органдардың өкілдері күн сайын қудалап, айыппұл саламыз деп қорқытады. Жалғыз мен емес, бәрі кетсін онда. Осы көшенің бойына шатыр  тігіп, ел-жұрт түгел қауын-қарбыз сатады. Басы балық сатушылардан басталады. Сонымен көшенің екі жағына орналасып, бұйырғанын көреміз. Өнімдерді өзім екпеймін. Таңертең ерте барып, «Ауыл береке» базарынан сатып аламын. Үстінен қосатыным бес-он теңге. Қол жайып, ешкімнен ақша сұрап тұрғаным жоқ. Бұл деген қып-қызыл еңбек. Сатып тұрған жерден қуса, басқа жерге барып сауда жасаймын. Басқа амал жоқ. Ақша табу керек. Ала жаздай еңбек етемін. Бәрі бала-шағаның қамы. Осы уақытқа дейін менің қарбызымнан ауырдым деп бір адам шағым айтып келмепті. Күн сайын өзім де, бала-шағам да жеп отырмыз, – дейді Ж.Әділгерей. 


Жоғарыда айтқанымыздай, нағыз жергілікті өнімдер тамызда піседі. Қаншалықты ерте десек те қала тұрғындарының 90 пайызы уақытынан бұрын піскен өнімдерді пайдаланып үлгерген. Негізі рұқсат етілмеген жерде сатқаннан бөлек, жалпы қауын-қарбызды ашық аспан астында, жол бойында сатуға болмайды. Санитарлық талапқа да сай келмейді әрі заңсыз. «Жабайы» сауда-саттық туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына да хабарласып көрдік.

– Бұл мәселеге қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі жауапты. Олар ешкімге де көше бойына сауда жасауға рұқсат бермейді. Мұны қарапайым халық түсінбей жатады. Мыңмен жалғыз алысқандай топ-тобымен сауда жасаушыларға ескертіп бір айтамыз, болмаған соң сауда жасауға болмайтын жерден қуамыз. Тіпті қайбір жылдары нақты сатуға болатын жерлерді де ұсынып көрдік. Көбінің салық төлегісі жоқ. Заңды түрде сауда жасағысы келмейді. Мәселен, кәсіпкерлер базарлардағы арнайы белгіленген сату орындарына да ақша төлейді. Нәпақасын табады. Бұл кісілер маусымдық жұмыс деп, қауын-қарбыз сатуға немқұрайды  қарайды. Қазір қусаң, кешке қайтып келіп тұрады. «Күн көріп отырған кәсібіме кедергі келтіріп жатыр» деп әлеуметтік желіге жариялайды. Қайсыбірімен күресерімізді білмейміз. Кейде анаңмен жасты адамдарды сүйрелеуге қолымыз бармайды. Өйтпейін десең, қызметің соны талап етеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары. 

Біз мұнан соң қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айдын Алтайға хабарластық. Ол расында да «Қаратау» ықшамауданынан бастап «Мұрагер» сауда үйіне дейінгі аралықта «Қайқармет» базарын түгел «жабайы» сауда жайлап алғандығын тілге тиек етті. Жақында ғана қаладағы «жабайы» сауда жасап тұрған жандарға, әсіресе қауын-қарбыз сатушыларға ескерту берілгендігін жеткізді. Санитарлық талапқа сай келмейтін сауда орындарын жауып, «жабайы» сауданы тоқтату үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқандығын да айта кетті. Өзіміз куә болғандай, сатушылардың көбі мектеп жасындағы балалар. «Қаратау» ықшамауданында, «Ауыл береке» базарында, «Айырылмас» сауда орталығында қауын-қарбызды тек оқушы балалар сатып тұр. Бәлкім, ата-анасының орнын алмастырған болар. Әлде күнделікті ісі сол. Осы тұста шамамен 5-6 сыныпта оқитын екі ұлға жақындап, ақырын әңгімеге тарттым.

Балалардың бірі: – Ата-анамыз да базарда саудагер. Анда-санда келіп, бізді бақылап қояды. Қауын-қарбыздарды таразыға тартып, бағасын калькулятормен есептеп беремін. Мен шаршасам, інім сатады. Үйге тек қонуға барамыз. Өзіміз Тараз қаласындағы №36 орта мектепте оқимыз.  Оқу жылы басталатын  уақыт та жақындады. Осы ақшаға анамыз бізге мектеп формасын әпереді, – дей бергені сол еді, анасы Жазира жанымызға келе қалды. – Ана болған соң осылар жақсы киінсін, қаржылық сауаттылығы артсын деймін. Қайбір жетіскеннен осыларды саудаға шығарды дейсіз? Өзім ойыншық сатамын. Әкелері құрылыс заттарын саудалайды. Екі ұлымыз бар. Бірі алтыншы, екіншісі төртінші сыныпта оқиды. Қазір жазғы демалыста. Балалар ертелі-кеш смартфон қарап жатқанша еңбек етсін, ақша тапсын дедім. Жазда маусымдық, ал қыста саудасы жүретін басқа өнімдерді сатамын. Алдымызда тамыз айы келе жатыр. Тапқан ақшаларына өздерін киіндіремін. Кеңсе тауарларын аламын. Бүгінде бәрі қымбат. Біздің арнайы біліміміз жоқ. Кеңседе отырмаймыз. Бар білгеніміз – сату. Көзімізді ашқалы саудада жүрміз. Неше түрлі тұтынушы келеді. Қарбызды жарғызып алған соң тастап  кететіндер бар. Өзімізге ұрсып сөйлейтіндер де аз емес. Рас, балаларыма қауын-қарбыз сатқызу үшін ешкімнен рұқсат сұрағаным жоқ.  Әкімдік қашан рұқсат береді екен деп қарап отырамын ба? – дейді Жазира. 


Осы мақаланы жазу барысында Талас ауданындағы Аққұм ауылының тұрғыны, диқан  Дархан Базылбаевпен сөйлесудің де сәті түсті. Оның да өз айтары бар екен.  

– Бұл күндері жеп жүрген қарбыздарыңыз сырттан келетін, іші тыңайтқышқа толы өнімдер. Жергілікті өнімдерді өсіретіндер өте аз. Саусақпен санарлық. Олардың өнімі әлі піскен жоқ. Тамыздың басында саудаға шығарады. Өзім жылда қарбыз егетінмін. Базарға апарып өткіземін. Оны үстіне ақша қосып сатады. Жер жыртып, ала жаздай тер төгу, егістіктің   күтімін жасау оңай емес. Жыл санап жердің құнарлылығы кеміді ме, қарбыз жөнді шықпайтын болды. Оның үстіне біздің жақтың  топырағы сортаңдау болып келеді. Сондықтан қазір қауын да, қарбыз да екпеймін. Себебі одан келер пайда да жоқ. Соңғы кезде қияр мен қызанақ егуді қолға алдым. Диқаншылық ата-бабамнан бері жалғасып келе жатқан кәсіп. Бірақ соңғы бес жылда қарбыздан пайда табу, кіріс кіргізу қиынға соғып тұр. Тек мұнда алыпсатар саудагерлер қызығын көреді, – дейді аққұмдық диқан Дархан.


Қаладағы көше бойлары мен базарларды қоя беріп, республикалық маңызы бар жолдарда да шатырын тігіп, қауын-қарбызын сатушылар көп. Ал оларға кім рұқсат берді? Қауын-қарбызбен қоса, бал, басқа да бақша өнімдері саудалануда. Санитарлық талапқа сай келмеген өнімдерді жеп адамдар ауруханадан шықса да олар жауап бермейді.

Себебі сатуға реттелген құжаты жоқ. Улану қаупі бар екенін біле тұра біздер де жолдан сатып аламыз. Егер сапасы жақсы болмаса, қайта көтеріп апаруға, өткізуге ерінеміз. Қауын-қарбыздан улану дерегі тіркелген жағдайда да жол бойындағы сатушылар жауапқа тартылмайды. Сол үшін де бәрі заңдастырылу керек. Бағамдап қарасақ, «былай тартсаң өгіз еледі, былай тарсаң арба сынады». Әр тараптың  да өз шындығы бар. Әйтсе  де заң талаптарына  бағынып, адал сауда жасаған абзал.  

Эльмира Байназарова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар