Өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, өз елінің мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, рухын көтеру мақсатында өткізілген ауқымды іс-шарада Түркия, Румыния, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан сынды мемлекеттерден бас-аяғы 18 топ бақ сынаған еді. Аталмыш өнер додасында облысымыздың атынан облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығының» қызмет алушыларынан құралған «Ғұмыр-Дария» ұлттық-аспаптық ансамблі мен «Әулиеата» ардагерлер ансамблі өнер көрсетті.
Атап айта кетерлігі, байқау шарты бойынша додаға жасы 35-тен жоғары өнерпаздар қатысуы тиіс болса, жамбылдық өнерлі ардагерлеріміз өнерімен ғана емес, жасымен де өзгелерінен оқ бойы озық тұрды. Белсенді өмірмен бірге өнерлерін өрістетіп жүрген қарияларымыз аспаптық орындау, хореография, вокалдық өнер, көркемсөз оқу сынды бірнеше номинация бойынша сынға түсті. Жамбылдық өнерпаздар аталған бөлімдердің барлығына дерлік үлкен дайындықпен келіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты.
Өмір мен өнерін ұштастыра білген өнегелі ардагерлеріміз ә дегеннен-ақ жұрттың ыстық ықыласынан бөлек, қазылардың назарына ілігеді. Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін екі тілде орындаған қариялардан құралған квартет жүлделі І орынды иеленіп, Румыния мемлекетінде өтетін алдағы байқауға жолдама ұтып алды. Ал «Алтын жас» бишілер тобының орындауындағы вальс көпшіліктің көңілінен шығып, өнерпаздар II орынды еншіледі.
Сондай-ақ сегіз қырлы, бір сырлы азамат Сыдықназар Қаржаубай «Шалқымалы», «Дүние-ай» әндерімен тыңдарман қауымды тәнті етсе, Аманқұл Искаков «Қара жорға» биін жеке билеп, өзбек ұлтының «Андижан» полкасын орындауда шеберлік танытты. Аманқұл ағамыздың бұдан бөлек домбыраның құлағында ойнап, хор құрамында ән шырқауы, жұптық вальсте өзіндік өнер көрсетуі байқауға қатысушы тараздық топтың да мерейін үстем етті. Осылайша өнерпаз ардагерлер жиылған жұрттың таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді. Көргенінен түйгені мол жамбылдық қариялардың өнері қазылар тарапынан да лайықты бағаланды.
Осы ретте байқауға қатысушылардың сахналық шеберлігі де назардан тыс қалмады. «Ғұмыр-Дария» ұлттық-аспап ансамблі мен «Әулиеата» ардагерлер ансамблінің өнері мен сахналық образдары жоғары бағаланып, жүлделі орындардан көрінді. Поэзия бөлімінде Марат Байдалиев, Ханымкүл Бесінбай және Зәуре Жұмабаева көркемсөз оқудың үздік үлгісін көрсетті. Айтулы шара соңында жүлделі орындардан көрінген қатысушылар алдағы уақытта Түркия, Румыния елдерінде өтетін өнер додаларына жолдама алса, басқа өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанат Әлімқұлова,
«Белсенді ұзақ өмір орталығының» қазақ тілі нұсқаушысы