Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Телефонға телмірген қоғам

Телефонға телмірген қоғам
Ашық дереккөз
Технология дәуірі деген осы шығар, бүгінде электронды құралдар өмірімізге дендеп енді. Смартфон, ноутбуктарсыз өмірімізді елестете алмайтын болдық. Дамыған заманның техникасын қолдану барысында олардың пайдалы жағымен бірге зиянды, қауіпті екені де жиі айтылып жүр. Бүгін әр техниканы жеке сараламай, бір ғана смартфонға, яғни ұялы телефонға тоқталып көрейікші.

Бұл күнде жастың да, жасамыстың да қолында телефон. Бар тірлігімізді бір алақанға сыйып кететін кішкентай құралдың көмегінсіз шеше алмайтын болдық. Шынын айту керек, оның ішінде керектінің бәрі бар. Мәселен сағат, күнтізбе, оятқыш, есептегіш, суреттер мен бейнебаянға түсіру, есте сақтау, қажетті өлеңді немесе мәліметті жазып алып, сақтап қою, ән тыңдау, кинофильмдер көру, интернет байланысына шығу, тағысын тағы. Санай берсең таусылмайды. Бар шаруамызды да табанымыздан таусылмай, осының көмегімен бітіреміз. Ал әлеуметтік желілердің өзі бір төбе. Смартфон – бауыр басып қалған бір дос-бауырың іспетті. Бірер сағатқа көз жазып қалсаң, іздей бастайсың. Әлемде не жаңалық болып жатыр екен деп үңіле кетесің. Оған үңілгенде жаныңдағы тірлігің де жайына қалады. Телефонға телміру – жаңа заманның жаңа бір дертіне айналып барады. Адам психологиясына әсерін айтпағанда, уақытыңды да текке өткізудің бірден-бір себепкері. Сондай-ақ көп ісіңе кедергі келтіруі мүмкін. Мұны ойлап тапқандар әуел баста оны адамдардың игілігі, байланыстың тиімділігі үшін шығарған ғой.

Бірақ...Бұрын ұялы телефондарды тек қалталы азаматтардан көретін болсақ, қазіргі күні кішкентай баланың қолынан түспейтін ойыншыққа айналған. Оны қоя беріп, алыстағы ауылдардың өзінде «соткасыз» үй жоқ. Ал енді екінің бірінің қолында, қалтасында, жамбасында, төсқалтасында жүретін осы «сотканың» зиян екеніне қазір ешкім аса назар аудармайтын болғандай.Бірнеше жыл бұрын «Балалар мен аяғы ауыр әйелдерге шамадан тыс телефонды көп қарау оларға орасан зор зиянын тигізеді» деп Ресейдің құзырлы органдарының дабыл қаққаны бар.Телефонға телміріп бос кеткен уақыттан бөлек, оның денсаулыққа зардабы өте көп. Алайда адамдар оны түсіне бермейді немесе елемеуге тырысады. Бұл мәселе жайлы әртүрлі пікірлер мен ойларды жиі естіп жатамыз. Ұялы телефон – сыртқы әлеммен байланыс құралы. Сондықтан да тек әкеліп жатқан оң және теріс әсерін ғана емес, оған қоса қалай дұрыс, қандай уақыт аралығында пайдалану керектігін білу қажет.

Айта берсең алақандай ұялы телефонның зардабы таусылмайды. Одан келетін зиянның бірі – иммундық жүйенің зардап шегуі. Нақтылап өтсек, байланыс құрылғысы шығаратын зиянды электромагниттік өрістердің әсерінен дененің иммундық жүйесі зақымдалады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ағзаның ауруларға және басқа да зиянды сыртқы әсерлерге төзімділігін төмендетуі мүмкін. Әлем ғалымдары да аталмыш гаджеттің адам ағзасына зияны көп екенін дәлелдеп отыр. Ғалымдардың айтуынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамның глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаятын көрінеді. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелері жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер етеді. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің де асқынуының негізгі себепкері де осы сымсыз телефон екен.Гаджеттерге тәуелділікпен күресудің шешімін табу – өте қиын міндет. Бір минут ішінде көптеген ақпарат алу, достарыңызбен сөйлесу және фотосуреттеріңізбен бөлісу мүмкіндігі – қазіргі заманға қажет нәрсе. Ғалымдар ұялы телефонның адам миына кері әсерін тәжірибе арқылы дәлелдеді. Сондай-ақ ұялы телефонның адамның көру қабілетіне теріс әсерін атап өту керек. Сонымен қатар жүргізушілердің көлік құралын басқаруы кезінде ұялы телефон қолдануы апаттарға әкеп соқтырады. 

Сымбат Қуаныш,
Ш.Смаханұлы атындағы 
орта мектептің түлегі,
Талас ауданы,
С.Шәкіров ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар