Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өрт сөндіру көлігін өжет адамдар жүргізеді

Өрт сөндіру көлігін өжет адамдар жүргізеді
Ашық дереккөз
Көшеде дабылы жер жара тұсымыздан өтіп бара жататын қызыл түсті алып көлік көз алдымыздан өтсе, бірден бір жерде өрт болып жатыр деп ойлайсыз. Өртсөндірушілердің көлігі – басқаруы ең қиын техниканың бірі. Олай болатыны – тым үлкендігіне байланысты ғана емес, себебі оның арқасындағы автоцистернада көп мөлшерде су бар.

Әдетте цистерналы көліктер баяу қозғалады. Мен өрт көлігін жүргізушімін. Осы қызметте жүргеніме он жылдан асты. Өрт сөндіру көлігін бензин, май, цемент тасушылар қауіпсіздік сақтау үшін және бір жағына ауып кетпеу үшін барынша абайлап, ақырын қозғалтуға мәжбүрміз. Және  осы арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Ал өртсөндірушілерде ондай мүмкіндік болмайды. Цистернаның ішінде ең кем дегенде 5 тонна су болатынын ескерсек, одан бөлек қаншама құрал-сайман мен өрт сөндіру бригадасының бірнеше мүшесі отыратынын есепке алсақ, бұл дегеніңіз нағыз қауіпті сапар, қатерлі жүріс.

Жүргізуші маневр жасаған сайын көлік шайқалады, көлік шайқалған сайын су шайқалады, бұл өз кезегінде өрт сөндіру көлігінің тепе-теңдігін бұзып алуына әкелуі мүмкін. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөз бар, егер өрт сөндіру көлігі аударылып қалса, одан тек өрт сөндіру бригадасы ғана емес, оларды екі көзі төрт болып асыға күтіп отырған  аймақ та зардап шегеді. Өйткені өрт күшейіп барады, ал көмекке келе жатқан топ орта жолда өздері дәрменсіз күйге түскен.

Ал өртсөндірушілердің басты міндеті – оқиға орнына тез жетіп, жағдайды тұрақтандыру. Олар келмесе, тек өрт болып жатқан ғимарат қана емес, оның айналасы орасан зор шығынға батуы мүмкін. Өрт тарайды немесе өздігінен өрт сөндіремін деп жүрген қарапайым азаматтар жазым болуы да ғажап емес. Сол себепті өртсөндірушілер мен өртке ұшырағандардың тағдыры көп жағдайда осы алып көліктің жүргізушісіне байланысты. Сондықтан мен өз жұмысыммен мақтанамын. Біздің шеберлігіміз көп нәрсені шешеді.

Жалпы өрт сөндіру көлігінің аударылып қалуы сирек кездесетін жағдай. Себебі оның жүргізушілерін іріктеу арқылы қабылдайды және олар ылғи жаттығу жасап отырады. Себебі қай кезде де сақадай сай, жорыққа дайын болуы керек. Өрт туралы хабарлама келіп түскен сәттен бастап,  минут ішінде жол үстінде кетіп бара жататын көлік жүргізушісі бір сәтке де қырағылығын жоғалтпауы тиіс. Оған қауіпті маневр жасауға рұқсат етілмейді, ол бар болғаны жол сұрауы, абайлап қана айналып өтуі мүмкін, бірақ жолсызға түсіп, қауіпті жол бөліктерімен жүру қауіпті. Не істемек керек, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», діттеген жерге жетуге тырысады. Ал сәл ғана қателік үлкен трагедияға ұрындыруы ықтимал.

Оның себебін жоғарыда айттық.Бұрыннан қалыптасқан дәстүрмен өртсөндірушілер арасында түрлі жарыстар өтіп тұрады. Олардың да өз араларында жеңімпаздар, тіпті әлем чемпиондары бар. Бұл тура қызыл жалынның ішіне кіретін жауынгерлердің арасындағы жарыс. Көлік жүргізушілері арасында да арнайы сайыстар өтіп тұрады. Осының өзі-ақ көлік жүргізушісі мамандығының қаншалықты маңызға ие екенін көрсетсе керек.

Өртсөндіруші көлігінің жүргізушілері «тілсіз жау» шарпыған қауіпті аймаққа барған соң суы 5-ақ минутта таусылады. Соншалық қысыммен үрлегенде 5-10-25 тонна су қас қағым сәтте азаяды. Көлік жүргізушісі  сол сәтте  ең жақын су көздеріне қарай асығады. Ол жаққа барған соң кері қайту керек, әр аттаған қадам қауіпті. Ол осылай бір сапарда бірнеше мәрте барып-келуге мәжбүр болуы мүмкін. Одан бөлек өрттің бәрі тек тегіс жерде бола бермейді және өрт аймағына ең жақын, ең оңтайлы қашықтықты табу да оңай болмайтын жағдайлар ұшырасады.

Мен тек біздің жұмыстың барысына тоқталдым.Ерекше қиын өрттерде іске қосылатын ең үлкен көліктердің салмағы 40 тоннаға дейін жетеді, ол бір орында тұрса, асфальтталған жолдың өзін отырғызып жібереді. Ал ондай салмақтағы көлікті жүргізудің өзі қандай қиын болатыны айтпаса да түсінікті.Сондай кездерде де көлік жүргізушілерінің шеберлігі сынға түседі. Өрт оқиғасы орын алғанда жылдамдықпен оқиға орнына лезде жету – бізге парыз. Мен өз парызымды адал атқарудамын.

Заңғар Қырғызбаев, 
№1 мамандандырылған 
өрт сөндіру бөлімінің 
көлік жүргізушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар