Жас ұрпақты өнерге баулу, домбыра, айтысқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған әдеби-сазды кешке келген қонақтарды алдымен мекеме басшысы Ахметжан Өзбеков маңызды мерекемен құттықтады.Іс-шараны оқушылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауының, «Ақындық адалдықты жырлайды» атты облыстық айтыстың I орын иегері Айсұлу Жүнісбек «Дей салдым-ай» халық әнімен және «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы» термесімен ашты. Мұнан кейін «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысының I орын иегері, жас ақын Інжу Жаңабай Мэлс Өзбековтің «Келші, айым» әнін орындап, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты.
«Өрлеу» ән-саз студиясының тәрбиеленушілері Мансұр Алишев «Молдабай» әнін, Даниал Сұлтанхан «Көкшолақ» әнін нақышына келтіріп шырқаса, ІІІ Халықаралық «ART-BAYTEREK» өнер мен білім байқауының жеңімпазы Әлмерек Қыдырбай «Алаш аманаты», «Әлқисса» күйлерін шертіп, көрерменнің көңілін көтерді.Кеш қонағы Аяна Ким Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Іс-шара барысында айтыскер ақын, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы мен айтыскер ақын Аят Бәтей Астана тақырыбында сөз додасына түсті.
Мерекелік кешке белсене қатысқан барлық қатысушы алғыс хатпен марапатталды.
Фариза Кенжебаева,
облыстық айтыскер ақын,
жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі