Облыс аумағында қолжетімді және шомылуға жарамды 117-ден астам суайдын бар. Статистика көрсеткендей, суға тұншығумен байланысты оқыс оқиғалар көп жағдайда адамның өз кінәсінен, өз күштері мен мүмкіндіктерін бағалай алмауынан болады. Сонымен қатар судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан келеңсіз жағдайлар орын алуда. Қаза тапқандардың басым көпшілігі 19 жастан 45 жасқа дейінгі еңбекке жарамды азаматтар.
Шомылуға рұқсат етілген 13 учаскеде 7 коммуналдық және 5 жеке жағажай бар. 7 жағажайда суайдынның түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 5 құтқарушы-жасақ оқытылды. Жаппай демалуға арналған 13 орын бар. Нақтылап айтсақ, Тараз қаласында 2, Жамбыл ауданында 1, Жуалыда 2, Қордайда 2, Сарысуда 1, Таласта 2, Шу өңірінде
3 демалуға ыңғайлы орын бар.
– Департамент тарапынан күн сайын сағат 13:00-ден 19:00-ге дейінгі уақыт аралығында шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандарда, каналдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үкіметтік және аумақтық деңгейдегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия мен облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысы барысында қаралды.
Оның қорытындысымен суайдындарда адам өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар кешені әзірленді. Суға түсуге әрекет ету салдарынан адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында кең ауқымды алдын алу шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 38 баннер және 40 000 жадынама сатып алынды. 496 ескерту және тыйым салу белгісі, 28 көрнекі стенд орнатылды. 1 маусымнан бастап жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі және волонтерлік ұйымдармен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілді, – деді Думан Бейбітұлы.
Сондай-ақ шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың суда жаппай демалу орындарында бірлескен рейдтер өткізу кезінде 603 бұзушылық анықталыпты. Және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 216 азамат, 440-бап (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас болып жүру) негізінде 360 адам жауапкершілікке тартылыпты.
Э.Тілеубердіқызы