Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мал дәрігері – маңызды мамандық

Мал дәрігері –  маңызды мамандық
Ашық дереккөз
Адам емдейтін дәрігер бізге қандай қажет болса, мал дәрігері де тап солай ауылшаруашылығы саласына аса қажетті мамандық. Әсіресе ғасырлар бойы атакәсіптен қол үзбеген қазақ халқы үшін бұл мамандық өте қадірлі. Өйткені ауыл халқы үшін төрт түлік адамның күш-қуаты болып саналады.

Ертеден-ақ ата-бабамыз төрт түлікке «мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – сусын, сатсаң –ақша» деп баға берген. Одан бөлек малдың тері-терсегін, жүн-жұрқасын өңдеу арқылы киім, бұйым үшін әжетке жарата білген. Ал қазіргі осы ауылшаруашылық жануарларынан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни сапалы ет және ет өнімін, сүт және сүт өнімін өндіру ветеринария саласының қалтқысыз қызметіне байланысты болып отыр. Сонымен қатар эпизоотиялық жағдайларды қалыптастыру, халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізу және жануарларға ветеринарлық паспорт беру, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою қазіргі уақытта да ең өзекті мәселенің бірі ретінде қарастырылады.

Еліміз егемендік алғалы, яғни 2002 жылғы 10 шілдеде «Ветеринария туралы» заң қабылданып, мал дәрігерлердің жұмысы жандана түсті. Жоспарлы түрде әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе егумен қатар, сарып ауруына қарсы зертхана арқылы зерттеу жұмыстарын жылына екі рет жүргізу өз нәтижесін беруде. Бұл жоғарыда біз сөз еткен эпизоотиялық жағдайды тұрақтандырудың алғышарты.
Жалпы қай кезде  болсын сарып, аусыл, Сібір жарасы секілді басқа да кеселден төрт түлікті аман сақтау, халықтың денсаулығына зиян тигізбеу маңызды мәселе. Бұл тұрғыда мал дәрігерлердің атқарар еңбегі айрықша. Сондықтан да осы істің басы-қасында жүретін білікті мал дәрігерлері жеткілікті болуы шарт және ветеринария саласында кадр үздіксіз даярлануы керек.

Мал дәрігерлерін дайындау үрдісі, әдіс-тәсілі заман талабына сай жаңарып, оқыту орындарының материалдық-техникалық базасы да нығайып отыруы  керек.Өзіміздің облыста ветеринариялық фельдшерлер мен мал дәрігерлерін дайындайтын оқу орындарының болуы көңіл қуантады. Себебі осы арқылы маман тапшылығын шешу мәселесі тиімді орындалуда. Тіпті студенттер де мал дәрігердің жұмысымен танысу үшін оқу орындары практикалық жұмысты арттырып, жастар  жағдайды өз көздерімен көріп, білімдерін жетілдіруде. Енді бір мақсат – өндірістік тәжірибеге ие мамандар ғалымдармен байланыста болып, ауруға қарсы және ауырған малды емдеуде көптеген жаңалық ашса,  нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қазіргі таңда малды асылдандырудан бастап, емдеу, шаруашылықты өркендету ісінде ғылым жетістіктерін қолдану өте маңызды болып отыр.

Бұл – заман талабы.Қазіргі уақытта ауылшаруашылық жануарларынан алынатын ет, сүт өнімдерін сақтап, өндіретін кешендер  жыл санап көбеюде. Дегенмен шаруашылық иелері мал дәрігерлерімен тығыз байланыста болып, зоогигиеналық, бірдейлендіру, әрбір егу жұмыстарына немқұрайдылық танытпаса, сондай-ақ сырттан келген ауылшаруашылық жануарларын оқшаулап, мал дәрігерін хабардар ете білсе, әртүрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға атсалысқан болар еді. Мал саны көбейген сайын ол жануарларға екпе салу, сарыпты анықтау үшін қан сынамасын алып, уақытылы зертханаға жеткізу үшін автотранспорттың атқарар рөлі де ерекше. Осы ретте оны жаңартып тұру маңызды мәселе. 

Бұл тұрғыда айта кетер бір жайт, ауданда сала мамандары арнаулы киімдермен қамтылып, барлық округтерде ветеринариялық пункттер үздіксіз, тұрақты жұмыс істеп жатыр. Заман талабына сай компьютермен жабдықталған. Халқымыздың дастарқанына сапалы мал өнімдерін жеткізуде мал дәрігерлерінің еткен еңбегі ерекше. Осы еңбекті ел басшылары да елеп, 10 шілде Мал дәрігерлері күні болып белгіленді. Бұл сала қызметкерлерінің кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатып, айрықша көңіл күй сыйлағандай болды.Құрметті мал дәрігерлері, еңбектеріңіз еленген мереке күні құтты болсын! Денсаулықтарыңыз мықты болып, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қоса беріңіздер. Ел іргесі бекем, мал-жан ауру-сырқаудан аман болсын!

Төрехан Қойлыбаев,
аудандық ветеринария 
бөлімінің басшысы, 
Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар