Бүгінде малға анықтама алудың талабы қатайтылған. Төрт түліктің кез келгенінің, тіпті ит пен құсқа дейін ветеринарлық паспорты бар. Одан бөлек иелігіңдегі малдың ауру-сырқаудан амандығы, қай кезде қандай ауруға қарсы екпе алғаны жөнінде ветеринарлық тексеру нәтижелері болады. Қолдағы мал бір елді мекеннен екіншісіне жөнелтілгенде немесе сауда-саттық арқылы базарға шығарылғанда сол ауылдық округ аумағындағы эпизоотиялық ахуал бірінші кезекте назарға алынады.Мал иесі алдын ала сұрату бойынша ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы өзінің малының түр-сипаты, ахуалы туралы мәліметтер негізінде дайындалған ветеринарлық құжатты талап еткен тарапқа көрсете алады.
Бұл әркімнің қолындағы төрт түлігі мен үй жануарлары мемлекеттің бақылауында тұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл малдың қозғалысына бақылау жүргізу мақсатында төрт түліктің сырғалау, таңбалау арқылы бірдейлендіріліп жатқанын айғақтайды. Қазіргі таңда осындай жұмыстармен қатар, малға аса қауіпті ауруларға қарсы екпе егу, қан сынамасын алу, мал иесінің жауапкершілігін арттыру, халықаралық стандарттарды енгізе отырып, жұртшылықтың ветеринариялық қызметке деген сенімін ұлғайту басты жолға қойылған.
Сондай-ақ малшаруашылығында ет және ет өнімі, сүт және сүт өнімі секілді басқа да өнімдердің қауіпсіздігін, сапасын арттыруға баса мән берілуде. Мұндай жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылуына тәуелсіздік жылдарында салаға енгізілген елеулі өзгерістер мен реформалар түрткі болғанын айта кетуіміз керек. Оның ішінде 2021 жылғы 5 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын атап өтуге болады. Соның арқасында өңірде аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шаралар тиісті деңгейде атқарылуда.
Мәселен, Жамбыл ауданының ветеринария бөлімі де аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты жүйелі ұйымдастыруда. Ауданда бес ай ішінде аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары бойынша 2 308 650 манипуляция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. 881 400 манипуляцияның 666 410-ы орындалса, аудан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген.
Сарып ауруын анықтау мақсатында жылдық жоспар бойынша 552 506 манипуляция, меже сәтімен орындалып, ауылшаруашылық жануарларынан қан сынамасы алынып, серологиялық-диагностикалық тексерулер жүргізілген. 83 533 ауылшаруашылық жануары бірдейлендіріліпті. Мемлекеттік қызметтер бойынша тұрғындарға 1 594 ветеринариялық анықтама берілген. Оның ішінде 1 302 ветеринариялық анықтаманы жеке тұлғалар, 292-сін заңды тұлғалар алған.
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында ит аулау жұмыстары жүргізіліп, осы жылы 817 иесіз ит-мысық ауланыпты.Жамбыл ауданының аумағында 17 ауылдық округ, 42 елді мекен бар болса, Өрнек ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Округ орталығы – Өрнек ауылында 420 түтін, 2 479 адам тұрады. Ал Жұма стансасында 50 үй, 303 тұрғын бар.
– Осы екі елді мекенде барлығы 140 шаруа қожалығы тіркелсе, округ бойынша тұрғындар 16 931 уақ мал, 2 143 мүйізді ірі қара, 1 374 жылқы, 1 865 үй құсын ұстайды.«Ауыл аманаты» жобасына енген Өрнек ауылдық округінің ірі қара малын асылдандыру мақсатында былтыр Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арқылы 200 ірі қара үшін «Симментал» тұқымдарының ұрықтары алынып, қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілген болатын.
Биыл тиісті төл ойдағыдай алынып, малды асылдандыру жұмыстары сәтті жүргізілуде. Аталған жоба аясында Өрнек ауылдық округінде малшаруашылық бағытында 89 түтін 366 миллион 259 мың теңге көлемінде несие алды. Оның ішінде тіркелген мал саны – 2 330.
Атап айтқанда, тіркелген мал санын 1 988 уақ мал, 267 жылқы, 75 сиыр құрайды.
2024 жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес толығымен орындалуда. Округтегі төрт түліктің амандығы, округ аумағында эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық жұмыстардың сапалы орындалуы ауылдағы осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан, бай тәжірибесі бар мал дәрігерлерінің арқасы.
Бүгінде еліміз малшаруашылығы өнімдерін өндіру мен оны шетелге экспорттауда дамыған мемлекеттермен иық түйістіре алатын дәрежеге көтерілді. Мысалы, жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Осындай маңызды құжаттардың қатарында Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына союға экспортталатын тірі ірі қара малға қойылатын ветеринариялық талаптар мен жануарлардың денсаулығын қорғау туралы хаттама да бар. Бұл алдағы уақытта екі ел арасындағы ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, біздің экспорттық әлеуетімізді, өнім өндіруде халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.Осындай маңызды миссиялардың орындалуы мен малшаруашылығы секторының қарышты дамуында өз жұмысын сапалы деңгейде орындап жүрген әрбір ветеринар маманның үлесі бар деп білемін, – дейді ауылдық округ әкімі Өмірбек Ботаев.
Қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес аудан аумағында жануарларды есепке алу жұмыстары «ТАҢБА» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетіні белгілі. Жыл басынан «Жамбыл – 109» диспетчерлік орталығына иесіз жануарларды аулау бойынша түскен хабарламаларға сәйкес 11 316 қаңғыбас ит ауланса, оның ішінде бұл жұмыстар Өрнек ауылында да жүргізілуде. Үй жануарлары иелерінің өтініштері негізінде электронды паспорт ашылып, ақпараттық жүйемен тіркеу жұмыстары өз деңгейінде жүзеге асырылып жатса керек. Сонымен қатар тұрғындардың қолындағы 450 ит үшін іш құрт кеселіне қарсы дәрі-дәрмек таратылып беріліпті.
Жамбыл ауданы бойынша 3 мал сою алаңы бар болса, оның бірі осы Өрнек ауылдық округінде. Конго-Қырым қанды қызбасының табиғи ошағы ретінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі осы ауылдық округте де дер шағында атқарылған. Жалпы аудан бойынша ауылдық округтерде 120 ветеринар маман жұмыс атқарады екен. Ветеринарлардың 53-і жоғары, 39-ы орта кәсіптік, 28-і орта білімді қызметкерлер. Оның ішінде аталған ауылдық округте 4 мал дәрігері болса, оның бірі – Бақытжан Мешітбаев. Ол ауылдық округтегі ветеринариялық пункттің аға мал дәрігері болып еңбек етеді.
– Өрнек ауылдық округінің ауылшаруашылығы саласындағы төрт түлігіне эпизоотиялық, диагностикалық іс-шаралар мен басқа да жұмыстар биыл да тиісті деңгейде атқарылуда. Мысалы, аусыл ауруына қарсы осы уақытқа дейін 1 350 мүйізді ірі қара малына вакцина егілді. Сібір жарасы бойынша – 1 750, қарасан ауруының алдын алуда 800 сиырға екпе салынды. Сарыпқа қарсы тексеру сынамалары 950 мүйізді ірі қарадан алынып, ешқандай ауру белгілері анықталған жоқ. Бұзаулаған сиырлар уақытылы күтімге алынып, мүйізді ірі қара төлінің 400-і сырғаланды. Аусыл ауруына қарсы 8 500 уақ малға вакцина салынды. Сібір жарасы бойынша 11 000 уақ мал вакцинамен қамтылды. Сарыпқа қарсы тексеру сынамалары 6 800 қой-ешкіден алынса, кесел бойынша ешқандай белгі анықталған жоқ. 400 қозы-лаққа сырға салынды. Сібір жарасына қарсы 700 жылқыға екпе егілсе, құс тұмауына қарсы 1 800 үй құсы вакцинацияланды, – дейді ол.
Бақытжан Сабыралыұлы 1969 жылы осы ауылда дүниеге келіпті. 1986 жылы Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан» ауылшаруашылығы техникумында оқып, зооветеринария мамандығын алып шыққан. Оқудан кейін екі жыл Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп, елге оралған.Оның алғашқы еңбек өтілі 1991 жылы басталыпты. Ол кезде Өрнек ауылы Крупская ұжымшары деп аталса, Б.Мешітбаев содан бері осы салада табан аудармай 33 жыл бойы еңбек етіп келеді.
Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде 5 немере сүйіп отырған кейіпкеріміз ветеринар маманы қалада да, ауылда да жоғары сұранысқа ие екенін айтады. Ол өз жұмысын асқан ықыласпен орындау адамды бақытқа жетелесе, тұрғындардың малын емдеу арқылы алғысын алу кеудеге мақтаныш сезімін ұялататынын айтады.
Нұрым Сырғабаев
Мал дәрігері – маңызды мамандық
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024