Президент аталған Жолдауында: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді.Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс.Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары.
Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», – деп атап көрсетті.Осы тапсырмалардың аясында ветеринария саласына көп көңіл бөлініп, ауылдық жерлердегі ветеринария мамандарының жалақылары біршама өсті, әлеуметтік қолдау шаралары да басқа мамандарға теңестірілді.Жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы бері ветеринария саласында да көптеген жетістікке қол жеткізілді. Ең бастысы, ветеринария саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 2002 жылы 10 шілдеде қабылдануы ерекше сипатқа ие болды.
Аталған заңның аясында осыған дейін жеке кәсіпкерлерден құрылған ветеринариялық қызметтің 2010 жылы мемлекеттік ветеринариялық кәсіпорындар болып құрылуы да бұл салаға оң серпін берді. 2010 жылы облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасында ветеринария бөлімі құрылған болатын. Ал 2016 жылы облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы өз алдына бөлек құрылып, біздің мекеме сол кезден бастап аймақтағы ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысуда.
2012 жылы республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, аудандардағы құрылған ветеринариялық кәсіпорындардың материалдық-техникалық қажеттілігі толық қамтамасыз етілген болатын. Тарқата айтқанда, облыс аумағындағы 160 ветеринариялық пункт 160 «Нива» автокөлігімен, 11 дана дезинфекциялауға арналған (ДУК) автокөліктермен, мал өлекселерін өртейтін 20инсенераторлармен, ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге және мал емдеуге қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілді.Мал дәрігерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында аудандардағы ветеринариялық бөлімдер мен ветеринариялық пункттер аудан әкімдіктері тарапынан қызметтік ғимараттармен толық дерлік жабдықталды.
Осы жылдың басынан бері ветеринариялық қызметтің бірыңғай вертикалын құру мақсатында аудандардың және Тараз қаласының 11 ветеринариялық стансасы біріктіріліп, ветеринария басқармасына бағынысты мекеме ретінде қайта құрылды. Қазіргі таңда аталған ветеринариялық стансалардың ауылдық жерлердегі 160 ветеринариялық пунктінде 1300-ден аса адам жемісті жұмыс істеп жатыр.Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулардың, оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» сынды бағдарламалар аясында ауылдық жерлердегі ветеринариялық ұйымдар білікті, жоғары және орта кәсіптік білімді мал дәрігері мамандарымен толыға түсті.
Қазіргі таңда бұл салада алаңдатарлықтай кадр тапшылығы жоқ десек те болады. Соңғы жылдың өзінде ауылдық жерлерге 27 жас маман жұмысқа қабылданды. Облыстық ветеринариялық станса аудандардағы бөлімдер арқылы өз құзыреті шегінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруға қарсы профилактикалық және 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шаралар жүргізуде.
Өңірдің ветеринариялық қызметі адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі функцияларды орындайды. Мәселен, тамақ өнімдерінің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оның тиімді жұмысының арқасында аса қауіпті аурулардың өршуі жоқ. Ветеринария басқармасы мен облыстық ветеринариялық станса тарапынан тұрғындар мен шаруалар арасында малды зоотехникалық нормаларға сәйкес азықтандыру, күтіп ұстау, мал қораларды уақытында залалсыздандыру туралы түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады.Облыс аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар өз деңгейінде орындалуда.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы адамдар мен жануарлар арасында жануарлардың аса қауіпті аурулары тіркелген жоқ.Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы №258 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні болып белгіленді.Республикамызда бірінші рет атап өтілетін төл мерекемізбен облыс аумағындағы ветеринария саласында қызмет атқарып жатқан барлық әріптестерімді құттықтаймын! Сала мамандарының аумақтағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан қызметтеріне толайым табыс тілеймін!
Нұржас Құрмантаев,
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы