Армия спортшылары Парижге жиырма олимпиадалық лицензия ұтып алды
- author AR-AY
- 9 шілде, 2024
- 138
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының саңлақтары байрақты додада спорттың он түрі бойынша бәсекеге түседі.
Олимпиадада бокстан лейтенант Сәкен Бибосынов, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Мұхамедсабыр Базарбайұлы және Қарулы күштердің қызметшісі Махмұд Сабырхан, грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали, қатардағы жауынгер Әлімхан Сыздықов, Қарулы күштердің қызметшілері Демеу Жабраев пен Нұрсұлтан Тұрсынов, спорттық гимнастикадан – ҚК қызметшілері Нариман Құрбанов, заманауи бессайыстан – ҚК қызметшісі Елена Потапенко, оқ атудан – кіші сержант Әсем Орынбай және ҚК қызметшісі Ислам Сәтбаев, тхэквондодан – ҚК қызметшілері Сомирхон Абабакиров және Батырхан Төлеуғали, спорттық альпинизм бойынша – ҚК қызметшісі Әмір Маймұратов, бадминтоннан – ҚК қызметшісі Дмитрий Панарин, дзюдодан – аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев, қатардағы жауынгерлер Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар және ҚК қызметшісі Кәмила Берліқаш, байдарка есуден – ҚК қызметшісі Сергей Токарницкий жарыстарда бақтарын сынайды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына әскер спортшылары 8 лицензия алса, 2021 жылы Токиода – 18, ал 2024 жылы Парижге – 20 лицензия жеңіп алды.
– Әскер спортшылары іріктеу жарыстарында барынша жақсы нәтиже көрсетті. Дайындық деңгейлерінің бәсекелі болғанын алған лицензиялар растайды. Париждегі Олимпиадада үздік танылу үшін мықты нәтижелер көрсетеді деп сенеміз, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов.
Бүгінгі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубында 20-ға жуық спорт түрі кең дамып келеді. 180-нен аса армиялық саңлақ түрлі спорттан ұлттық құраманың мүшелері. 2024 жылдың басынан бері армия қоржынында 204 медаль бар: оның – 91-і алтын, 52-сі күміс және 61-і қола.