Мәселен жуырда әлеуметтік желіде мешітте намаз оқып тұрған ер адамды соққыға жыққан тұрғынның видеосы тарады. Онда Шымкентте өзге мәзһабта намаз оқыған ер адамның соққыға жығылғандығы көрсетілген. Оқиға қаладағы Абдуссаттар Сманов мешітінде орын алған. Видеодан мешітте намаз оқып жатқан жамағатты көруге болады.
Бір сәтте ер адам күтпеген жерден қасында тұрған азаматты ұрып құлатып, аяғымен тепкілей бастайды.Құқықбұзушылық орын алған мешіттің имамы бұл оқиғаның мән-жайын түсіндірді. «Өзге өңірден келген 10-15 шақты азаматқа намаз алдында имам бірнеше рет ескерту жасаған. Бізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен ішкі тәртіп бойынша бүкіл ел аумағындағы Ханафи мәзһабында «әмин» іштен айтылады деп ескертілді. Және де осы ескертуге құлақ аспастан бірнеше рет намазды бұзуға тырысып, имамның жұмысына кедергі жасаған азаматқа шыдай алмаған жамағатымыз қатты эмоцияға беріліп, оған қол жұмсап жіберді», – деді Абдуссаттар Сманов мешітінің имамы Берік Шотабеков.
Жалпы ереже Алланың үйінде ғана емес, өзіміз тұрып, тіршілік атқаратын өз шаңырағымызда да бар дүние. Баспананы таза ұстау, отбасында бүлік шығармау, дұрыс киініп жүру, ата-анаға бағыну, бауырларға көмектесу, дастарқан басында өнегелі әңгіме айту секілді қарапайым ереже отбасының құндылығын арттыратыны сөзсіз. Мешітте де солай, яғни ғибадат үйінің ішінде жүргенде сақталуы керек ережелер бар. Оны мешіт әдебі деп атаймыз. Құранда Ағраф сүресінің 31-аятында: «Уа, адам балалары! Әрдайым мешітке кірген сайын әшекейлеріңді тағыңдар (әурет жерлеріңді жабатын киімдеріңді киіңдер)», – деген.
Яғни мешітке әурет жерлерді жабатын киімдер киіп бару қажет. Мешітке оң аяқпен кіру керек. Мешітке кірген соң 2 рәкаттық «Мешітпен сәлемдесу» намазы оқылады. Бұл намаздың үкімі сүннет болып табылады. Оның тысында мешітте қатты дауыспен сөйлеуге, дауласуға, қарқылдап күлуге, сауда жасауға болмайды. Себебі мешіт құлшылық орны. Осы орайда Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев мешіттегі намаз оқу тәртібі, мешіт ережесі туралы әңгімелеп берді. – Мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу керек. Адамдар намаз оқып жатқанда оларға кедергі келтірмеген жөн. Сондай-ақ жағымсыз иіс шығып тұратындықтан мешітке келердің алдында сарымсақ, пияз жемеген дұрыс деген секілді арнайы ережелер көп. Асылында, жамағатпен оқылған намазда әр адам сол мешіт имамына ұюы керек.
Өйткені ислам ғұламалары намаз оқушы адам дінге жаңалық енгізуші немесе анық пасық екені белгілі болса ғана имамға ұйымауына болады дейді. Ал егер пасық емес, жай бірнәрседен байқаусызда қате жіберсе, артынан ұйығаны дұрыс. Бірақ кейде жамағаттың ішінде «ой, имам қате оқыды, бүйтті-сөйтті» деп жататын жандар кездеседі. Егер қате оқып жатса, оған өзі жауап береді. Жамағаттың міндеті – имамға ұю. Көпшілік болған соң кейде әдепсіздік танытып, ережеге бағынбай қалатын адамдар кездеседі. Оған біз арнайы насихат айтып немесе мешіттегі уағыздар арқылы тәрбиеге шақырып, түсіндіріп жатамыз, –дейді Ержан Аманбаев.
Діни басқарманың жалпы мешіттерге бекіткен ережесі бар екенін жоғарыда айттық. Онда мешітке қалай келу керек, өзін қалай ұстау керек деген секілді көп мәселе қамтылған. Бірақ көбіне сол ережелерді сақтамай, мұсылмандарды әдепсіз, көргенсіз етіп көрсететіндер жоқ емес. – Бес уақыт намаз болмаса да жұмадан қалмайтындардың қатарынанмын. Шыны керек, кей замандастарым үшін ұялатын кездер болады. Себебі мешітке кіре сала бір-бірін фотоға түсіріп, қалжыңдар айтып жатады. Намаз басталғанда күліп, жамағаттың ойын бұзады. Немесе кейбір кісілер аңдамай алдынан шығып қалғандарды қағып өтеді. Кейде байқамай қимылдап қалсаң ала көзбен ататындар да бар. Енді көпке топырақ шашпаймын. Бірақ сондайлар кездеседі. Бәлкім, олар мешітке алғаш рет келген шығар. Мешіт әдебін бойына сіңірмеген болар. Қазір қит етсең әлеуметтік желіден бір-ақ шығатын заман ғой. Сондықтан оқыс қылығымыз үшін ислам дініне, мұсылмандарға кесірімізді тигізіп алмайықшы дегім келеді, – дейді қала тұрғыны Асылбек Досханұлы.
Мешітке дүние, атақ ойлап немесе біреумен жанжалдасып, өзгенің абыройын түсіру үшін емес, Аллаға құлшылық жасау үшін бару керек. Рас, кейде мәзһабтар арасында дау туындап, түсініспеушіліктер орын алатынын естіп қалып жатамыз. Дәл солай ел ішінің ала тайдай бүлінуінен кім, не ұтады деген сауал туындайды. Сіз қалай ойлайсыз?
А.Өзбекова