433,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған
- author AR-AY
- 5 шілде, 2024
- 158
Жалпы облыс аумағында 8,1 миллион гектар жайылымдық жер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызын құрайды.Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі 41 елді мекенде жайылым жетіспеушілігі (56,7 мың гектар) байқалады. Байзақ, Жамбыл, Жуалы ауданындағы 11 ауылдық округте жайылым мәселесін (29,7 мың гектар) толығымен шешу мүмкіндігі жоқ.
Себебі аталған аймақтарда халық тығыз, қала маңына жақын орналасқан, жерлердің басым бөлігі егістік жұмыстарын жүргізу үшін қолданылады.– Жайылым жерлерді кеңейту бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, жоспар бекітілді.
Аталған міндеттер орындалған жағдайда жайылым жетіспеушілігі мәселесі шешімін табады, – деп атап өтті басқарма басшысы.Өңірдегі жайылым мәселесін шешу үшін елді мекендерге босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар жер қосылып беріледі.
Сондай-ақ мемлекет қажеттілігі үшін қажетті 36,9 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда. Игерілмеген 88,2 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауылдық округтерге қосып беру көзделіп отыр.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев аудандарда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанына тоқталып, жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару шаралары әлі де ақсап тұрғаны жасырын емес. Салдарынан қарапайым елді мекен тұрғындары қажетті жерді пайдалана алмай отыр. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ауыл әкімдері де жүйелі жұмыс жүргізуі маңызды. Себебі олар ауыл-аймақтағы мәселелерден хабардар, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы басқарма басшысына жайылым жер мәселесін шешу бағытында әзірленген жоспардың орындалуына жүйелі түрде зерделеу жұмыстарын жүргізу міндетін қойды.Кеңес барысында Байзақ, Жамбыл, Жуалы ауданының әкімдері жайылымдық жер мәселесін шешу бағытында атқарылған шаралардың есебін берді.
Сондай-ақ облыстық жер ресурстарын басқару және кірістер департаменттерінің басшылығы баяндама жасады.Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары мен жауапты сала мамандарына өңірдегі жайылымдық жер мәселесін жіті талдап, ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, жыл соңына дейін елді мекендерге қажетті жерлерді мемлекет мұқтажына қайтару тапсырылды.