– Мекеме толықтай заманауи үлгіде жасақталған. Салаға қатысты соңғы құрал-жабдықтармен қамтылған. Атап өтетін болсақ, сыртқы ауласы абаттандырылып, толық жылу жүйесі орнатылған. Мұнда балалар футбол, күрес, волейбол, бокс сынды түрлі үйірмелерге қатыса алады. Ғимарат екі қабаттан тұрады.Жалпы Жамбыл ауданында 142 спорт кешені бар. Тұрғындардың спортпен шұғылдану көрсеткіші 40,5 пайыз болса, аймақтағы спорт кешендерімен жабдықталу үлесі 63 пайызға жетті.
Биыл жыл соңына дейін Бесағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар алдағы уақытта Тастөбе мен Қызылқайнар ауылдық округінде спорт кешенін салу жоспарлануда. Ал жыл соңына дейін Тоғызтарау ауылдық округіне қарасты Жаңаөткел ауылында кіші футбол алаңы ашылса, 5 ауылда футбол алаңдары заманауи үлгіде жаңартылмақ. Айта кетейік, алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков, Шоқай ауылдарында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату мәселесі көтерілуде, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Сонымен қатар мереке қарсаңында Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында «Аса» теміржол стансасы арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы аяқталды. Аталған жоба тұрғындардың ұсынысымен және мәслихат депутаттарының қолдауымен 2023 жылдың тамыз айында басталған. Жобаның құны – 336 838,4 мың теңге. Мердігер «Д&K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісімшартта көзделген жұмыстарды уақытылы атқарды. Көпірдің биіктігі 6 метрді, ұзындығы 41 метрді құрайды. 6 тораптан тұратын көпірде қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылып, лифт қойылған.Айта кетейік, Аса ауылында 13 мың тұрғын бар. 1 500-ге жуық тұрғын осы уақытқа дейін айналма жолдан өтуге қиынсынып, теміржолды төтесінен кесіп жүрген. Енді 6 жолақты теміржолдың арғы бетінде тұратын тұрғындар аспалы көпір арқылы орталыққа қауіпсіз жолмен қатынайтын болады.
Эльмира Байназарова