Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бозоқтан басталған белес

Бозоқтан басталған белес
Ашық дереккөз
Тарихы VIII ғасырдан басталатын Астананың ширек ғасырда әлемдегі үздік 30 қаланың тізіміне енуі тамаша құбылыс. Осы орайда Ұланбатырдан сәл жылы, Оттавадан суық астанамыздың ерекшеліктеріне тоқталсақ...

Тарихи тамыры тереңде 

Сарыарқаның сайын даласында орын тепкен Астана қаласының тарихы VІІІ ғасырда басталған. Бұл деректі ғалымдар да растап отыр. 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин бұл қоныс  қалаға лайықты мекен деп баға берген екен. Ол кішігірім қала белгілері бар ежелгі Бозоқ қаласының орнын көреді. 1927 жылы көне қалашықтың орнында ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Кейін әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірген. Ақмола елдің бас қаласы болады деген шешімнен кейін оның тарихына қызығушылық артып, отандық археолог Кемел Ақышев 1997 жылдан Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына зерттеу жұмыстарын бастайды. 1998 жылы Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, қираған қалашық орнында қазба жұмыстары жүргізіледі. Осылайша VIII ғасырда іргесі қаланған, XVI-XVII ғасырларға дейін мекен болған ежелгі Бозоқ қаласының орны табылады. Түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағына береді. Бозоқ қаласы VІІІ-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұратын қала. Ал XІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған. 

Арқада аяз болмаса...

Астанаға қонаққа барған әрбір турист немесе жаңадан қоныс аударған тұрғын бірінші жылдары елордамыздың желі мен ызғарын естен шығармайтын болар. Астананың қысы суық, аязды күндер шамамен 245 күнге созылады екен. -52°С-қа дейін суып кететін қаңтар айының аязды күндерінің орташа температурасы -25°С. Мұндай күндердің ұзақтығы жылына 10-14-тен 38-45 күнге дейін ауысып отырады. Қыс айларының шамамен 30 күні боранды, боран оңтүстік-батыстан соғады. Аязды мезгіл 120 күнді құрайды.

Саябақтардың сәні қандай?!

Астанада биік әрі зәулім ғимараттардан бөлек, тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына арналған саябақтар мен жасыл аллеялар да көп. Қазіргі таңда елордада 9 саябақ, 4 бульвар мен  90-нан астам гүлзар бар. Олардың ең ірісі 80 гектар жерді алып жатқан – «Президент» саябағы. Астана аумағындағы көне саябақтың бірі көпес В.Кубриннің бастамасымен ХІХ ғасырдың соңында қолға алынған «Орталық» (қазіргі  «Астаналық») саябағы. Сондай-ақ еліміздің көне заманғы тарихына саяхат жасауға мүмкіндік беретін «Арай» этникалық саябағы да алыстан менмұндалайды. Романтикалық атауы сонда орнатылған ғашықтардың қола мүсінімен байланысты  «Жастар» және  қаланың дәл орталығында «Бәйтерек» композициясымен ерекшеленетін «Жерұйық» саябақтары да көз жауын алады. Айтарлығы, барлық аллеялар мен саябақтар субұрқақпен қамтамасыз етілген.

Көрнекті жерлер көз тартады

Астанаға қыдырып барсаңыз, әдетте туыстарыңыз «Бәйтерек» монументіне ертіп апарады. Қалаға 97 метр биіктіктен көз тастап, сұлулығына тамсанасыз. Дегенмен елордамыз қазір жылдан-жылға дамып, сәулеті бір-бірінен асып түсетін зәулім ғимараттардың саны күн санап артуда. Олардың қатарында  Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақ Орданы, Астананың жаңа алаңындағы көше – «Сулы-Жасыл» бульварын, дипломатиялық және басқа да халықаралық маңызды кездесулер ұйымдастырылатын  Тәуелсіздік сарайын, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының конгресі өтетін  Бейбітшілік және келісім сарайын, ірі сауда, ойын-сауық орталығы – Хан Шатырды, қаланың мәдениет және өнер орталығы – «Шабыт» шығармашылық сарайын,– Қазақстан тәуелсіздігінің символы – «Қазақ елі» монументін ерекше атап өтуге болады.  Бұлардың кейбірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген.

«Қасиетті Қазақстан» тізімінде

Қазіргі таңда Астанада қасиетті деп танылған 20 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге алынған. Олардың арасында «Қараөткел» мұсылман зираты, Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс батырларының кесенелері бар. Сондай-ақ Астана сәулетінің төл туындылары Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, «Отан-Ана» – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан майдангерлерге және Отан қорғаушыларға арналған монумент, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешені, Республика алаңы (Тәуелсіздік монументі, «Тәуелсіздік таңы»), «Астана-Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі және «Мәңгілік ел» салтанатты аркасы Қазақстанның 100 киелі нысанының тізімінде. Киелі жерлер тізімінде Астананың орнында ерте кезде өркениет құрған Бозоқ қалашығы да бар.

Қазақстандағы ең көркем мешіттер

Астана туралы сөз қозғағанда ерекше сәулетті мешіттерді де атап кетпеу мүмкін емес. Себебі Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт те, дәстүрлі ислам стилінде салынған ғибадат үйлері де Астанада орналасқан. Елорданың Астана болғаннан кейінгі ең алғашқы мешіті — «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылғы 22 наурызда пайдалануға берілді. Жалпы сыйымдылығы – 10 000 адам. Бұл мешіт Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Тәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы.«Әзірет Сұлтан» мешітінің құрылысы 2009 жылдың маусым айында басталып, 2012 жылдың 6 шілдесінде салтанатты түрде ашылды. Жалпы сыйымдылығы – 14 000 адам. Ауданы – 18 мың, ал құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метр. Бас күмбездің нөлдік  биіктігі – 52, шеңбері – 28 метр. Күмбез саны – 8, олардың диаметрлері – 10,45 метр. Төрт мұнараның әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Мешіт аумағында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ бар.Жақында ғана ашылған Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің жалпы ауданы 68 062 шаршы метрге жетеді. Мешітте төрт мұнара бар. Мұнаралардың биіктігі 130 метр. Сонымен қатар мешіттің жерасты қабатында 440 орынға арналған банкет залы, 405 орынға арналған жабық автотұрақ, вестибюль, дәретхана, техникалық және діни қызмет көрсететін орын, құрбандық шалатын орын және басқа да үй-жайлар бар. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни осынша адам қатарға тұрып, бір уақытта намаз оқи алады. Ғимараттың ашық алаңында шамамен 200 000 адамның жайғасуына мүмкіндік бар. Залдарда бір мезгілде 30 000 ер адам мен 5 000 әйел намаз оқи алады.

Жастардың қаласы

Астана – болашақтың қаласы. Ал болашақ – жастармен нұрлы. Елдің ертеңін айшықтап, егемендіктің еңсесін тіктейтін де бүгінгі жастар. Ресми статистикаға сүйенсек, жастардың саны 440 598 адамды құрайды. Жұмыс күші – 300,2 мың жасты құраса, жұмыспен қамтылған халық саны – 288,2 мың адам шамасында.Қорытындылай келе, Астана әртүрлі тарихи тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтардың да мекені. Астана – біздің ортақ шаңырағымыз. Болашақта астанамызды барша әлем біліп, күллі жұрт тамсанған елордаға айналады деп сенеміз!

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Алаштың алып жүрегі
Алдыңғы мақала
Алаштың алып жүрегі

Ұқсас жаңалықтар