Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бала тілшіден аға тілшіге дейін

Бала тілшіден аға тілшіге дейін
Ашық дереккөз
Журналист Көкен Оршабековтің осы салада жүргеніне биыл 50 жыл толып отыр. Ол 17 жасында еңбек жолын бұрынғы Красногор ауданының «Коммунизм жолы» газетінде корректор-тілші болып бастап, редакторлық қызметке дейінгі кезеңнен өтті.

– Мектепте жүргенде аудандық газетке ауылда, білім ошағында өткен іс-шараларды жазып, «Қордай шамшырағы» редакциясына жолдап тұратынмын. Жазғандарым газет бетінде жарық көріп, ауылда «Тілші бала» атанып қалғанмын. Мен Отар ауылындағы мектепті бітірген жылы Қордай ауданынан Красногор ауданы бөлініп шығып, «Коммунизм жолы» газеті ашылды. Бір күні үйге бейтаныс кісі келді де: «Сен Көкенсің бе?» – деп сұрады. «Иә»,  – дедім.

«Сені жаңа ашылып жатқан аудандық газеттің редакторы Орынбай Тасыбеков жұмысқа шақырып жатыр», – деді ол. Ертеңіне жасқана редактордың кабинетіне кірдім. Мені қуана қарсы алып, газеттің орыс бөліміне корректор-тілші етіп бірден қабылдады, – дейді Көкен Еркінбайұлы.  

Сол тұста ол газетте Совет Әлімқұлов, Болат Оңғарбаев және Жұмабай Шаштайұлы сияқты тағы да басқа  белгілі журналист-жазушылармен қатар  жұмыс істеп, көп тәжірибе жинайды. Бүгінде бұл кісілерді Көкен аға өзіне ұстаз санайды. Өйткені атпал азаматтардың  оның журналист болып қалыптасуына көп септіктері тиген еді. Жұмыстан қол үзбей жүріп, ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп алады.– Бір жолы редактор шаруашылықтардан материал дайындау үшін аудан іргесіндегі кеңшарға  жіберді. Кеңшардың жұмысымен танысып жүріп, бір бөлімшесіне барғанда сол мекеменің қызметкері мені бас салып, бірден газетімізді жамандай жөнелді. Оған не деп жауап берерімді білмей, жүнім жығылып, редакцияға келдім. Келген бойда редакторға болған жайды жайып салып, жастықпен жылап жіберсем керек. Сөзімді үнсіз тыңдап отырған Орынбек Тасыбеков мені жұбатып: «Көңіліңе алма, ел ішінде әртүрлі адам болады», – деп ақыл-кеңесін айтты. Одан кейін де талай қызықты сәттер бастан өтті ғой, – дейді ол.  

Кейіпкеріміз еңбек ете жүріп білімі мен біліктілігін арттырып отырды. Ауданның жолдауымен Алматы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Красногор ауданы Қордай ауданына қосылып кеткен соң «Коммунизм жолы» газеті жабылып қалды. Журналистикадан ұзай қоймаған Көкен Еркінбайұлы «Көзқарас», одан соң  «Қордай жаршысы» деген газеттерде еңбек етті. «Қордай жаршысы» газетінде бас редактор болды. Кейін бұл газет жабылып қалып, Көкен аға Тараз қаласына ауысып, облыстық «Знамя труда» газетіне жұмысқа орналасты. Одан кейін «Жамбыл-Тараз» газетіне бас редактор болып тағайындалды. 

– Ол тұста газеттің бір ғана беті қазақ тілінде шығатын. Оның үлесін арттыру үшін редакцияға белгілі журналистер Сапарғали Әлібаев, Еділ Әлиев пен Жамбылбек Шоқыбасовты жұмысқа алдым. Сөйтіп, 2002 жылы газет екі тілде тең дәрежеде шығатын деңгейге көтерілді. Газет таралымы да көбейді, – дейді Көкен аға. 


Зейнеткерлікке шыққанға дейін Көкен Оршабеков «Знамя труда» газетінде жауапты хатшы, бөлім редакторы болып, қосымша «Литер», «Арыстан», «Кешкі астана» және «Курсив kz» газеттерінде қызмет атқарды. Еңбегі де басшылық тарапынан ескерусіз қалмады, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілеріне және  басқа да марапаттарға ие болды. Бүгінде оның тәрбиелеген шәкірттері түрлі салада тынымсыз тер төгіп жүр. Солардың қатарында «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, орынбасары Мұратхан Әлімхан, журналист Нұржан Туғанбай,  тағы басқа да ізбасар інілері  БАҚ саласында табысты еңбек етуде. 

Марат Құлибаев, 
журналист

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар