Жазда әдетте тамақтан улану және жедел ішек инфекция жағдайлары жиілейді, өйткені осы кезеңде қауіпті бактериялар ауа температурасының жоғарылауымен көбейеді. Сондықтан жазда тамақтан улану мен жедел ішек инфекцияларының алдын алу өте маңызды. Осы маусымда көптеген азық-түлік термиялық өңдеусіз пайдаланылады, тез бұзылатын азық-түліктердің бейберекет сауда орындарының желісі көбейеді. Тамақтан улану дегеніміз – бұл табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын, қарым-қатынас арқылы жұқпайтын ауру.
– Тамақтан улану – бұл әдетте ас қорыту бұзылыстарымен бірге жүреді.Әртүрлі микроорганизмдердің, көбінесе бактериялардың ағзаға тағаммен бірге түсуі оның себебі болуы мүмкін. Жедел ішек инфекциясы – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары талдау жүргізіп, жедел ішек инфекцияларымен сырқаттану жағдайларының 78 пайыздан астамы жеке гигиенаны сақтамаумен және үйде дайындалған өнімдермен байланысты екенін анықтады.
Облыс аумағында осы жылдың 5 айында қоғамдық тамақтану, сауда-саттық және балалар білім беру объектілері мен емдік алдын алу мекемелеріне байланысты жедел ішек инфекцияларының, тағамнан уланулардың топтық өршу жағдайлары тіркелген жоқ. Осы уақыт аралығында ботулизм диагнозымен өтетін тамақтан уланудың 6 жағдайы тіркеліп, 7 адам зардап шекті.
Барлық жағдай тұрмыстық-үй жағдайында дайындалып жабылған банкілердегі консервіленген көкөністер мен жеміс-жидектерді қолданумен байланысты болған.Сонымен қатар өнімдердің сыртқы түрі мен дәмі олардың құрамында патогендік микробтар немесе олардың токсиндері көп болған жағдайда да өзгермеуі мүмкін. Бірақ жоғары температура әсерінен, мысалы, қайнап, қуырылған кезде ішек инфекцияларының қоздырғыштары өледі, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Қордабайқызы.
Спикер өнімді сатып аларда оның шығарылу күні мен сақтау мерзімін, қаптаманың тұтастығын тексеру керектігін ескертті. Сонымен қатар тамақтан уланудың алдын алу үшін тамақ дайындау кезінде гигиена қағидаларын және тағамды дұрыс сақтау әдісін білу қажет екенін тілге тиек етті. Тағамның түсіне, иісіне және дәміне назар аудару керектігін, өйткені өнімнің консистенциясының өзгеруі мен бетінде шырыштың пайда болуы оның бүлінгендігінің белгісі болуы мүмкін екенін айтты.
– Көгерген тағамдарды, бүлінген көкөністер мен жемістерді, ісінген консерві банкасы мен пакеттегі шырындарды немесе ашыған сүт өнімдерін тастаңыз. Пісірілген тағамдарды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтауға болмайды. Белгісіз адамдардан белгіленбеген сауда орындарында тамақ өнімдерін сатып алмаңыздар, – деді маман.
Анар Әуесбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
3-курс студенті