Іс-шараға облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің Директор-бас редакторы, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, «AULIEATA-MEDIA» холдингінің директоры Данияр Асқарұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, белгілі журналист Оралхан Дәуіт және өзге де облысқа танымал журналистер қатысты. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика кафедрасының студенттері мерекелік басқосудың куәсі болды.
Салтанатты іс-шараны Жаңабай Миллионов құттықтау сөзбен ашты. – Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі сол қоғамның ішкі тұрақтылығына, береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарының сақталуына, мемлекеттік мықты идеологиясына байланысты. Ал мұны қалыптастыратын, ең бірінші, ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер.Журналистер – қоғамның жанашыры. Қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиындыққа бірінші боп үн қатып, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы.Оралхан Бөкеев кезінде: «Ақиқат сөздің бәйгесі – мылтықсыз майдан. Жабысы қалып жарымда, сәйгүлік озған!» деген.Бүгін міне, сол ақпарат майданында «қаруым – қалам, өрісім – қағаз» деп, ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистер қауымының кәсіби мерекесі.Айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан ауыр әрі абыройлы еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымды жеткіземін.Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін!
Ел игілігін ту еткен еңбегімізбен табыстарға бірге жетейік! – деген Ж.Миллионов филиал атынан бірқатар белсенді журналисті марапаттады.
Тарқатып айтқанда, облыстық «AR-AI» газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төраға орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбек, облыстық «AQ JOL» газетінің аға тілшісі Нұржан Қадірәлі, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторының орынбасары филиалдың Құрмет грамотасымен марапатталды.Сонымен қатар облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Индира Боташева, облыстық «AQ JOL» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмахан, облыстық «AR-AI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай, облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Юрий Ким филиалдың алғыс хатына ие болды.
Мұнан соң Дүйсенәлі Бықыбаев жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Журналистерді әдетте билік пен халық арасындағы алтын көпір деп есептейді. Біздің елімізде бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша көңіл бөлінеді, тіпті «төртінші билік» деген ұғым да берік қалыптасты.Қазіргі қоғамда журналист мамандығының ерекше маңызы бар. БАҚ өкілдері – халыққа елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды түсіндіретін және ілгерілететін, телекөрермендер мен оқырмандарға жан-жақты тексерілген ақпаратты ұсынатын әмбебап маман. Журналист ауданның, облыстың, елдің имиджі мен дамуына айтарлықтай ақпараттық қолдау көрсетеді. Сіздер руханилықтың дамуына, патриотизмге тәрбиелеуге, адамгершілік құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосасыздар. Сіздерге жаңа табыстар, қызықты және объективті жарияланымдар, ізденістер және бірегей журналистік идеялар тілеймін! – деген Дүйсенәлі Дыбысәліұлы кәсіподақ бірлестігінің атынан еңбегімен көзге түскен тілшілерді марапаттады.
Атап айтқанда, Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газеті бас редакторының орынбасары, ардагер журналист Сүндетулла Әбілов «Еңбек даңқы» медалімен наградталды. Сонымен қатар «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, тәуелсіз журналистер Дариха Үмбетиярова мен Ерман Әбдиев, «Jambyl» телеарнасының редактор, тележүргізушілері Дәурен Дүйсенов пен Шерхан Дәкен, Облыстық «AQ JOL» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева бірлестіктің алғыс хатымен марапатталды.Өз кезегінде Халықаралық Д.Қонаев қорының облыстық филиалының төрағасы Қибат Асқарбеков журналистерге мерекелік құттықтауын арнап, облыстық «AR-AI» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Нұрханов пен облыстық «AQ JOL» газетінің тілшісі Есет Досалыға Д.Қонаев қоры облыстық филиалының Құрмет грамотасын тапсырды.Жиында ардагер журналист Сүндетулла Әбілов, Оралхан Дәуіт те сөз алып, әріптестеріне ізгі тілектерін арнады. Салтанатты кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев қуаныш иелеріне әсем әнін арнаса, арқалы ақын Нұржан Қадірәлі мерекелік жыр жолдарын оқыды.
Жиын соңында Одаққа мүше болып қабылданған тоғыз жас журналиске ҚР Журналистер одағының құжаты мен төсбелгісі салтанатты жағдайда табысталды.
Ақтоты Жаңабай