Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Киім киюдің де өз әдебі бар

Киім киюдің де өз әдебі бар
Ашық дереккөз
Әр адамның жеке талғамы барына таласымыз жоқ. Бірақ сән қуғанның жөні осы екен деп бүгінде ашық-шашық жүретін жастар қатары көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе қыз балалар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 26-аятында: «Ей, адам баласы! Сендерге абыройларыңды жабатын һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі. Ол – Аллаһтың белгілерінен» дейді. Ислам дінінде заманға сай киінуге шек қойылмайды. Бәрі де жөнімен, үйлесімімен болып жатса, кәнеки!

Жаһанда жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды даму үстінде. Ел экономикасы артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарғанымен жастардың батыс мәдениетіне еліктеуі өрши түскені алаңдатады. Соңғы кездері еуропалық сән  салондарының сан алуан киім үлгілері нарықты жаулап бара жатыр десек те болғандай. Соның ішінде жастардың тастамай киіп жүрген джинсы шалбары да бар. Міне, осы тыртиған шалбар, кіндік пен бөксе арасын ашық-шашық қалдыратын басқа да батыстық киім үлгілері біздің де базарларымызда самсап-ақ тұр. Дәрігерлер мұндай киімдердің ұрпақ саулығына қатер төндіретіндігін айтып, дабыл көтеруде. Әйтсе де оған құлақ аса қоятындар санының аз екендігі қынжылтады. Өкінішке қарай, жастарымыз басқа жөні түзу ештеңе таппағандай, жұлым-жұлымы шыққан джинсы киюді сәнге айналдыруда. Көзге оғаш  көрінетін осынау әдеттен арылар күн болар ма екен? 

Үлкендер ылғи «Жыртық киім – жаман ырым» деп айтып отырушы еді. Әжеміз үстіміздегі киімнің сөгілген тұсын байқаса болды, инесін сабақтап,бір демде көктеп бере қоятын. Неге екенін қайдам, бірақ бүгінгі қыздар бүтін емес, түрі оңған, шұрық тесік шалбар киюге әуес-ақ. Бәлкім, айналасына өзінің сұлулығы мен сымбатын осы шұрық тесік шалбар арқылы танытқысы келетін шығар.Жастардың санасын жаулап алған, міне, джинсының тарихы тамырын қайдан тартып жатыр? Бағзы кездері ауыр жұмыс істейтін жұмысшылардың сұранысымен төзімді матадан  дайындалған шалбарлар таптырмас киімге де айналғаны белгілі. Бағасы да қымбаттау болғандықтан жұмысшылар әбден тозғанша  үстерінен шешпеген. Жұлым-жұлымы шыққан  джинсылар өткен ғасырдың 60-70-жылдары пайда болған субмәдениет өкілдерін айрықша қызықтырса керек-ті. Олар оны панк-рокерлердің киім қорына қосып, сахнаға алып шықты.

Содан бері ол әлемді шарлап, жастардың есіл-дертін алуда. Енді міне, батыс елдерінде етек жайған осынау киім үлгісі қазақ қыздарының да тастамай киетін киімінің қатарына қосылып кеткендей ме, қалай?Сәнге айналған киімнің қашанда жоғары сұранысқа ие болатындығы бесенеден белгілі. Жақында бір танысым дүкен сөресінде тұрған джинсы шалбарды суретке түсіріп, телефон арқылы маған «Қарындасыма туған күніне орай  әперейін деп едім. Осы шалбарға қатты қызығып жүр еді, қалай?» деп жіберді. Ашып қарасам, әлгі шалбардың сау-тамтығы жоқ. Түгел-дерлік жыртық. Бағасы қарапайым джинсы шалбардан екі еседей қымбат. Жастар арасында трендке айналған бұл киім үлгісін аудан орталығы мен қаладағы кез келген сауда орталығынан табуға болады. Әсіресе «рванка» деп аталатын джинсыға деген жұртың қызығушылығы  ерек көрінеді. Бұл туралы «Айдана»  сауда орталығының сатушысы Вероника былай дейді:


– Ер адамдар көп киім ала бермейді ғой. Ал қыздар арасында джинсы шалбарлар өте жоғары сұранысқа ие. Бізге тапсырыс беретіндер негізінен 15 пен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Ал дүкенімізге мұндай киімдер шетелден әкелінеді. Италиялық материалдан дайындалатындықтан сапасы өте жоғары. Еш уақытта сәннен қалмайды. Сол себепті өзге шалбарларға қарағанда бағасы да қымбаттау.

Ал ауыл тұрғыны Ғалым Қожағұлов  көрер көзге ерсілеу көрінетін бұл киімнің қазақ діліне жат екенін айтады. – Мұндай киімдерді нарыққа шығармау керек. Қыздардың жыртық киім киіп жүруі – жаман ырым. Бұл жастарға жақсы тәрбие бермейді. Ертеректе қыздарымыз кең етек көйлек киіп, шаштарын екі өрім етіп өріп, ұзына бойына сылдырмақ, шолпы таққан. Осы сән мен салтанатымызды жаңғыртар кез келген секілді, – дейді ол.


Жалпы жыртық киім – мүсәпірлердің, жоқшылықтың да белгісі. Ең алдымен, қыздарымыз соны ұғып, түсінсе дейміз. Бізде ұлттық нақыштағы киімдер көптеп тігіліп, нарыққа шығарылар болса, джинсыларың өзінен-өзі сырттап қала берер еді. Шеберлеріміз ұлттық киімдерімізді тек Наурыз  мерекесінде ғана киетіндей  емес, күнделікті киетін киім түрінде дайындаса ғой. Осы іске отандық сән салондары, тігін шеберханалары жаппай кіріссе, құба-құп болар еді.

Диас Маратұлы, 
студент

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар