Ауруханаға асығып бара жатқан «Жәдел жәрдемді» көрген сәтте ішінде кім болса да, қандай аурумен бара жатса да алдымен Алланың шипасы тиіп, сосын дәрігерлердің көмегінен соң сырқатынан сауығып, өз аяғымен отбасына аман-есен оралса екен деп іштей тілеп, дұға жасап тұрамын. Ондай науқастардың дертінен айығып, үйлеріне тірідей келуінің өзі үлкен қуаныш. Егер ауруханада көз жұмса, жанұясы мен өзге де жақындары үшін қандай қасірет екені айтпаса да түсінікті. Жасыратыны жоқ, кейде түрлі науқастарға кейбір ақ халаттылар немқұрайдылық пен білімсіздік танытып, қолдап бақилық етіп жатқандарын көріп те, естіп те жүрміз. Солармен қатар ондай оқиғалар, жоғарыда айтқанымдай, өз отбасымыздың да басынан өткені нақты дәлел. Бірақ бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Себебі өз ісіне жауапкершілікпен де, сауаттылықпен де қарап, ауырған жандардың алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер баршылық.Барынша білім мен ізденісті талап ететін медицина саласында еңбек етіп жүргендер дәрігер деген ажалға араша түсетін және денсаулық сақшылары саналатын жауапты да сауапты мамандықтың иелері екенін ұдайы жадында ұстаса екен.Мен бүгін көше бойлап келе жатыр едім, он минут бұрын бір «Жедел жәрдем» бағдаршамның қызыл жанғанына да қарамай алып-ұшып барады.
Ал кеше кешкісін екі көліктің соғысып, бір емес, екі «Жедел жәрдемнің» келгеніне де куә болдым.Апатқа ұшыраған қос көліктің де жүргізушілері жастар екен. Сол жердегі жиналғандардың сөздерін құлағым шалып қалып еді: «Көлікті сонша қатты айдауға бола ма екен? Шынын айтқанда, көбісі жол ережелерін де білмейді. Тіпті қай жерде қанша жылдамдықпен жүру керектігі көрсетілген белгілерге де қарамайды. Жүргізуші куәлігін сатып алатындар да аз емес.Бір нәрседен құр қалғандай жастардың да, жасамыстардың да жарысып айдайтындары жаман. Оның үстіне қазір адамнан машина көп. Енді не болды? Өздері ғана емес, көліктің ішіндегі өзге адамдар да зардап шекті. «Жол қателікті кешірмейді» деген. Енді олардың жағдайлары қалай және нәтижесі қандай болатыны ауруханада белгілі болады», – деп күрсіне сөйлеп тұрған егде кісілердің сөздерін естідім. Қазір жарысып көлік айдаушылар жарысып қабір қазушыларды көбейтіп жатқандарын білер ме екен?Осы тұста айта кетер тағы бір жайт, жекеменшік автомектептердің сапасын қайдам, саны басым болып барады. Содан да болар, көбісінің бармақ басты, көз қысты немесе «Бәкеңдер мен Сәкеңдердің» арқасында жүргізуші куәлігін оқымай алатындары. Міне, сондай іс-әрекеттің нәтижесін өздеріңіз көріп жүрсіздер.
Ал ондай жекеменшік автомектептерге бақылау бар ма, жоқ па, оны бізден гөрі жоғарыда отырғандар жақсы біледі. Енді «Жедел жәрдемге» қайта оралатын болсам. Кейде «Жедел жәрдемнің» жиірек келіп-кеткені де қуантады. «Неге?» десеңіз, жүкті әйелдердің толғағы жеткенде перзентханаға алып кететіні. Мұндай жағымды жағдай демографиямызға оң ықпалын тигізетіні анық. Дегенмен босану бөлмесінде кейбір үлкенді-кішілі аналардың босана алмай қатты қиналыстан соң өздері немесе нәрестелерінің шейіт болып кеткендері жайлы көрген-білгендер айтып та жүр. Егер жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Сондықтан перзентханаға барған аналардың барлығына Жаратқан жар болып, аман-есен босансын және ұл-қыздарының қызығын көрсін деп тілейікші! Міне, дауысы жер жарып, тағы бір «Жедел жәрдем» желдей есіп барады. Бірақ оның ішінде қандай науқас бар екені, нәтижесі де қандай болатыны бір Аллаға ғана аян.Лайым, білікті дәрігердің қолына түсіп, аман-есен жазылып кеткенін тіледім.
Бақытжан Әліқұлов,
ақын,
журналист