– Қазба жұмыстары барысында бөлмелердің бірінен адамның бассүйегі табылды. Шетелдік ғалымдар ол бассүйекті зерттеу барысында маңдайының кеңдігіне, басқа да ерекшеліктеріне қарап, оның сарай қызметкері немесе осы елдің билеушісі болған деген жорамал айтуда. Сондай-ақ тарихи орыннан осыдан 18 ғасыр бұрын пайдаланылған көмір қалдықтары да табылып отыр. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл ортағасырлық Баркуаб қала жұртының астындағы қалашықтың атауы Битьян болуы да мүмкін.
Ол біздің дәуірімізден 2000 жыл бұрынғы кезеңді қамтиды, – дейді Е.Төрбеков.
Бүгінгі таңда қала орнынан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, тұрғындардың ерекше қызығушылығын туғызған. Мұнда тас дәуірінің белгісіндей болып дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, әйелдер таққан моншақтар да бар. Жапон ғалымдары Баркуабтан табылған жәдігерлерге жүргізген зерттеуден кейін ондағы тарихи мұралардың кемі 1 448 жыл бұрын пайдалануда болғанын анықтаған.
Орта ғасырларда елімізде Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті жақсы дамығаны белгілі. Сол Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар тез дамып, өркен жайғанын тарихтан жақсы білеміз. Мәселен, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы сол тұста ірі сауда орталығы болса, айналасындағы шағын қалалар да сонымен бірге дамып, гүлденген. Бұл қала жұрты облыстық энциклопедияда Бурнооктябрь қала жұрты болып аталып жүр. Қала VI және ХІІ ғасырларға жатады. Араб жиһангерлері қаланы өздерінің еңбектерінде Баркуаб қаласы деп көрсеткен. Ал мұнда табылған жәдігерлерге қарап, тарихшылар Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екенін айтуда. Қазір Жуалы ауданы аумағында оннан астам ескі қала орны анықталған. Бірақ казба жұмыстары жүргізіліп жатқан – осы бір ғана қала жұрты.
Осы күнге дейін түрен тимеген аудандағы көне тарихтың қатпарын ашуға әуесқой тарихшы, бір кездері ауданды басқарған Бақтияр Көпбосынов тікелей бастамашы болғанын айтпай кетуге болмайды. Сол сәтте-ақ қала жұртына жүргізілген алғашкы барлау жұмыстары оң нәтижесін берген еді. Ауылдың әр тұсынан бұрғылау салынып, орлардан көптеген көне тұрмыстық заттың сынықтары шықты. Арасында бүтін заттар да кездесіп қалады. Ол заттар қаланың жасын анықтау үшін Жапония зертханасына жіберілді. Енді міне, бүгінгі таңда көне қала жұрты көптеген тарихшының қызығушылығын арттыруда.
– Алғаш қалашықтың басқару орталығын қалай тапқанымызды айтатын болсам, біз осындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте шағын музейдің бар екенін білдік. Барып көргенімізде ондағы көрмеге 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыралар қойылыпты. Ол жәдігерді көрген соң бірден зерделеу жұмыстарына кірістік. Тіпті қарапайым тұрғындардың аулаларынан әшекейлі тастар, бірнеше ғасырлық ыдыстар табылған жағдай да кездескен. Зерттеп жүргенде осы төбені анықтап, 2018 жылы қазба жұмыстарын қолға алған едік. Қазба жұмысы барысында бүтін қаланың басқару орталығын таптық. Мұнда әлі талай жұмыстар жүргізілуі керек. Біреулер ойлайды, қазба жұмысы 2-3 жылдың шаруасы деп. Олай емес, 30-40 жыл қазылған тарихи орындар бар. Сондықтан тарихи орынға ерекше мән беретін уақыт жетті. Біз облыстық бюджеттен дәл осы тарихи қалашықтың қазба жұмыстары және басқа да қажеттіліктері үшін қомақты қаражат бөлінсе деген ойдамыз. Себебі аталған қалашықтың маңызы жоғары, – дейді тарихшы Дәулетжан Байдалиев.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың І және ІІ ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі ІІ және I ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, қала астында тағы бір қаланың барын айтқан еді. Ортағасырлық қала жұртының шығыс жағындағы Жылқышы төбені қазу барысында облыс тарихшыларының болжамы расталды. Қала жұрты жоғарыдан, яғни төбенің басынан бастап төмен қарай қазылып жатқандықтан оның жоғарғы қабатының қабырғаларының алтыдан бір бөлігі ғана аршылған. Төрт жыл қазу барысында ежелгі ғимаратты бүлдіріп алмас үшін кіретін есікті іздеген. Археологтар өткен жылы ол есікті тапты. Енді сол есіктен кіріп, ішін бос топырақтан аршып тазартпақ. Осы ретте бір атап өтерлік нәрсе, ежелгі ғимарат мүлдем бүлінбеген.
Оның жақсы күйде сақталуына барлық бөлмелердің бос топырақпен толтырылуы себеп болған. Неге бұлай істегені тарихшыларға әзірге жұмбақ болып тұр. Негізінен қала қабырғалары толықтай бүтін күйінде сақталған. Екі мың жыл бұрынғы қалпында қалып қойғандай. Мұндай қала жұрты облысымызда, тіпті республикада бірінші рет табылып отыр. Дегенмен көп тарихшылар қала тұрғызу мәдениетіне қарап, оны біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І, біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызуда. Оны көзі тірісінде қазба орнында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог, марқұм Карл Байпақов та құптаған болатын. Ол қала құрылысына қарап: «Иә, қаңлылардың мекені. Мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі І, біздің дәуіріміздің V ғасырларына жатады», – деп жорамал жасапты. Белгілі тарихшының жорамалы шындыққа жақын. Өйткені бұлай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа дегенді айтып қалды Сауран Қалиев.
Бір деректер мұнда басқару орталығы болған деседі. Жалпы онда алты бөлік бар. Барлығы келушілер назарын терең тарихқа тартады. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Қалашық әлі де зерттеуді қажет етеді. Қалашықты қазуға Жуалы аудандық бюджетінен 2018 және 2019 жылдары он-он миллион теңгеден, ал 2020 жылы 6, 2021 жылы бар болғаны 5 миллион теңге бөлінген. Одан бергі уақытта қазу жұмыстары тоқтап тұр.Қазба жұмыстары басталғалы бері үш мың турист келіп, қала жұртымен танысыпты. Олардың ішінде Ресей мемлекетінен, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан, басқа аудандардан келгендер де бар. Оның ақиқаты қала аумағы толық ашылып, қала жұртының соңғы қабатына, яғни еденіне жеткенде анықталмақ. Алла қаласа, қаланың жасын анықтап, өмір сүру кезеңін жариялайтын да уақыт алыс емес деп ойлаймыз. Олай болса, алтын тарихымыздың қорына тағы бір көне қала жұрты қосылып, «Ботай» қонысындағыдай тың жаңалық әлемге Қазақстанды жаңа қырынан танытады деген сенім бар.
Диас Құлибай,
М.Х.Дулати
атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
3-курс студенті