18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асқан және денсаулығында ақауы жоқ кез келген Қазақстан азаматы донор бола алады. Оның қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120-дан төмен болмауы керек. Әрі алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігі болмауы маңызды. Айта кетейік, 2005 жылдан бастап 14 маусым Дүниежүзілік донор күні ретінде аталып өтіп келеді.Айтулы мерекеге орай облыстық қан орталығында ауқымды іс-шара өтті. Өмірде әртүрлі жағдайларға ұшырап, қан және оның компоненттеріне зәру болатын жандар аз емес. Міне, осындай сәтте қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдауын аямайтын, теңізге тамған тамшыдай өз үлесін қоса білетін донорлардың демеуі ауадай қажет болады. Бір қуанарлығы, ерікті түрде ерлікпен пара-пар іс атқарып жүретін тұлғаларымыз баршылық. Сондай ақжүрек азаматтардың құрметіне жыл сайын дәстүрлі түрде мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Бұл ізет пен ілтипаттың белгісі, өзара сыйластықтың үлгісі. Осы орайда атаулы күннің мән-маңызын жұртшылыққа кең көлемде түсіндіру үшін Тараз қаласындағы Жамбыл-Ы.Сүлейменов және Абай-Ы.Сүлейменов көшелерінің қиылыстарында тақырыптық билбордтар ілініпті.
– Жылына қан орталығы қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 25 000 мың дозасын дайындайды. 2023 жылы 11 569 доза құрамында эритроциттер бар компоненттер, 1 378 доза аферезді вирусиноктевирленген тромбоциттер, 11 820 доза плазма, 814 доза криопреципитат, 2 361 доза пулулирленген плазма дайындалды – дейді облыстық қан орталығының директоры Гулам Мұхтарұлы.Бұл күні облыстық қан орталығының аумағы ерекше реңкке бөленіп, ел-жұрттың назарын еріксіз өзіне аударды.
Ғимараттың кіреберісінен бастап мерекеге сай безендіріліп, ашық аспан астында сахна құрылды. Жылжымалы бригаданың қызметтік көліктері қаз-қатар қойылып, фотосуреттер көрмесі де жасақталды. Қызметкерлердің барлығы да қызыл түсті жейде киініп, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Қан тамшысы үлгісінде сәнденген аниматор да, тақырыптық баннер де, трендке сай әзірленген фуршет те, бәрі-бәрі көпшіліктің көңілін көкке көтеріп жібергендей. Иә, мұның бәрі де донорларға деген құрметтің көрінісі.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.Сондай-ақ мерекелік жиында бірқатар донор марапатталды. Алғашқылардың қатарында осындай құрмет облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Берік Жамалбековке көрсетілді. Берік Жапарұлының өзі де тұрақты түрде донор болып, өнегелі ісімен өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан азамат.
Гулам Мұхтарұлы мекеме атынан сауапты іске ұйытқы болып жүрген департамент басшысына риясыз ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті Осы орайда бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіровтің алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар облысымыздың денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі мен адал еңбегі үшін, сондай-ақ медицина қызметкерлері күніне орай облыстық қан орталығының бас медбикесі Эльмира Ембаеваға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды.
Эльмира Байназарова