Әкемнің арманын іске асырайын десем, ол нені армандады, оны да түсініп үлгерген жоқпын. Бірақ жақсы ұл болып, әкемнің атына кір келтірмеуім керек деген ой түйдім. Шамамның келгеніне де, келмегеніне де қарамай «Осы бағыттан айнымауым керек» деген тоқтамға келдім. Шүкір, әкемнің аты аталса елең етіп, марқайып қаламын. Бір жақсы істерім еленіп, «Бәрекелді, әкесіне тартқан екен. Әкесі жақсы адам еді» дегенді естігенде қуанышым қойныма сыймай, кеудемді бір сағыныш билейтін. Сол уақыттан бастап ешқашан әкемнің атына кір келтірмеуім керек деген қағида, тұжырым жүрегіме нық қонды. Бұл қағиданы өзім де жанұя құрғанда отбасымның жарғысы ретінде басты назарда ұстадым.
Өз перзенттерімнің де тәрбиесін осы қағиданың негізінде құрдым. Шүкір, жаман емес, үш ұлым бар. Үшеуі де жанұялы. Ұлдарым досым, сырласым да болып кеткен. Оларға берген тәрбиедегі ең үлкен қолданған құралым, методикалық нұсқауым – әкемнің айтқан ақылдары, көрсеткен өнегесі. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп айтушы еді. Әрине, жаман бала жоқ. Оның көрген өнегесі мен алған тәрбиесі баланы еш уақытта өзге жолға түсірмейді.
Ең бастысы, арбаның алдыңғы дөңгелегінің дұрыс жолға түсуінде. Ал бұл арбаның тізгіні әкенің қолында болатыны хақ. Әкенің жақсы атын өрге де сүйрейтін, төрге де сүйрейтін де оның балалары. Ең ауыр сөз «өй, әке көрмеген» деген сөз мен үшін. Ұрпақтардың сабақтастығының түп-төркінінде осы әңгіме жатқан шығар. Сөзімнің соңын айтыскер ақын досым Ахметжан Өзбековтың әкесіне арнаған өлеңінің бір шумағымен түйіндегім келіп тұр.
«Біреу айтса «Жақсы адам ғой әкең» деп,
Ойлайтынмын оған ұқсау қатем деп.
Бүгіндері ойға батам оңаша,
Балаларым соған тартса екен деп».
Бұдан артық қалай айтуға болады?!
Әкелер аман болсын, олардың отбасы, бала-шаға, бау-шарбағы аман болсын, ағайын.
Ербол Қамбатыров,
айтыскер ақын,
ҚР Мәдениет саласының үздігі
Құрбан айт - рухани жаңғыру мерекесі
Ұқсас жаңалықтар
Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024