Аталған кабинет қолбасшылық бөлімдеріндегі әскери психологтар жұмысының міндетті элементі болып саналады. Психологиялық көмек кабинеті үшін жеке бөлмелер бөлінген. Бұл бөлмелер – әскери қызметшілерге ойын тынықтыруға, рухани демалуға, күштерін жинақтауға мүмкіндік беретін орта.Психологиялық көмек бөлмелері мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған. Яғни қызмет барысында ауыр моральдік және физикалық күйзеліске ұшыраған, демалыс пен қолдауды қажет ететіндерге осында көмек көрсетіледі.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас психологі, подполковник Ақмарал Төлеутаеваның айтуынша, кез келген адам психологиялық қолдауға зәру.
– Сарбаздар мен жауынгерлердің, әскери қызметшілердің жұмысы оңай емес. Қолбасшылыққа қарайтын әскери бөлімдердің офицерлері сарбаздардың қызметін бақылайды, нұсқаулар береді, шешімдер қабылдайды, қарамағындағыларға қамқорлық жасайды. Бірақ штаб офицерлерінің қызметтегі жауапкершілігі орасан зор екені жиі ұмытылады. Штаб офицерлері де үлкен жүкті арқалап жүр. Сондықтан осы деңгейдегі офицерлер де жұмыс күні ішінде психологиялық жеңілдік алуы керек. Осыны ескере келе, біз оларға осындай бөлме ұйымдастырдық, – дейді А.Төлеутаева.
Әскери психологтар психологиялық көмек көрсету бөлмесінің дизайнын өздері жасады. Мұнда жұмсақ орындықтар мен диван, тірі балықтары бар аквариум, хош иісті майлары бар бөтелкелер мен шамдар, жұмсақ ойыншықтар, спиннерлер, түрлі үстел ойындары және өзге де құрал-жабдықтар қойылған.Ержүрек, батыл ер-азаматтар қызмет ететін әскери салада психологиялық көмек бөлмесін ұйымдастыру сырт көзге күлкілі көрінуі мүмкін. «Қалай сонда, жүрек жұтқан жігіттер қызмет ететін әскери ұйымда балалар ойыншықтары бар бөлме бар ма?» деп кейбіреулердің сынауы ғажап емес. Бірақ әлемге танымал психологтардың кітаптарында, ақыл-кеңестерінде қызметкерлер қатты күйзеліске ұшыраған жерде тыныштық пен тыныштық бұрышы қажет екені анық жазылған.
– Қызметтің оңайы жоқ. Қандай сала болмасын жұмысшысы қызмет барысында күйзеліске түсуі бек мүмкін. Сондай жағдайда өзі қызмет ететін ұйым не мекемеде қолжетімді психологиялық көмек бөлмесі тұрғаны жөн. Жұмыстан шаршаған, рухани қажыған қызметкерге бірнеше минуттық тыныштық керек.
Біздің штабтың келісімшарт бойынша офицерлері мен әскери қызметкерлеріне бір сәт миын тыныштандыру қажет болғанда осында келіп, психологтың көмегінсіз-ақ өз күйзелісін жеңе алады. Әскери психологтар қай кезде де сарбаздардан көмегін аямайды. Біз маман емес, жай ғана адам ретінде жауынгерлермен жиі сұхбаттасамыз. Сұхбат кезінде әскери қызметші өздерін алаңдатқан ойларымен бөліседі, бұл сонымен бірге психикалық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі, – дейді А.Төлеутаева.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб-пәтерінде психологиялық көмек көрсету кабинетінің ашылуы әскери психолог, академиялық білімі бар офицер, подполковник Ақмарал Төлеутаеваның алғашқы пайдалы бастамасы емес. Ақмарал Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде оқып жүргенде психологке арналған мобильді сөмке жасауға бекініп, ойын жүзеге асырған.Ұзақ жаттығулар кезінде психологиялық көмек бөлмелерін жаттығу алаңдарына апаруға болмайды. Бірақ психологиялық көмекке мұқтаж сарбазға көмектесу үшін қажеттінің бәрін орналастыра алатын портативті сөмкелермен алмастыруға болады.
Әзірленген мобильді сөмке үшін психолог Ақмарал Төлеутаеваға патент берілген. Мұндай сөмкені Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ғана емес, басқа да әскери құрылымдардың психологтары өз жұмыстарында сәтті пайдалана алады.
Ақтоты Жаңабай
Аймақта эпизоотиялық ахуал тұрақты
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024