Шындығында, тудың көтерілгені – қазақтың еңсесінің көтерілгені. Өйткені туымыздың бойында бабалардың жаны, аналардың ары бар. Сондықтан да ол биік және асқақ. Бір қызығы, Мемлекеттік Туымызды жасауға конкурс жарияланғанда арнайы комиссия мүшелеріне неше түрлі ту үлгілері ұсынылған екен. Соның ішінен қазіргі туымыздың бәсі басым болған. Ол туралы Мемлекеттік Туымыздың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өзіміздің жерлесіміз Шәкен Ниязбеков журналист Айнаш Есалиге берген сұхбатында кеңінен әңгімелеп берген болатын. Тіпті конкурс барысында Ш.Ниязбековке тудың бетіне «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де болған екен. Сол кезде ол өз авторлық туындысын былай қорғаған:
– «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деген жауап қаттым. «Қыранның күннің қақ астында ұшуы қисынға сыймайды» деген көзқарастар болғаны белгілі. Ал «Тудың түсі көк. Себебі біз Тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, қазақ елінің рәмізі» дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың туымызда бейнеленуі – заңдылық! – деп жауап берген екен. Міне, осылайша ұлттық рухымыздың бояуы сіңген, біздің қасиетті туымыз өмірге келген.
Көк туымыздан бөлек, біздің барлық тарихымыздың таңбасы сияқты рәміздеріміздің бірі – Елтаңбамыз. Ақын Ерлан Жүніс:– Алып тәждердің балқығанын көрдім,Елтаңбаларға айналып, – демеуші ме еді?! Бұдан артық елтаңба туралы сөз айтудың өзі күнә шығар?!Дейтұрғанмен де біздің Елтаңбамыздың екі авторы бар. Олар – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнесінің негізі ретінде қазақ киіз үйінің символдық бейнесі «шаңырақ», «кереге», «босаға», «бес бұрышты жұлдыз», «уық», «желбау», «қанатты тұлпар» (мифтік қанатты жылқылар), «арқар мүйізі», «үлкен буын», «үлкен масақ», «ортаншы буын», «ортаншы масақ», «кішкентай буын», «кішкентай масақ», «желбаудың шашағы», «желбаудың сақинасы» және «QAZAQSTAN» сөзі бедерленген елтаңба элементтері бар. Бұл элементтердің бәрінің өзінің тарихи, философиялық мағынасы бар.
Қанатты тұлпар қазақтың сан мың жылдық арманының орындалғаны, әрі үздіксіз алға дамуының кепілі болса, киіз үй – адамзаттың ең ежелгі сәулет туындысы. Қазақ үшін шаңырақ қастерлі. Осынау ұлан-ғайыр далада үйсіз адам болмаған. Киіз үй қазақтың әлеуметтік мәселелерін шешкен. Ал елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Елтаңба туралы оның авторы Жандарбек Мәлібеков өзінің бір естелігінде: «1992 жылдың басында тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің ең үздік жобасына конкурс жарияланды. Ол кезде мен Ташкентте тұратын едім. Таныстар маған байқаудың шарттары жарияланған газетті берді. Мен толыққанды зерттеулермен салыстыруға тұратын өте ауыр, мұқият жұмыс жасадым. Мерзімі үш ай болды. Мен қазақ халқының тарихына, біздің елдің мәдениеті мен салт-дәстүріне терең ендім. Өз жұмысымда біздің рухани мұрамыздың тереңдігін көрсеткім келді. Жобамның мағынасын жақсы сөздермен жеткізуге болады: «Шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын, босағаң берік болсын!» Қазақтар үшін ең бастысы – осы тілек-бата!», – деп еске алады.
Ал Шот-Аман Уәлиханов өзінің бір сұхбатында: «Елтаңба жасағанда біз адами рухты және ойды биік қоя отырып, қазақтың «Шаңырағың берік болсын!» деген ақ ниетінің терең мағынасын ескердік. Қанатты-мүйізді пырақтар бейнесі қазақтың арғы ата-бабасы болып есептелетін сақ жауынгері – «Алтын адамның» баскиіміндегі атрибуттардан алынды», – деп айтқан болатын.
Сонымен қатар ол елтаңбаның шеңбер пішіні де кездейсоқ еместігін, мұндай мінсіздікке ең жақын фигураны көшпенділер ерекше бағалағанын және бұл өмірдің, мәңгіліктің символы екенін сөз еткен еді.
– Елтаңбаның кеңістігіндегі көпмәнді символдар біріктірілген шеңбер бір мезгілде ғарыш пен елдің бірлігін бейнелейді. Елтаңбаның басты лейтмотиві – шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі). Киіз үйде тұрған көшпенділер шаңырақ арқылы жұлдызды аспанды тамашалады. Оның аспан күмбезіне ұқсап қана қоймай, адамдардың санасында көрініс табуы – тіршіліктің маңызды элементтерінің бірі», – деген болатын Ш.Уәлиханов.
Ал Мемлекеттік Елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақтың рухы, тарихы, бітім-болмысы Ту мен Елтаңбада бедерленген болса, ұлтымыздың жүрегінің дүрсілі Әнұранымызда. Кешегі бабаларымыз жекпе-жекте ұрандатып шыққанда тізесі барды бүгілдіріп, белі барды иілдіргені белгілі. Демек, ұранның ұлт жадындағы рухты оятатын құдіреті бар екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Ал қазіргі біздің Әнұранымыз ретінде сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған ақын Жұмекен Нәжмеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңі айтылып келеді. Бұл 2006 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзгеріс енгізуімен Мемлекеттік Әнұран болып бекітілген болатын. Әрі сол жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Одан бері тәуелсіздігіміздің таңғажайып сәттерінде, халықаралық ұйымдардың хақ төрінде Әнұранымыз жиі шырқалып келеді. Ол шырқалған сайын қазақтың мәртебесі де, Қазақстанның беделі де көтерілуде.
Туының түбі Түркіден, Елтаңбасы ежелден, Әнұраны арыдан келе жатқан халқымыз мәңгілік жасай берсін!
Шапағат ӘБДІР,
журналист