Тағылымды іс-шара басталмас бұрын ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді. Халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастық – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет көрсету – әрқайсысымыздың қастерлі борышымыз.Көк Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің мәртебесі. Рәміздеріміз арқылы біз бейбітшілік пен тыныштық, ізгілік пен татулықты ту еткен ел екенімізді бүкіл әлемге жеткіземіз. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан патриоттар форумы биыл облыстың 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.Облысымызда 87 этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінгі форум осы тұтастықты, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне сенімім мол.
Отанға құрмет – Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды қадірлеу арқылы өскелең ұрпаққа өнеге береміз. Өскелең ұрпақ рәміздерімізді құрметтейтін нағыз патриот, елге жанашыр болуы тиіс. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі форумның тағылымдық, тәрбиелік мәні ерекше деп есептеймін.
Ұлтымыздың жарқын болашағы – жастар. Бүгінгі жас буын – еліміздің дамуының негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасалып, оң бастамаларына қолдау көрсетілуде. Жастарымыз болашақта еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен тағы да құттықтаймын! Тәуелсіз еліміз жасай берсін, Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі асқақ болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Іс-шара барысында өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және түрлі оқыс оқиға кезінде басын қатерге тігіп, адамдарды ажалдан арашалап қалған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев, Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Анар Жүнісәлиева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Лаура Сейталиева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ бейбіт күннің батыры деуге лайық бірқатар азамат облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Бекнар Сейтжапаров 11 наурызда облыс орталығында орын алған өрт оқиғасының таралуына тосқауыл қойып, жойылуына үлес қосқан. Сол сияқты Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әділет Тойжігіт 13 мамырда «Самал» ықшамауданында орын алған оқыс оқиға кезінде өрт ошағын жойып, кәмелетке толмаған 5 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторлары Дәурен Қолқаев пен Ералы Сансызбаев 16 мамыр күні магистральдік каналға батып кете жаздаған 2 жасар бүлдіршін Бекжан Иманәліге дер кезінде көмек көрсете білген.
Ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп жүрген азаматтардың бұл ерліктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық. Бейбіт күннің батырлары бұл істерін ерлік емес, ел алдындағы міндетіміз деп біледі.
– Бекітілген аумақты патрульдеп жүргенімізде кезекшіден шұғыл қоңырау түсті. Екі жасар бала Айша бибі көшесінің бойында ағып жатқан каналға құлап кетіпті. 4 минутта шақыртылған жерге келіп жеттік. Біз келгенде сол жерден өтіп бара жатқан бір ер адам мен әйел баланы судан шығарып, көмек көрсетіп жатқанын көрдік.
Сол жерге тез арада жүгіріп келіп, баланың көгеріп кеткенін, дем алмай жатқанын байқаған соң жерден көтеріп, алғашқы көмек көрсетіп, әріптесім жедел жәрдемге хабарласты.Бірақ мұны атақ-даңқ үшін жасамадық. Басты мақсатымыз – халыққа адал қызмет ету. Бүгінгі форумның маңызы зор деп білемін. Осындай жиындардың арқасында жастардың бойында партиоттық қасиет қалыптасады. Болашақта елім деген ұлтжанды ұл-қыздарымыз көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Көк туымыз мәңгі желбірей берсін! – дейді Дәурен Қолқаев.
Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Дархан Байпақ та бар.
– Облыс тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер мерекесімен құттықтаймын. Ел үшін еңбек ететін партриот, елжанды жастардың саны көбейе берсін. Жастар ел игілігі үшін жұмыс істесе деген тілегім бар. Біздің ұйым да мемлекет дамуы жолында еңбек етіп, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге үлестерін қосып жүр. Студенттер мен оқушыларды қоғамдық өмірге дайындайтын бірден-бір ұйымбыз.
Бүгінде рәміздердің қадірін, ұлттық нышандарымыздың авторын білмейтін жастар бар. Облыс әкімі атап өткендей, патриотизм ұлттық рәміздерді құрметтеуден басталады. Сондықтан жастардың қатысуымен осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұрған жөн. Кейінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды бағалап, құрметтеп өспейінше патриот жастарды көбейту қиын, – дейді Дархан Қуанышұлы.
Форум соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ