Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мұғалімге артылатын міндет салмақты
- author AR-AY
- 31 мамыр, 2024
- 185
Жиынға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі Айман Жаңабекова және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының «Білім беру орталығы» филиалының сарапшысы Қаламқас Байтенова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме LAB жетекшісі Жазира Ысқақова және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.Форум қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін дамыту мақсатында өтті. Басқосуда қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ғылыми және әдістемелік мәселелер, практикалық құралдарды қолдану, оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, шығармашыл, үздік мұғалімдерді анықтап, қолдау көрсету, ынталандыру, тәжірибесін тарату, қолдау мәселелері талқыланды.
Форумды профессор Шерубай Құрманбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Жиында алдымен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаев сөз алып, қазақ тілінің облысымызда мәртебесі жоғары екенін атап өтті.
– Әулиеата жері – ана тілінің тағдыры үшін табандылықпен күрескен ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының, көмейіне бозторғай ұя салған дүлдүл ақын Кенен мен қазақтың ой-санасының алтын дәптеріне әр сөзін шегелеп жазған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, халқының үкілі үмітін жалынды жырларына қосқан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова сияқты дара туған тұлғалардың туған топырағы, ардақтаған атамекені.Ата Заңымызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп айқын жазылған. Ал мемлекеттік тілді білу, құрметтеу – барша қазақстандықтардың асыл борышы, басты парызы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деген болатын.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 2 776 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, арасында өзге этнос өкілдері де аз емес екенін айта кету керек. Әсіресе Қордай ауданында 6 дүнген, Жамбыл, Сарысу, Талас аудандарында күрді ұлтының өкілдері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр. Одан бөлек өңірімізде қазақ тілін білетін этнос өкілдері де аз емес. Этнос өкілдерінің 77 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Жалпы облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 93,6 пайызды құрап отыр, – деді Лесбек Илебаев.
Мұнан соң ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Талғат Жакенов сөз алып, форум қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне жаңаша серпіліс беріп, заманауи бастамаларға тірек болатын маңызды шаралардың бірі екенін тілге тиек етті. Форумның мән-маңызы белгілі бір тақырыпты қозғап қою ғана емес, керекті ақпараттарды алып, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға сеп болатынын айтты. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 84 пайызға жеткізу көзделген. Мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға қарай 84 пайызды құрауы тиіс. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 94 пайызды құрауы тиіс. Қазтест жүйесі бойынша В2 деңгейінде қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2029 жылы 50 пайызды құрайды. Осы мақсаттарға қол жеткізу тұжырымдамасында халыққа қазақ тілін үйрету курстарын ашу, бейнесабақтар өткізу, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламаларын жаңарту да ұсынылады. Алдағы айқын мақсаттарға қол жеткізу мақсатында қазіргі таңда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қазақ тілін оқытудың бағдарламаларын, оқулықтарын қайта қарау, оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнін бөлек оқыту сынды мәселелер бойынша Оқу-ағарту министрлігімен, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен бірнеше рет кездесу өтіп, жан-жақты талқыланды. Тұжырымдама аясында Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге қазақ тілді анимациялық фильмдердің санын арттыруға, көп қаралатын шетелдік анимациялық фильмдерге сапалы дубляж жасауға үлкен бетбұрыс жасалуда. Мұндағы мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру. Бізде осындай жүйе қалыптаспағандықтан балаларымыздың тілі басқа тілде шыға бастағанын білесіздер. Сондай-ақ жасанды интеллекттің тілін қазақшалау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Талғат Жакенов.
«Бастауыш сыныптағы оқу сауаттылығы» тақырыбында баяндама жасаған Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мазмұн қорын көбейту, тілдің заманауи тартымдылығын арттыру бағытындағы қолға алынған жобаларды таныстырды.– Елімізде 60 мыңдай қазақ тілі мен әдебиеті және бастауыш сынып мұғалімі бар екен. 60 мың дегеніміз үлкен әскер. Еліміздегі тілдік ахуалды қалыптастыратын тап осы орта. Басқа ешкім емес.Осыған дейін еліміздің бірқатар аймағында болдық. Өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аймақтарда тілдік ахуал оңтүстік өңірлермен, Батыс Қазақстан облысымен салыстырғанда бөлек. Кейде біз Оңтүстік немесе қазақ ұлты көп шоғырланған аймақтарда қазақ тілі аса өзекті емес немесе қазақ тіліне қатысты мәселесі тіпті жоқ дегенді естиміз. Шындығында, мәселе басқаша қойылуы керек деп ойлаймыз. Еліміздің қай өңірінде болмасын тіл ұстарту мәдениеті, оқу сауаты, жазу мәдениетінің төмендеп бара жатқанын байқаймыз. Қазақ қазақ тілінде дұрыс жаза алмайды, қазақ тілінде оқитын балалар қазақша оқи алмайды. Түрлі қызметте отырған мамандар жұмысын ортаға, тұтынушыға қазақша сапалы бере алмай отыр. Мұнда тек Жамбыл облысын ғана айтып тұрған жоқпын, бұл жалпы елдегі жағдай, – деген Рауан Кенжехан оқу сауаттылығына баға беретін «PIZZA» зерттеуіне кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте «Мемлекеттік тіл – ұлттық мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» тақырыбындағы тіл жанашыры Оразкүл Асанғазының баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері тек қана сабақтарымен шектелмеу керек екенін, педагогтардың тіл мәселесіне келгенде бас шұлғи бермей, батылдау болуы керектігін баса айтты.– Әдебиет пәні оқушының ой-өрісін дамытса, қазақ тілі сауатты сөйлеуге, жазуға үйретеді. Егер оқушы сауатты жаза алса, сөйлей алса, кез келген пәнді жақсы меңгеретін болады. Екіншіден, ол оқушы өзінің қазақ екенін мақтан тұтатын адам болып өседі. Мектепте барлық пәннің мұғалімдерінің орны ерекше. Алайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері өскелең ұрпақты елшілдікке, отансүйгіштікке, мемлекетшілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Мысалы, кез келген мектепке бара қалсаң, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері өздерін өте еркін ұстайды. Соңғы сән үлгісімен киінген. Өздеріне деген сенімділіктері басым. Ағылшын тілі пәнінің мүғалімі екенін мақтанышпен айтады. Қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне осы сенімділік жетіспейді. Қазір жасырын емес, қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағының стандартында, бағдарламасында және жалпы оқулықтың өзінде біраз кемшіліктер бар. Осы мәселеде мұғалімдер белсенділік танытып, ойларын ашық айтып, талдау жасағандары маңызды.Тағы бір атап айтқым келетін мәселе, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті – егіз пән бола тұра оны орыс мектебінде біріктіріп оқытып жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Әдебиет ұлттың рухын тәрбиелейді, ал қазақ тілі дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйретеді. Орыс мектептерде де біздің Қазақстанның болашақ азаматтары оқып жатыр. Олар қазақ руханиятынан мүлдем бейхабар болып өсуде. Бұл дұрыс емес. Біз қазір «балам» деп бауырға тартпасақ, ертең олар «жұртым» демейді.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, қазіргі қалалардағы қазақ мектептеріндегі балалардың бір «ауруы» – олар сабақта қазақша оқығанымен үзілісте өзара орыс тілінде сөйлесетіні. Бір қарағанда онда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Алайда мемлекеттік тіл коммуникация, қарым-қатынас тілі болмаса беделі бола ма? Осы әдетті қалыптастыру да мұғалімдерге көп байланысты.Сонымен бірге елімізде қос тілді мектептер де әлі жетерлік. Жалпы бұл мәселені тағы да бір қарау артық болмас еді. Қазір әлеуметтік желіде үлкен мегополистерде орыс тіліндегі мектептер саны анағұрлым көп екені туралы жиі талқыланып жүр. Сол мектептерде оқып жатқандардың басым бөлігі қазақтар екені анық. Балаларды қазақ мектебіне беру бойынша ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізіле ме? Орыс мектебіне баратын бала әуелі орыс балабақшасына барады. Оны зерттеп, жүйелеп, бағыттап отырған жан бар ма?Осы орайда ұлтты таныту мақсатында баланың қызығушылығын ояту маңызды екеніне назар аудартқым келеді. Мектепте оқытушының образы өте маңызды. Егер оқытушы өз-өзіне, беріп жатқан біліміне сенімді болса, оқушылар пәнге және мұғалімге құрметпен қарайды. Әдебиет пәнінің мұғалімдері кітапханамен бірігіп мектепте апта сайын іс-шара өткізіп тұрса, әрине, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы артады. Мысалы, апта ішінде қазақтың қандай мықты жазушысының, ақынының немесе ұлы тұлғаларының туған күні екенін анықтап, арнайы бағдарлама, кесте жасап, сол күндерде аталған адамдардың шығармашылығы мен елге сіңірген еңбегін дәріптей отырып ашық сабақтар, «дөңгелек үстелдер» өткізсе, балалар ел тарихын және оны жасаушы тұлғаларды біліп, құрметтеп өседі. Одан бөлек балалардың кітап оқуға деген құлшынысы оянады. Мысалы, Астана қаласында №48 мектепте Алтын деген мұғалім бар. Ол 5-6 отбасыны алып, әр отбасыға оқуға кітап береді. Сонда ата-ана мен бала бірігіп бір кітапты оқып, мектептегі арнайы кітап клубында шығарманы талқылайды. Дәл осы сияқты мектепте кітап клубтары көп болса, кітап оқитын оқушылар саны да артар еді, – деді Оразкүл Асанғазы.
Сонымен қатар форумда Айман Жаңабекова «Білім беру жүйесінде қазақ тілінің ұлттық корпусын қолданудың ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында, Қаламқас Байтенова «Қазақ тіліне бойлау жобасының артықшылығы мен мүмкіндігі» тақырыбында, Жазира Искакова «Қазақ тілін оқыту әдістемесінде ІТ жобаларды қолдану» тақырыбында баяндама жасады.Басқосуда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Әр ұстазға сыныпта қолданылатын әдістемелер мен нақты құралдар ұсынылды.
Айжан Өзбекова
816 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024