Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Түлектер тартуы толасталмайды

Түлектер тартуы толасталмайды
Ашық дереккөз
Жыл сайын оқу жылы аяқталған түста мектеп бітіргендеріне 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл толған түлектер туған жеріне, алтын ұя мектебіне ерекше ықыластарын білдіріп жатады. Түлектердің кіндік қаны тамған ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы тамаша дәстүрге айналды. Биыл да әр аудандағы түлектер туған жеріне тарту жасап, көпке үлгі көрсетті. Жыл сайын оқу жылы аяқталған түста мектеп бітіргендеріне 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл толған түлектер туған жеріне, алтын ұя мектебіне ерекше ықыластарын білдіріп жатады. Түлектердің кіндік қаны тамған ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы тамаша дәстүрге айналды. Биыл да әр аудандағы түлектер туған жеріне тарту жасап, көпке үлгі көрсетті.

ТАЛАСТЫҚТАРДЫҢ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІГІ 

Сөз басын қасиетті білім ошағының бірі – тоқсан жылдан аса тарихы бар Дінмұхамед Қонаев атындағы Ойық орта мектебінің түлектерінің тартуынан бастаған жөн болар. Айта кетейік, тарихы терең, тамыры ерен білім ұясы қатарынан төрт жыл аудан мектептері арасында «Үздік ауыл мектебі» атанған. Ал 2021 жылы 20 мектеп түлегі «Алтын белгі» иегері атанғанын ерекше атап өткен жөн. Мектептің үздік түлектері де жетерлік. Жақында білім ошағын 1964-1974 жылдар аралығында оқып бітірген түлектердің 50 жылдан кейінгі кездесуі өтті. Алтын ұя мектептен қанат қаққанына 50 жыл толған түлектер «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысып, сый-сияпаттарын табыс етті. Атап өтсек, түлектердің демеушілігімен білім ордасында әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Талас өзенінің жағалауы» полотносы ілінген арнайы бұрыш ашылып, «Жеңіс» саябағында шатыржай (беседка) бой көтерді. Аталған нысандардың лентасын Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердиев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Жалғас Тәукебаев, аудандық орманшаруашылығы мекемесінің директоры Есімхан Жексенбаев қиып, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар мектепте өткен мерекелік іс-шарадан кейін ақын, прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахметтің «Ақ қанат армандастар» атты естеліктер мен эсселер кітабының тұсаукесері өтті. 
Бір айта кетерлігі, 1974 жылы Дінмұхамед Қонаев атындағы Ойық орта мектебін 99 түлек бітірсе, бүгінде 27-сі бақилық болған екен. Мерекелік іс-шаралар аяқталған соң мерейтой иелері Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде бақилық болған сыныптастарының аруағына құран бағыштап, дастарқан жайды.

Келесі күні сағынысып көріскен 50 жылдық мектеп түлектері Тараз қаласына келіп, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналанған Болат Ұзақовтың «Жандауа» пьесасын тамашалады. Түлектерді театр ұжымы театрландырылған қойылыммен, шашу шашып, қошуақ көңілмен қарсы алды. Қойылымда ақсақалдың рөлін Әбиірбек Тінәлі, әженің рөлін Халық әртісі Мәкен Рахымжанова сомдады. Көрерменнің жүрегіне жол тапқан қойылымнан соң марапаттау рәсімі өтті. 50 жылдық кездесудің ұйымдастыру алқасының төрағасы Жалғас Тәукебаев сөз алып, театр актері, сыныптастары Әбиірбек Тінәлі мен журналист-ақын Баймаханбет Ахметке құрмет көрсетті. Ал Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбай Әбиірбек Тінәлінің кеудесіне «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Іс-шара соңында Әбиірбек Берденұлы барша көпшілікке, сыныптастарына, театр ұжымына алғысын білдірді.

Дінмұхамед Қонаев атындағы Ойық орта мектебін бітіргеніне 20 жыл толған түлектер де ауызбіршіліктің айрықша үлгісін көрсетті. Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Уристеновтің айтуынша, мектепті 2004 жылғы тәмамдаған түлектер тұрмысы төмен бір отбасыға 3 миллион теңгеге асарлатып баспана тұрғызып беріпті.– Қайырымдылық – қанымызда бар игі қасиет. Ауыл түлектері жиналып, бір тұрғынның баспаналы болуына себепші болды. Тартуымызға ауыл тұрғындары да, үй иесі де қуанып, алғыстарын жаудырып жатыр. Халықтың батасын алғаннан артық бақыт жоқ. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын таба береді.

Реті келгенде айта кетсем, 2014 жылғы түлектер де ауылды көріктендіруге үлестерін қосты. Мектеп бітіргендеріне он жыл болған Б.Әлменұлы атындағы орта мектеп пен Дінмұхамед Қонаев атындағы Ойық орта мектебінің түлектері «Жеңіс» саябағының ішіне қазақтың ұлттық ойынын жаңғырту мақсатында 2 алтыбақан орнатып берді.
Түлектердің тартуы барлық ауылдық округте толастамады. Мәселен, Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер 2 миллион теңгеге жалпы аумағы 800 шаршы метр болатын балалар ойын алаңын салып, айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп берді. Ал Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин және «Ақкөл» орта мектептерін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер бірлесе ауылдың кіреберісіне Ақкөл ауылының төлқұжатын 2,5 миллион теңгеге тұрғызып, айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізді, – дейді Медет Әбдімашұлы.

ЖУАЛЫДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

«Жомарт түлек» жобасы аясында жуалылық түлектер №16 бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаңа ринг сыйға тартты. Атап айтқанда, аудан түлегі, бүгінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты ауызсу басқармасының басшысы қызметін атқаратын Нұрсұлтан Керемқұлов және өзге де жекелеген азаматтардың демеушілігімен аудан орталығындағы спорт кешенінің үшінші қабатында бокспен айналысатын жасөспірімдер үшін бокс рингі қойылды.Жаңа шаршы алаңның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бірқатар спорт саңлағын тәрбиелеп шығарған Тұрлыбек Көпжасаровтың туған ағасы Тұрғын Көпжасаров, бапкердің отбасы мүшелері, тағы басқа да азаматтар қонақ ретінде шақырылды.Салтанатты іс-шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған өңірдің жанашыр азаматтары мен мектеп түлектеріне тұрғындар атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ З.Бүрлібаев рингті орналастыруға үлес қосқан демеуші азаматтарға мәслихаттың алғыс хатын көпшіліктің алдында табыс етті.

Сондай-ақ жиында бірқатар азамат сөз сөйлеп, жасөспірімдердің спортпен айналысуына жағдай жасап, үлкен сый жасаған түлектерге алғыс білдірді. №16 бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Онда ауылдық округтерде жаттығып жүрген жасөспірімдерді қоса есептегенде барлығы 406 бала былғары қолғап киіп, бокс спортының қыр-сырына қанығу үстінде. Олардың арасында ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және бірқатар халықаралық жарыстың жүлдегерлері бар. Жуалы бокс мектебінің жетістіктеріне тоқталатын болсақ, білікті жаттықтырушы Тұрлыбек Көпжасаровтың шәкірті Әбілхан Аманқұл әлем чемионатында күміс жүлдеге қол жеткізген айтулы былғары қолғап шебері. Әбілхан қазір Америка Құрама Штаттарында жаттығып, кәсіпқой бокста сәтті өнер көрсетіп жүр.Бокстан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпиондары, әлем және Азия чемпионаттарының қола жүлдегерлері, Қазақстан құрама командасының мүшелері – Айгерім Ошақбай және Анжелика Цой да Жуалы бокс мектебінің айтулы түлектері. Бокс мектебінің әртүрлі байрақты бәсекелер мен дүбірлі додаларда олжа салып, елдің даңқын асқақтатып жүрген басқа да мақтан тұтарлық шәкірттері аз емес.

ШЫРАЙЫ КІРГЕН ШУ 
ӨҢІРІ

Шу ауданында да мектеп түлектері ауылдастарына, түлеп ұшқан мектептеріне сый-сияпаттарын жасап, халықтың алғысын арқалады. Бір ерекшелігі, биыл ауданға қарасты 3 ауылдық округ әкімінің мектеп бітіргеніне 20 жыл толып отыр. Атап айтқанда, Далақайнар ауылдық округінің әкімі Болат Ошанов, Жаңажол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев және Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Диханбаев.Мереке қарсаңында Далақайнар ауылындағы Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдың кіреберісіне елді мекеннің төлқұжатын орнатты. Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Айтмұхамет Айтжанов, ауыл әкімі Болат Ошанов, ауыл тұрғындары, ұлағатты ұстаздар, 20 жылдық түлектер қатысты.

– Адам баласының аяулы кезі – мектеп қабырғасындағы мезет. Мектепке тарыдай болып еніп, таудай болып шыққан жандардың барлығы шәкірт шағын сағынып, қызыққа толы сәттерін еске алып жатады. Ал алтын ұясынан 10 жыл, 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер үшін өткенді еске алу тұрғысында бас қосудың жөні бөлек. Мереке қарсаңында жиырма жылдық түлектердің атынан белгі болсын деп ауылымыздың төлқұжатын орнатып бердік, – дейді Болат Ошанов.


Домалақ ене мектебінің түлектері Бірлікүстем ауылына киіз үй нобайында аялдама салып, ауылдастарының ақ батасын алды. 
Сондай-ақ Жайсан ауылының 20 жылдық түлектері күрежолдың бойына қақпа орнатып, ауылдарының атын айшықтап берді. Онымен қоса түлектер 20 жылдыққа орай кіші футболдан жарыс өткізді. 
Ауылдарын ажарландырған түлектер алтын ұя мектептеріне барып, ұстаздарына құрмет көрсетуді де ұмытпады. 

АУЫЛ АЖАРЫН АШҚАН СТЕЛА

Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ақыртөбе ауылының түлектері де қайырымды істен құралақан қалмады. Мереке қарсаңында аталған ауылда «Жомарт түлек» жобасы аясында 1987 жылғы азаматтар, яғни Ақыртөбе орта мектебінің 2004 жылғы түлектері туған мекеніне Ақыртөбе мекенінің аты жазылған стеланы сыйға тартты. 
Заманауи үлгіде орнатылған стеланың ашылу салтанатына ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ақыртөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұжымы мен аудандық мәслихат депутаты Сейтбек Кеңесұлы және Ақыртөбе орта мектебінің әкімшілігі, ардагер ұстаздар қатысып, құттықтау тілектерімен қатар, ұйымдастырушы түлектерге де өз алғыстарын жеткізді.
Ақыртөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев қазіргі таңда әр ауылдағы мектеп түлектері белсенділік танытып, өздерінің кіндік қаны тамған туған жерлеріне қолдан келгенше жақсылық жасауды дәстүрге айналдырғанын тілге тиек етті.

– Жалпы өңірімізде «Жомарт түлек» жобасы бойынша атқарылып жатқан игі істер өте көп. Соның айқын мысалы – осы стела. Әркімнің туып-өскен жері бар, біреулер оны мақтан етеді, ал екіншілері оны өз сағынышына айналдырған. Осы іс-шараға себепкер болып, барша ауылдастарының басын қосқан Ақыртөбе орта мектебінің 2004 жылғы түлектерінің басым көпшілігі қызмет бабы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты шет аймақтарға қоныс аударғанына қарамастан, ауылым деп алыстан келіп отырған жайлары бар.«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөздің жаны бар. Осы іс-шараға ұйытқы болған азаматтарымыз шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетті, – дейді С.Иманалиев.

ӨЗГЕ АУДАНДАР ДА БЕЛСЕНДІ

Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тумасы Қайрат Молдасейітовтің есімі ауылдастарына етене таныс. Себебі ол бұған дейін де ауылына қайырымдылық жасаудан немесе ауылдастарына көмек қолын ұсынудан алдына жан салған емес. Атымтай жомарт азамат жақында мемлекеттің емес, өзінің жеке қаражаты есебінен ауылына үлкен жабық футбол алаңын сыйға тартты. Өткен жылдың қараша айында құрылыс жұмыстары басталған нысанның жалпы құны 300 миллион теңгеге жуық. Нысан құрылысы толығымен аяқталып, соңғы қоңырау сыңғырымен бірге өскелең ұрпақтың игілігіне берілді. 
Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжановтың айтуынша, спорт нысанында алдағы уақытта футбол, волейбол үйірмелері ашылатын болады. Ауылына ғана емес, барша қордайлықтарға қайырымды ісімен үлгі болған Қайрат Молдасейітовтің халық игілігі үшін жасаған еңбегі ел аузында. Өзінің туған жері, осы Қаракемер ауылына заманауи спорт кешенінен бөлек 110 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория және мешіт салып бергені де ел есінде, жұрт жадында.Дәл сол секілді Жамбыл ауданына қарасты шағын ғана Еңбек ауылының тумасы, «Аса Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Үсен Құрманбеков те 150 миллион теңге жеке қаражатына ауыл тұрғындарына арнап спорт кешенін салып жатыр. 

– Жасаған жақсы істерін жарнамалағанды немесе жария еткенді аса қаламайтын қарапайым азамат Үсен Құрманбековтің ауыл тұрғындарына арнап жеке қаражатына салдырып жатқан спорт кешені бәріміздің қуанышымызға айналды. Кезінде ауылдағы шағын футбол алаңын да осы Құрманбековтер отбасы тарту еткен болатын. Бүгінде 100 түтіннен тұратын ауылда бір құс фабрикасы, орта мектеп, медпункт, клуб және 64 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Іскер адамдар барлық ауылда кездесетінін білеміз. Елім деген осындай жомарт азаматтарымыз көп болсын», – дейді Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров.

Сол секілді Шайдана ауылының мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған азаматтары кіреберіске арка орнатып, сәнді саябақтың құрылысын жүргізіп жатыр. – Әрбір адам үшін кіндік қаны тамған ауылынан артық ыстық жер бар ма? Қайда жүрсек те ауылға деген сағыныш адам баласынан алыстамайды. Ауыл көркіне үлес қосу үшін білім ұясын осыдан 20 жыл бұрын аяқтаған сыныптастарымызбен бірлесіп, келген қонақтар бір сәт сергіп, демалуы үшін ауылға кіре бергенде көзге көрінетін арка маңынан саябақ салып жатырмыз. Ай соңына дейін аяқтау ниетіміз бар. Құрылыс жұмыстарына 2 миллионнан астам қаржы кетеді. Мұнда орындықтар, көлік тұрағына орындар қарастырылған. Ең бастысы, бұл өзіміздің қалауымыз, ортақ шешіміміз, – дейді ауыл тұрғыны Жәлел Қасықбаев.

Дәл осындай жұмыстар Мойынқұм, Сарысу, Байзақ өңірінде де атқарылды. Бұл өңірдегі қайырымдылық және ауылдың гүлденуіне үлес қосу мақсатындағы іс-шаралардың бірқатары ғана. Осы бағыттағы игі істер әлі де жалғасын табатыны сөзсіз.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар