Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауқымды жұмыс атқарылды

Ауқымды жұмыс атқарылды
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №456 Жарлығына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия құрылған болатын. Осыған орай облысымызда да саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі кіші жұмысшы топтар жұмысын бастағаны белгілі.

Жұмысшы топ мүшелері арнайы бағыттар бойынша зерттеу жүргізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңды және саяси ақтау үшін архив материалдарын, тарихи деректер мен құжаттарды жинаған. Нақтырақ айтсақ, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев бастаған жұмыс тобының бағыты «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдарды, қоғамдық және саяси ұйымдарды, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін, бай-кулак болғаны үшін, ұжымдастыруға қарсы қатысқаны үшін, мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау» болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деген болатын. 

Президент тапсырмасы шеңберінде еліміздің әр өңірінде комиссия мүшелері мен жұмысшы топ мүмкіндігінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Президент Жарлығын іске асыруда тер төгіп жүрген зерттеуші-ғалымдардың еңбегі ақталып, тарихи әділеттілік салтанат құрсын, азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ақталмаған күрескерлердің есімдері елдің жадында мәңгі сақталсын, жас ұрпақтың тарихи санасы одан әрі жетілдіріле түссін дегім келеді, – дейді С. Қалиев. 


Ал Тараз қалалық мемлекеттік архив директоры Нұрқат Серікбаев жетекшілік ететін жұмыс тобының бағыты «Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау», облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков басқаратын жұмыс тобының бағыты «Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөнінде» деп аталады. Сондай-ақ 
облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейноллаұлының басқаруымен жұмыс тобы «НКВД, ГУЛАГ лагерь құрбандары және 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау бойынша» зерттеу жұмыстарын жүргізді. 


Өңірлік комиссиямен бірнеше рет облыстық деңгейде әдістемелік конференциялар, семинар және «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 2022 жылы тақырыптық бағыт бойынша 1 жинақ, 2023 жылы 4 тақырыптық бағыт бойынша республикалық деңгейде 2 жинақ енгізіліп, «Халық жады» деп аталатын естеліктер кітабы және «Жамбыл өңірі саяси қуғын-сүргін жылдарында» атты архивтік жинақ кітап жарық көрді.

Жұмыс тобы аудандарды аралап, ауылдық жерлердегі өлкетанушыларды, ақсақалдарды тарта отырып тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, «Халық жады» кітабына саяси қуғын-сүргін куәгерлері мен ұрпақтарынан естеліктер жинақтаған. Сондай-ақ елді мекендердің аумағында болған балалар үйі, атылғандар мен ашаршылық құрбандарын жаппай жерлеу орындарын анықтап, өңір тарихы үшін қажетті тың деректерді жинақтаған. Нәтижесінде облысымыздың 10 ауданында 35 жерлеу орнының координаты анықталып, карта дайындалып, жұмыс бағытын көрсететін кітапша басып шығарылған. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар