Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақтаңдақ жылдар ақиқаты

Ақтаңдақ жылдар ақиқаты
Ашық дереккөз
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап тарихымызды түгендеу жұмыстарына ерекше мән берілгенін бірнеше ресми құжатпен дәлелдеуге болады. Атап өтер болсақ, 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

Заң қабылданғаннан кейін Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков бастаған бірқатар тарихшы ғалым 70 жылға жуық құпия сақталып келген құжаттар қорына түсіп, тарихтың ақтаңдақ беттеріне сәуле түсіре бастады. Тарихымыздың тамырына қан жүгірді. Өткен ғасырдың қойнауына жұтылып бара жатқан жантүршігерлік статистика жасалып, құжаттар мен цифрлар сөйлей бастады. 
Осылайша 1930-1940 жылдары қудалауға ұшырап, есімін атауға тыйым салынған қазақ зиялыларын саяси тұрғыда ақтау, бай мұраларын жаңғыртуға қазақ қоғамы барынша атсалысты. Зерттеді, ізденді, тіпті кей орталарда қасқайып тұрып қорғауына тура келді. Бір ғана мысал, Шерхан Мұртаза қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың ұлт үшін жасаған өлшеусіз еңбегін елге, үкіметке мойындату үшін 35 жылын сарп етіп, құжатты деректер негізінде 5 томдық кітап жазды. Нәтижесінде ел Тұрар Рысқұловты «халық жауы» емес, «Түркістанның Шыңғысханы», «Әулиеатаны ашаршылықтан аман алып қалған тұлға» ретінде танитын болды. Тарихшылар тарапынан Тұрардай алыптың өмірі мен қызметін зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаланған Алаш арыстары, ақын-жазушылар – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев ақталды. Осы кезден бастап баспасөз бетінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Құдайберген Жұбановтардың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты шындықтар айтылған материалдар көптеп жариялана бастады. Сталиндік қудалаудың құрбандарын ақтау, олардың қоғамдық қызметтерін саралап, баға беру, Қазақстан тарихында алатын орнын анықтау түгелімен ұлт зиялыларының қолына көшті.
Біз ұсынып отырған деректерді оқыған кей адамдар «Қалайша? 1956 жылы ақталған жоқ па?» деген сауалдарын жаудыруы да ғажап емес. Өйткені расымен де 1953 жылы КСРО көсемі И.Сталин өмірден озған соң үкімет басына Н.Хрущев келді. Хрущев билікке келгеннен кейін 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» жарлығы шығып, кезең-кезеңімен сталиндік қудалауға түскен азаматтарды өлгеннен кейін ақтау жұмыстары басталды. Дегенмен қудалау көрген азаматтың бәрін бір мезетте толық ақтау мүмкін емес еді. Содан да болар, ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, «халық жауы» атанған қазақ зиялылары өз кезегін 1988 жылға дейін күтуге мәжбүр болды. 

1988-1989 жылғы партиялық архив құжаттарын саралайтын болсақ, номенклатуралық істердің арасында «Личные дела реабилитированных коммунистов» деген жеке істердің тізбегін көруге болады. Яғни мұнда бұрындары партия қатарында болып, түрлі себептермен 1930-1953 жылдары «халық жауы» деген баппен қудаланып, сотталғандарды ақтау құжаттары тіркелген. Әр істің ішінде ақтау туралы бір жапырақ партияның құжаты немесе расталған көшірмесі, тұтқындалған азаматтың анкетасы, өмірбаяны, қызметтік мінездемесі, тіпті тергеу барысындағы сұрақ-жауап хаттамаларының көшірмелері, жергілікті мемлекеттік қауіпсіздік комитеті берген анықтамалар, кейбірінде сот үкімдерінің көшірмелері тігілген. Облыстық мемлекеттік архивте мұндай 400-ге жуық жеке іс сақталған. Ал ақталмай қалғаны қаншама?! 

Бұл істермен 2014 жылы алғаш рет жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен бірге жұмыс істеу барысында таныстым. Мақұлбек Қайыпбекұлы өлкетанушы ретінде облыстық архивте қызмет ете жүріп, тарихи оқиғалардың облысымыздағы көрінісін сипаттайтын бірқатар деректі құжаттардың кітапханасын құрды. Облысымыздың 80 жылдық шежіресін, толық картинасын жасаған жазушы-журналист архив мекемесінде жүріп жиырмаға жуық кітапты жарыққа шығарды. Бұл оның өлке тарихын зерттеп, танудағы орасан зор еңбегі екенін осы ретте айта кеткен жөн. Әлі күнге дейін облыс тарихына қатысты ақпарат іздеген азаматтар жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет дайындаған дереккөздерге сілтеме жасап, сол кісі ұсынған цифрларды негізге алады.Сол сияқты саяси қуғын-сүргін тақырыбы да жыл сайын аталғанымен 31 мамыр күні жақындағанда бұқаралық ақпарат құралдары да, тарихшылар да тек жалпы қазақстандық статистиканы айтатынын, ал «Облысымыздағы ахуал қандай болды?» деген сауалға ешкім нақты жауап бере алмайтынын өлкетанушы да аңғарды.

Бұл сұрақтың жауабын табу мақсатында жазушы 2014 жылдан бастап ізденіс жұмыстарын жүргізе бастады. Алдымен оған түрткі болған 1990 жылы қазіргі облыстық «Аq jol» газетінің бірнеше санында жарияланған ақталғандардың деректері, тізімі еді. Газеттегі тізімді, 1993 жылы ақталғандардың тізімі жинақталған «Зерде», «Боздақтар» кітабының облыс бойынша деректерін, облыстық архив сақтауындағы жеке істерді саралап, бір жүйеге келтіртті. Кейін Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша департаментінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен дерек іздестіру, сұрау салу жұмыстары жүрді. Өкінішке қарай, мардымды жауап ала алмағанымызбен сол кездері прокуратура тарапынан облысымыздан 1937-1938 жылдары 5 000 адам сталиндік қудалауға ұшырап, оның 800-ге жуығы атылған деген мәлімет алынды. Ал 15 000-ға жуық азамат Жамбыл жеріне күштеп жер аударылды деді. Бұл ақпарат кейінірек облыстық архивтен жарық көрген «Жазықсыз жазаланғандар» кітабына еніп, түсіндірмесін Мақұлбек Қайыпбекұлы толық жеткізді. Бүгінгі күнге дейін сол ақпарат өз өзектілігін жоғалтпады. 

Ал бұрындары айтыла бермейтін «конфискация», яғни қазақ байларының тәркіленуі тақырыбы алғаш рет Мақұлбек Рысдәулеттің 2018 жылы шыққан «Конфискация» кітабында жарық көрді. Онда облыс бойынша толық ақпараты, тізімі, кейінгі тағдыры және олардың ұрпақтары жайлы жазылған. Бұл 2015-2018 жылдар аралығындағы үлкен ізденістің жемісі болатын.Әрине, 1993 жылдан бері саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуге біраз тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар кірісіп, қалам тербегенімен үлкен жаңалық ашқан тарихшылар да санаулы. Дегенмен олар да тарихи талдау деректерін, сол кездегі қажеттілікті өтеуге керек ақпаратты ғана ұсынды. Ал әр цифр мен құжаттың артында адам тағдыры, халық тағдыры барын баршамыз білеміз. Жазушы, мұрағаттанушы, журналист Мақұлбек Рысдәулет бұл тақырыпты жалпыдан жалқыға өту арқылы, нақты фактілерді жекелеген азаматтардың мысалымен келтіруді ұштастырып, мәңгілік еңбек жасады деп білемін.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият 
және тарихтану орталығының 
шерхантану бөлімінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар