Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі өзгертіледі

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі өзгертіледі
Тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қаралады

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің бизнес-процесін трансформациялау тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент биыл ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде халықты әлеуметтік қолдаудың құрылымы мен тетіктерін қайта қарауды, әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыруды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, несиелерді өтеуге және тағы басқа негізгі шығыстардың түрлерін көздеу жоспарланып отыр.

Азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алу үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық банктің және тағы басқа ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қаралады.

Еске сала кетсек, бүгінде АӘК табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау; табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жастағы баланы қоса алғанда әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру; еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді көздейді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар