Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңартылған энергия-жасампаздық жемісі

Жаңартылған энергия-жасампаздық жемісі
ашық дереккөз
Жаңартылатын энергия көздері нысандары облыста 2010 жылдан бері дамып келеді. Атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жаңартылатын энергия көздері нысаны пайдалануға берілді. Бес жылдан соң қуаты 114 мегаватқа тең 9 нысан жұмысын бастады. Ал 2021 жылы қуаты 387,8 мегаватт болатын 17, 2022 жылы қуаты 451,3 мегаваттық 21 станса іске қосылды. Қазіргі таңда аймақта қуаты 551,3 мегаватты құрайтын баламалы энергия өндіретін 22 станса бар. Тарқатып айтсам, қуаты 24,4 мегаваттық 6 су электр стансасы, 275,65 мегаваттық 10 жел электр стансасы, қуаты 251,25 мегаватт болатын 6 күн электр стансасы сәтті жұмыс істеп тұр.

Жалпы Қазақстанда қуаттылығымен 2 883,5 мегаватқа тең барлығы 146 жаңартылатын энергия көздері нысаны бар болса, оның ішінде облысымыз баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұрған аймақтардың қатарында, – деген Дамир Сейсенбекұлы осы жылдың алғашқы 3 айында сағатына 214,7 миллион киловатт электр энергиясы өндірілгенін жеткізді.
Д.Тұңғатов айтқандай-ақ, облыста аталмыш сала жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Аймақта соңғы 3 жылдың ішінде бірқатар жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаватт «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ 9,2 мегаваттық «Тасөткел» суқоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

Ал 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватт «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватт «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы жобасы іске асырылды.

Биыл қаңтар айында Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Өңіріміз жел электр стансалары нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары облыста 3 ірі жобаны іске асыру көзделген. Тарқатып айтсақ, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасы салынбақ. Аталмыш нысан қолданысқа 2026-2027 жылдары беріледі деп жоспарланған. Оның құны 1,9 миллиард долларды құрайды. Айта кетерлігі, нысанды франциялық «Total Eren» компаниясы, қазақстандық «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» бірлесіп құрады. «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» әрқайысы 20 пайыздық үлесті иеленеді. Олар тек жобаның бірінші кезеңіне, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге  қаржы салады. Жобаның бақылаушы пакеті француздардың қолында болады. «Total Eren» негізгі инвестор ретінде жел электр стансасын және басқа жобаларды салуға өз бетінше несиелік қаржы тартады. Бірлескен компания қызметінен, стансадан түскен табыс осы үшеуі арасында үлесіне қарай бөлінеді.

Жобаның бірегейлігі сол, онда ел тарихында алғаш рет электр энергиясын алып, батареяларда жинақтау жүйесі пайда болады.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына толық қол жеткізуге міндеттеме алғандықтан «Мирный» жобасы республикаға көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына кем дегенде 2 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді екен. 

Сондай-ақ Сарысу және Талас аудандарында «Masdar» (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 500 мегаваттық жел электр стансаларының жобасы қолға алынды. 
 Сол сияқты «China Power International Holding Limited» компаниясы Сарысу ауданында қуаты 500 мегаватты құрайтын жел электр стансасы жобасын жүзеге асырмақ.
Дамир Сейсенбекұлының айтуынша, облыста 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 28 нысанға дейін жеткізілетін болады. 

Осы бағытта Жуалы ауданында нәтижелі істер жетерлік. Аудандағы бірінші күн электр стансасы 2015 жылы пайдалануға берілсе, екіншісі 2018 жылы іске қосылды.
 Д.Тұңғатовтың сөзінше, «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасы бірнеше жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп тұр. Стансаның бірінші бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Жалпы құны – 23,5 миллиард теңге. Стансаға қажетті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізіліп орналастырылған. Жалпы алаңы 150 гектар алқапты алып жатқан «Burnoe Solar-1» күн электр стансасының қуаттылығы – 50 мегаватт.

 – Бірнеше жыл бұрын «Burnoe Solar-2» күн электр стансасының екінші кезеңі басталып, оған бірінші стансаның тұсынан 151,8 гектар жер телімі берілген. Қарастырылған қаражат көлемі 25 миллиард теңгені құрады. Аталған жобаның инвесторы – «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» ЖШС, ал қаржыландыру көзі – Еуропалық қайта құру және даму банкі. Бұл кешен аумағында «Jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеп тұр. Стансаның екінші кезеңі тоқтаусыз жұмыс істей алатынын бірнеше жыл бойы дәлелдеп келеді.

Күн электр стансасындағы электр энергиясының қуаты сағатына 78,2 миллион киловатқа жетеді. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы көрсеткіш. Жоба қазір толық қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруге үлес қосып жатыр. Күн электр стансасының табысы бүгінде тұрақты түрде артқан. Қазіргі кезде әлеуеті 100 мегаватты құрайтын стансаның күніне 660-680 мың киловатт шамасында қуат өндіруге шамасы жетеді. Аудандағы екі электр станциясының жалпы жобалық құны 48 миллиард  теңгені құрайды. Екеуінің әлеуетін қоса есептесек, 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ететін мүмкіндік бар екен.

Жалпы алғанда, күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл өткен сайын еселеніп келеді. Бірнеше жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі «EMEA Finance» тарапынан «Burnoe Solar-1» жобасы «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» аталымы бойынша марапат та алған, –деді Дамир Сейсенбекұлы.

Жуалы ауданында су электр стансаларын салу жұмыстары да мықтап қолға алына бастаған. Мәселен, Көксай каналы бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансаларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті. Бұл да бір ауқымды жоба екені анық.

Көксайда «ҚазГидро Оперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су электр стансасын салу мақсатында нақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы бұл маңда алдағы уақытта қуаттылығы тəулігіне 18 мегаватты құрайтын төрт электр стансасы салынуы керек. Жобаның жалпы құны 13,2 миллион долларды құрап отыр.

Көксайдан бөлек, Ақсай каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр стансаларының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион доллар көрінеді. Әйткенмен бұл жобалар әзірге нақты жүзеге асқан жоқ. Алдағы бірнеше жылдың бедерінде су электр стансалары да толық қуатында жұмыс істейді деген үміт бар.Айта кетсек, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Ақтоты  Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар