Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"Цифрлық қазақстан" - жаңғыруға бастайтын қадам

"Цифрлық қазақстан" - жаңғыруға бастайтын қадам
ашық дереккөз
Сәт сайын жаңарып, түрленген технология дәуірі қазақ қоғамына да түрен салды. Төрткүл дүниенің бір бөлшегі ретінде қазақстан да жарық жылдамдығымен дамыған ғылыми-технологиялық прогресті айқын сезініп жатыр.

Бүгінгі таңда облысымызда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын кәсіпорындарда өндіріске енгізу жұмыстары табысты жүзеге асырылуда.
Жалпы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік жəне логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауылшаруашылығы жəне электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру.
Төртінші – IT мамандар даярлау. Сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаттары – ортамерзімді перспективада Қазақстан Республикасы экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау.

Бағдарламаның жүйелі жүзеге асуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Ел Президенті цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтқан болатын. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.
Президент: «Big Data» технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдырып, «Smart Data Ukimet» жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын»,деді. 
Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек»,  –деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тиісті заңнамалық актілерге, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, Үкіметке, Парламент палаталарының Аппараттарына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді. 
Президент тапсырмалары шеңберінде облысымызда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Айталық, 2025 жылға дейін облысымыздағы 74 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда облыстағы 367 ауылдық елді мекеннің 150-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Өңірдегі 371 елді мекеннің 72-сі 2G, 140-ы 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетпен қамтылған. Қалған елді мекендерді келесі жылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жол картасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. 
Сонымен қатар бірнеше жыл бұрын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының ұйытқы болуымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылған болатын. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Бродкастинг» залы, «Коворкинг» орталығы оқырмандарға қызмет көрсетуде. Сондай-ақ «Коворкинг» орталығы Жуалы аудандық орталық кітапханада, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық, Меркі аудандық, Талас аудандық орталық кітапханаларында және Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада тиімді жұмыс істеуде. Айта кетейік, әрбір орталық компьютермен және интернет желісімен жабдықталған. Яғни орталық мамандары тұрғындарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы қажетті құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес беруде. Сонымен қатар цифрландырылған орталықта жұмыс істейтін (кітапханашы) мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында облыстық инсвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығында түрлі оқыту семинарлары өтеді. 
Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. 
– Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйым бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады. Осы орайда облыстағы кәсіпорындарға цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Шу, Сарысу, Мойынқұм мен Талас аудандарында орналасқан үлкенді-кішілі зауыттар қазірдің өзінде өндіріске цифрлық технологияларды енгізген, – дейді басқарма басшысы.
Бағдарламаны жүзеге асыруға алғашқылардың бірі болып білім беру ұйымдары білек сыбана кірісті. Аз уақыт ішінде нақты жоспарлар түзіліп, оқу орындары цифрландыру үрдісін ұрпақ тәрбиелеу, маман даярлау ісінде кеңінен кәдеге жарата бастады. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Цифрлы университет» жобасы бойынша жұмыстар арнайы түзілген тұжырымдамаға сай жүргізілуде. «Цифрлы университет» жобасы аясында оқу үрдісі толығымен автоматтандырылып, студенттердің жеке ізденісіне көп уақыт беріледі.
Сонымен қатар 2024 жылдың 15 наурызында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Цифрлық білім беру ортасы: мәселелері, болашағы және байланыс шектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның басты мақсаты – цифрлық білім беру ортасында шет тілдерін оқытудың теориялық және қолданбалы аспектілерін тереңдете меңгеру. Басқосу барысында Дулати университеті мен Корея Республикасы Елшілігі жанындағы білім беру орталығы арасындағы меморандум негізінде келген Ли Сан Су шет тілі сабақтарында сөйлеу мен жазуға назар аудара отырып, тіл алмасу қолданбаларын қалай пайдалануға болатындығы жайында баяндама жасады. Осыған орай кітапханалық-ақпараттық орталық «Цифрлық білім беру ортасы» атты тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырды. 
Сондай-ақ И.Раззақов атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің аға оқытушысы Гүлдастан Исмайлова онлайн байланысқа шығып, бейнематериалдарды информатикада шет тілін оқытуда оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту құралы ретінде пайдалану туралы айтып берді. Сонымен қатар өзге өңірдің ЖОО профессорлары мен оқытушылары конференцияға қатысушы студенттер мен оқытушыларға негізгі тақырып бойынша дәріс оқыды.
Жалпы цифрландыру өте қымбат процесс. Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды екен. Дегенмен мәселені шешу үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді. 
Цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты. Қолдағы смарт телефон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол. Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді.

 

Қымбат ШӘРІП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік 
университетінің
 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар