Нақтырақ айтсақ, 1991 жылдың 25 қазанында алғаш рет құрылған Қазақ КСР-ның мемлекеттік қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып ауысты. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты сол кездегі ҚР Президенті Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр – Отан қорғаушы күні» деп жарияланды.
2012 жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті мейрамдарға арналған заңды қайта қарап шықты. Осы іс жүзеге асқаннан кейін ел ішінде тойланатын мерекелерге өзгерістер енді. Парламент 7 мамырды мемлекеттік мереке деп таныды. Сәйкесінше бұл айтулы дата демалыс күні болып бекітілді.
Осыдан 32 жыл бұрын Президент Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.
Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін! Еліміздің өркендеу жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз. Бейбіт таңдарымыз таусылмасын.
Нұрбол ЗЕЙНЕЛОВ,
облыстық қорғаныс істері
жөніндегі департаменттің
бастығы, полковник