Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таластан ле-гаврға дейін

Таластан ле-гаврға дейін
Ашық дереккөз
Сонау Батыс Еуропада, Францияның солтүстік Нормандия өңірінде, Атлант мұхитының жағалауында Ле-Гавр атты қала бар. Бір қарағанда сонау шалғайдағы Францияның қаласымен бізді байланыстыратын ештеңе жоқ сияқты...

Менің атам Еркінбек Түменбайұлы 1922 жылдың мамыр айында қазіргі Көктал кентінің күнбатысындағы арғы атамыз Жұмабайдың қыстауында дүниеге келген. Небәрі 18 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Сол кездегі бозбала бұл сапардың бірнеше жылға созылып, өзінің бірнеше мемлекетте ізі қалып, Атлант мұхиты жағалауына дейін жететінін қайдан білсін...Еркінбек атамның өмір жолы «Өмір соқпақтары» атты кітапта кезең-кезеңге бөлініп сипатталған. Мәселен, «Атың өшкір соғыс» бөлімінде атамыздың майданға аттануы, фашистермен қанды ұрыстарда болуы, Украинада тұтқынға түсуі, жанындағы басқа еңгезердей шымыр жігіттердің өзі шыдай алмай сырқаттанып қалып жатқанда еңсесін түсірмей қайсарлық танытуы, тұтқыннан босап шыққанда айып батальонына емес, Құдай сақтап, резерв батальонына жіберілуі, соғыс аяқталғаннан кейін тасжолдарды минадан залалсыздандыру жұмыстары кезінде Берлин-Прага тасжолында мина жарылып, көзіне жарықшақ тиіп жаралануы, нәтижесінде Чехиядағы Карловы Вары қаласында қырық күндей ем алуы, Отан алдындағы борышын толық өтеп, елге аман-есен оралуы сынды ең қызық та ең ауыр кездер егжей-тегжейлі айтылған. Кітапты оқып отырып, атамыздың Еуропаның көп қаласында болғанын аңғарамыз. Соның ішінде өзіме ерекше көрінген бір жер болды.Себебі атамыз барған ең қашық нүкте еді.

Ол – Франциядағы Ле-Гавр қаласы (атамыз естелігінде оны Легавр, Легабрь деп атаған, өйткені французша «Le Havre»). Атамыздың естеліктерінде былай делінеді: «1944 жылдың наурыз айының ортасынан бастап немістер бізді Варшава, Париж қалаларынан ары өткізіп, Легабрь деген портты қалаға жақын жердегі тауға апарды. Таудан төмен қарасаң Атлант мұхиты көрінеді. Мұхит суымен беті-қолды жудық. Жері көкмайса.Бізге Атлант мұхиты жақ бетінен тереңдігі 1,5, ені 90 сантиметр оқпана қаздырды, неміс тілінде нан сұрап жейтіндей сөйлесе бастадым».Атамның ХХ ғасырда тұтқын болып барған жерге немересі, яғни маған ХХI ғасырда саяхатшы ретінде бару бұйырды. Ле-Гавр – Франциядағы екінші үлкен портты қала. Портта кішкене бір желкенді қайықтарды да, үлкен жүк кемелерін де, тіпті алып круиз кемелерін де көруге болады. Қаланың өзіндік әсемдігі бар, барлық ғимарат бір-бірімен керемет үйлескен.Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түгелге жуық қираған қала әйгілі француз сәулетшісі Огюст Перренің басшылығымен қайта қалпына келтірілген.

2005 жылы Ле-Гавр ЮНЕСКО тарапынан адамзат үшін ерекше тарихи маңызы бар қала деп танылып, «Әлемдік мұралар» қатарына кірді. Тұрғындар қала тарихына құрметпен қарайды, мұны толып тұрған тарихи ескерткіштерге қарап байқауға болады. Атамыз айтқан оқиғалар осы қалаға жақын маңдағы жартастардың бірінде орын алған. Әктас жыныстарынан түзілген бұл жартастар жүйесі Ле-Гавр қаласынан Ле-Трепор ауылына дейін, жағалау бойымен 120 шақырымға созылып жатыр.Мен Ле-Гаврдан 30 шақырымдай жердегі Этрета қалашығының жанындағы жартастардың біріне бардым. Барлығы тура атамның естеліктеріндегідей. Биік жартастың басына шығып, төмен қарап едім, Атлант мұхиты көрінді. Жартас басындағы жер – көкмайса шөп. Шеті көрінбес, түрі сұсты қара мұхитқа қарап біраз тұрдым.

Төменге түсіп, соғыс заманынан қалған бункерлер мен доттарды көрдім.Көз алдыма Еуропаны азат етуге келген Америка сарбаздары мен ине шаншар орын қалдырмай бекініп алған немістердің қанды айқасы келді: жағаға бірінен соң бірі келіп жатқан АҚШ теңіз десанттық кемелері және неміс доттарынан оларға қарсы бораған пулемет оқтары... Тарихи жәдігерлерді асықпай көріп шыққаннан кейін мен де ырымдап мұхит суымен бетімді жудым.Таласта туып-өскен бозбаланың тағдырдың құдіретімен шалғай Батыс Еуропаның ең шеткі нүктесіне баруы, Атлант мұхитын көріп, суымен бетін жууы мені ерекше әсерге бөледі.

Мен де атамның ізімен жүріп, сол жерлерді көргім келіп осы сапарға шыққан болатынмын. Өзім бұл сапарда бір киелі жерге зиярат еткендей болып, рухани сергіп қайттым. Көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Еркіндік пен бейбітшіліктің құны әрдайым жоғары болатынын, тарихымызды барынша оқып, ата-бабаларымыздың өмірі мен істеген еңбектерін білу қажеттігін және қазыналы қарияларымызды қадірлеу керектігін ұғындым. «Тектен нәр алған тозбайды» деген нақылдың да мәні осында. Ата ізімен жүріп, көңілге түйген өнеге-ғибрат бізге жол көрсетер шамшырақ болып, өмірімізге қуат пен шабыт береді, ал оны кейінгі ұрпаққа аманат ретінде аялап жеткізу біздің міндетімізге айналуы тиіс.

Әлібек Қуанышбек,
аудармашы, 
жиһанкез

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар