Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынбақ

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынбақ
ашық дереккөз
Статистика бойынша,  әлемде жыл сайын 600 мың әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады.

Оның 340 мыңға жуығы қайтыс болады. Өкінішке қарай, көптеген науқас осы аты жаман аурудан көз жұмады. Облысымыздың өзінде  былтыр 99 әйелден дерт анықталса, 21 адам қайтыс болған. 

Қазір әйелдер арасында бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Дәрігерлер вакцина арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болады деп отыр. Сондықтан да елімізде қыркүйектен бастап 11 жастан асқан  қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынбақ. Екпе папиллома вирусына қарсы салынады. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына осы вирус себеп. Бүгінде  вакцинаның бұл түрін бірқатар шет мемлекет иммундау бағдарламасына енгізіп жатыр. Екпе бедеулікке әкелмейді, сондай-ақ қыз балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев пен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова  хабарлады.

–  2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда 11 жастан асқан қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе егуді жоспарлап отыр.
Адам папиллома вирусы жатыр мойны обырын тудыратындықтан сіз аталған вирусқа қарсы вакцина алып, жатыр мойны обырының қорқынышты ауруының алдын аласыз. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.

Бүгінгі таңда әлемнің 125-ке жуық елінде АПВ-қа қарсы вакцинация сәтті жүргізілуде. Соның ішінде ТМД елдерінде, нақтырақ айтсақ, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан мемлекеттерінде жатыр мойны обыры 90 пайызға төмендеген. Бүгінгі күні вакцина арқылы қорғануға болатын жалғыз қатерлі ісік – 
жатыр мойны обыры.

Қазіргі уақытта біздің елімізде осы егу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу үшін медициналық кадрларды даярлауға көңіл бөлінуде.  Сонымен қатар адам папиллома вирусына қарсы екі рет тегін егудің маңыздылығы және өз баласын қатерлі ісік ауруынан қорғау мәселелері бойынша халық арасында кең санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу басталды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Тіллабекұлы.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – тері мен шырышты эпителийге әсер ететін вирустардың кең таралған тобы. Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Осы орайда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Нейли Муликова неліктен екпенің  11 жастан асқан қыздардан бастап салынатынын түсіндіріп өтті. 

–  Бұл жас Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалады, өйткені 11-14 жас аралығындағы екпе ересек жасқа қарағанда тиімді, екпеден кейін тұрақты иммунитет қалыптасады, – деді Нейли Орынбасарқызы.
Брифинг барысында спикерлер журналистердің қойған сұрақтарына нақты жауап берді. 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар