Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жеңімпаз спортшылар марапатталды

Жеңімпаз спортшылар марапатталды
ашық дереккөз
Жақында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатынан жамбылдық қос бірдей спортшымыз олжалы оралған болатын.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлішер Ерғали Олимпиада жолдамасы үшін еркін күрестен өтіп жатқан Азия құрлығының лицензиялық турнирінде жеңімпаз атанды. Әлішер жартылай финалда қытайлық спортшы Әбусайман Хабиладан айласын асырып, Олимпиада лицензиясына ие болды. 


Сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержет Жарлықасын Азия чемпионатында үздік өнер көрсетіп, грек-рим күресінен алтыннан алқа тағынды. Жерлесіміз финалда (63 келі) XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Айата Сузукиді ұтты.Кеше облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жеңімпаз спортшыларды қабылдап, мақтаныштарымызды жарқын жеңісімен құттықтады.Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекелерде еліміздің көк туын желбіретіп, жеңімпаз атанған спорт саңлақтарының біразы біздің өңірден шыққанын мақтанышпен айта аламыз.

Жақсылық Үшкемпіров, Бақтияр Артаев, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров секілді спортшылардың жарқын жеңісі сөзімізге дәлел бола алады. Бүгін де Азия чемпионатында топ жарған намысты спортшыларымызбен кездесіп отырмыз. Сіздерді Азия ойындарындағы жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, биік шыңдарды бағындыруларыңызға тілектестігімді білдіремін.

Әлішер Ерғали санаулы күндерден соң жалауы желбірейтін Париж Олимпиадасында бақ сынағалы отыр. Маңызды жарыстан олжалы оралады деген үмітіміз мол. Сайысқа дайындық жоғары деңгейде деп ойлаймын.

Егер жаттығу орны, дәрумен, спорттық құрал-жабдықтарға қатысты мәселелер туындап жатса, қысылмай айтыңыздар.Бар көмекті аямаймыз. Жарыста жасындай жарқырау үшін қолайлы жағдай жасалу керек. Ендеше алдағы Париж Олимпадасында облысымыздың, ел намысын асқақтатады деп сіздерге үлкен үміт артамыз, – деген Әбілқайыр Ғалымұлы жүлдегер спортшылардың әрқайсысына 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.


Сондай-ақ Ержет Жарылқасынның жеке бапкері Асылжан Байзақов пен Әлішер Ерғалидың жеке бапкері Пернебек Беласарға, еркін күрестен облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы Ғани Назымбековке 500 мың теңгелік сертификат берілді. 


Кездесу барысында облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Әлімбек Әсембекұлы сөз алып, жас спортшыларды құттықтап, алдағы спорттық жолдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол: «Облыста әйелдер күресінде жарыстарға іріктеу ашылса», – 
деп ұсынысын айтты.


Сөз соңында Әлішер Ерғали әлемдік додада бар өнерін көрсетіп, жеңіс жалауын желбіретуге күш салатынын жеткізді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар