Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кептербоз Кенжехан

Кептербоз Кенжехан
ашық дереккөз
Бейбітшілік құсының бабын табу да бейімділікті талап етеді

Халқымыз аққуды – махаббаттың, қарлығашты – достық пен мейірімділіктің символына балап, көңілі көлдей көгершінді бейбітшілік құсы деп бағалаған. Тылсым табиғат тамыршысы құстар десек, ал сол қанаттылардың көріктісі – көгершін. Ел арасында көгершіннің бабын тапқан жанды «кептербоз» деп атайды. Бұл істі жаны сүйіп, өмірлік кәсіп етіп отырғандар біздің өңірде аз емес екен. Солардың басын бір арнаға қосқан облысымызда «Тараз» кептербоздар клубы жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді. Осы бір қызықты жайтты естіп, аталмыш клубқа арнайы ат басын бұрған едік.

«Тараз» кептербоздар клубының төрағасы Кенжехан Тәттібаевтың кептерханасында көгершіннің түр-түрі бар. Қайсыбіріне қарасаң да көркіне көз тоймайды. Қылықтарына қарап отыра бересіз. 

– Оңайлықпен айтқаныңа жүрмейтін, илеуіңе көнбейтін қанаттылардың осы бір түрін дегеніңе көндіру – ол да бір өнер, – деп бастады әңгімесін Кенжехан Тәттібаев. – Тағдырдың мың тарау жолы сынды, әр адамның таңдау-талғамы әртүрлі. Әркімнің көңілі ауған кәсібі болады. Бала күнімнен құстарға құштар болып өстім. Әсіресе кептер мен көрікті көгершіндерге сүйсінетінмін. Кейін бала арманым осы іспен мықтап шұғылдануға алып келді. Сөйтіп, бел шеше кірістім.

Бейнетіне көндім. Жанқұмарлықпен бастаған ісімді бір ізге түсірдім. Шынында, әр тіршілік атаулыға өзіндік күтім керек. Ал құс баптау, олардың жағдайын жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. 

Негізгі мамандығым – құрылысшы. Мамандығым бойынша біршама жыл еңбек еттім. Одан бөлек сауда-саттықпен де айналыстым. Бір сөзбен айтқанда, қара жұмыстың қара нанын жедім. Алайда адам өзінің жаны қалаған істен ғана сая табады екен. Қазір құстарсыз өмірімді мүлдем елестете алмайтындай жағдайға жеттім. Көгершіндерімнің жанынан екі елі алыстағым келмейді, – дейді кептербоз Кенжехан.

Көгершіннің бабын тапқан Кенжехан ағамыз тауыс пен қырғауыл да асырайды. Қазіргі таңда қолында 600-ге жуық құс бар. Әлемде сирек кездесетін көгершін құстары да баршылық. Оның баптаған балапандарының арасында ерекше қасиетімен дараланып, әртүрлі адам сенгісіз іс-әрекеттер жасайтын өнерлері де бар. Мұндай көгершін құстарды біздің тойшыл қауым қуаныштарына аттай қалап алдыртып жатады. 

Кенжехан мырзаның айтуынша, кептербоздар клубының құрамында жиырмадан астам құсбегі бар екен. 

 Клуб мүшелерінің басым көпшілігі құс көрмелері мен базарларының тұрақты қатысушылары. Біздің құрамның ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде халықаралық дәрежеде құс көрмесі өтіп тұрады. Онда әр елдің түкпір-түкпірінен жиналған кептербоздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, құстарын саудалап жатады. Көпшілік көгершін асырау арзан әуестік емес екендігін біле бермейді. Айта кететіні, осы бір құс түрін дамыған әлем елдерінің бай-бағландары мен әуесқойлары біздің елден қымбат қаражатқа қалап алдыртады. Кей құстар 5000 АҚШ долларына дейін бағалануы мүмкін. Негізі сүйікті ісіңді саудалауға қарсымын. Алайда соншама құстың бабын табу үшін қыруар қаражат қажет. Амалсыздан сұрағанның қолын қайтармауға тырысасың. Бір жағынан, мен үшін бұл іс кәсіптің көзі болса, екінші жағынан, өмірдің өзі сынды, – деп әңгімесін түйіндеді кептербоз.

Жезтаңдай әнші Мейрамбек Беспаевтың да кептер баптауға жаны құмар екенін тыңдармандары жақсы біледі. Бір жылдары отандық эстрада жұлдызымен сәті түскен кездесуде Кенжехан Тәттібаев сыйлы қонағына текті құсын сыйға тартыпты. Тіпті қазақы салт-дәстүрмен иығына зерделі шапан жауып, астына ат мінгізіп, мәртебелі мейманы Мейрамбекке құрмет көрсеткен. Міне, мәрттік деп осыны айт.

Бала кезімізде «Ақ көгершін, көгершін, қолқанат құс сен едің. Бар кезіп қайт ел үшін, кең дүниенің көлемін...» деген өлең жолдарымен өрілген «Ақ көгершін» әнін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде айтатынбыз. Алайда бұл шығарманың бояуы бөлек, айтпағы басқа. Мәнісі сол, көзкөрген кісілер өмір өлшемін қамшының сабы мен құс қанатының қағысына теңеп жататындығы. Сондағысы келте келген «кең дүниенің» көгінде ақ көгершіндей адалынан самғайық дегені болар, бәлкім. Қара сөздің қадірін түсінген жанға мұнда да рухани азық, тағылымды тәрбие жатыр. Осындайда «Өмір – құс қанат ғұмыр» деп бекер айтпаса керек-ті.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, 
«AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның цифрлық контент орталығының жетекшісі

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар