Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Берекенің айнасы-бейбітшілік

Берекенің айнасы-бейбітшілік
ашық дереккөз
«Бірлік» деген алты әріпті сөздің маңайында айрандай ұйыған алты Алаштың баласы үшін бұл ұғымнан қасиетті дүние болмаса керек.

Өйткені біз ежелден бірлігіміз бекем болғанда күркіреп күн түбіне жорттық. Жағаласқанның жағасын жырттық, тірескеннің тізесін бүктік. Ал бірлігіміз кеткенде бегіміз құл, беліміз күл болды. Сондықтан да бірлік деген сөздің қадірін қазақ баласы бір кісідей-ақ біледі. 

Қазақтың классик қаламгері Әбіш Кекілбайұлының: «Құдайдың өзі берекесі бекем, бірлігі мығым қауымға алдымен көмектеседі», деген тұжырым жасағаны да бірліктің қадір-қасиетін ұғындырып тұрса керек. 
Тіпті Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында: «...Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар», – деп, татулық пен ынтымақ Құдайдың сыйы екенін баян етеді. Ал хакім Абай алтыншы қарасөзінде: «Бірлік дегеніміз – малға (дүниеге) бірлік емес, ақылға бірлік» дейді. Дананың айтып отырған ақылға бірлігі – ағайын арасындағы татулық пен ел арасындағы ынтымақтың белгісі болса керек. 
Жалпы ел арасында бірлік туралы аңыз-әпсана өте көп. Ауыздан-ауызға тарап, бүгінге дейін жеткен аңыздың бірін тарқатып көрсек. 
Бірде бала Төле би Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. 
– Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ? – деп сұрайды Төле. 
Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. 
– Балам, мынаны сындырып көрші? 
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. 
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп оп-оңай сындырып береді. 
Сонда Әнет баба: 
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. 
Төле ойланып отырып:
– Түсіндім баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой. 
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – деген екен. 
Тағы бір мысал. 
Ерте, ерте, ертеде бір топ батыр жиналып, найзаларының ұшын отқа қыздырады. Содан найзаның ұштары қорытылып, одан үлкен қазан құйылып шығыпты-мыс. Сол күннен бастап әлгі батырлар бір қазаннан ас ішіп, бір-біріне дос болып, ауызбіршіліктерін сақтаған ең күшті тайпаға айналған екен.
Аңыз-әпсанадан бөлек, халқымызда бірлік туралы мақал-мәтелдер де атан түйеге жүк боларлықтай көп-ақ. Мәселен, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп мақалдатқан қазақ елінің, шын мәнінде, алтауы ала болған кезі де, төртеуі түгел болған кезі де басынан өтті. 
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалды барлығымыз қолданамыз. Бірақ мақалдың мағынасын бәріміз білсек те құрамындағы сандарға баса назар аудармайтынымыз жалған емес. Осы орайда идеология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлованың пікіріне құлақ астық.
– Алты саны – біз үшін Алаш сөзімен үндес. «Алаш» қалың қол, мыңды білдіреді. Яғни көпті, жүз үй адамын, бүтіндей бір қазақты меңзейді. Демек, бұл сөзде алты саны санның, мөлшердің емес, сөздің мәнін түсіндірді. Енді, төрт санына назар аударсақ, мұнда – тек бір үй мүшелерін айтқысы келген. Мысалы, бір шаңырақта төрт адам болса – атасы, енесі, келіні, отағасы, баласы. Міне, бұл – бір шаңырақ астындағы төртеу дегенді білдіреді. Төртеу – бір үйден асып әріге бармайды. Алтау – ол көп. Мың болуы мүмкін, он мың болуы мүмкін. Алтаудың түгелі – Алаштың тыныштығы, берекесі, ынтымағы. Ал төртеудің түгелі – шаңырақтың берігін білдіреді, – деді Г.Смағұлова.
Шынымен де отбасының толық әрі мүшелерінің тату-тәтті болуы мемлекеттің іргетасының берік болуына ықпал етеді. Егер Отанымызды бір шаңырақ деп қарастырсақ, шаңырақтың астындағы түрлі ұлт өкілдері бір отбасының мүшелеріндей. 
«Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» дегендей, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын ұлы Отанымыз 130-дан аса ұлт пен ұлысты құшағына басқан. Бәріміздің бір ғана шаңырағымыз бар. Ол – Қазақстан! Ал қазақ елінде, қазақтың қасиетті жерінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған ұлт пен ұлыстың, этностардың басын бірлікке топтастырып, бүгінгі өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын одан әрі жарастыра нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары. 
Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту.
Мәселен, жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларды дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз», дей келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған кейінгі деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының саны – 20 075 271 адам. Оның ішінде 71 пайызға жуығы қазақ ұлты болса, 29 пайызы – өзге этнос өкілдері. Түрі бөлек болса да тілегі бір тұрғындар тарихи сүреңдерді артқа қалдырып, бүгінгі күнге дейін тату ғұмыр кешіп келеді. 
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы, расында, құрылған кезден бастап өзінің тарихи миссиясын ойдағыдай орындап, достықты, елдің бірлігін нығайтып, қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылықтың негізін қалаушы факторға айналды. 
– Өткен сессияда Мемлекет басшысы: «Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет», – деді.
Президенттің айтуынша, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, ақсақалдар және аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамытқан ләзім. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсенді түрде көмектесіп жатқанын айтты.  Жалпы қайырымдылық пен Ассамблеяны егіз ұғым десек те қателеспейміз. Су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мың еріктісі жұмылдырылды. Осы тұста облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді жастарының еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Өздеріңізге белгілі, тасқын судан зардап шеккен аймақтарға Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. Бүгінде «Жүректен – жүрекке!» атты ауқымды акция жүргізілуде. Өңірлерге 1 500 тоннадан астам ең қажетті тауарлар жіберілді, – дейді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева.
Иә, біз қиын-қыстау қилы кезеңдерден халқының бірлігі арқылы өтіп келе жатқан мемлекетпіз. Ел басына күн туа қалса бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін Қазақстан халқының бірлігін, шын мәнінде, тасқын су бұза алмастай, жанған от жаға алмастай берік екендігі осыдан-ақ білінсе керек.
«Ит пен ит ырылдасса, тамағының тоқтығы. 
Жігіт пен жігіт қырындасса, ынтымағының жоқтығы» деген қазақ халқы ынтымақтың тауды да жылжытатын күш екенін білген. Қысқасын айтқанда, бірлік достықтың да, махаббаттың да жан тамыры. Ол бар жерде – бәрі бар.

Шапағат ӘБДІР

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар