Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыс еңбек шартынан басталуы тиіс

Жұмыс еңбек шартынан басталуы тиіс
Ашық дереккөз
Жұмыс берушімен еңбек шартын жасасу – маңызды мәселе. Еңбек шарты жазбаша түрде жұмыскердің және жұмыс берушінің қол қоюы арқылы жасалады және екі тараптың әрқайсысы өз мүддесін қорғайтын бір-бір құжатқа ие болады. Жұмысшы еңбек шартының бір данасын алғанын жазбаша түрде растайды.

Қазіргі уақытта кейбіреулер бір шаруа қожалыққа малшы, тағы бірі базарда саудагерге жүк тасушы, ал енді бірі қандай да бір нысан құрылысын жүргізіп жатқан мердігерге жұмысшы болып орналасуы мүмкін. Олардың дені көбіне еңбек шартын жасаспай-ақ іске кірісіп кетеді. Мұндайда жұмысшы қандай да бір жазатайым оқиғаға тап болса немесе басқа да әртүрлі жағдай орын алса, ол өз құқығын тиісті дәрежеде қорғай алмайды. Анығын айтқанда, жұмысшы жұмыс берушімен еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдауға келіссе, онда бұл – жұмысшының өз құқығын шектегені. Алайда бұл жұмысшының барлық құқығынан айырылуы деген сөз емес. Жұмысқа қабылдау бұйрығы мен жұмысқа кірісу фактісі еңбек шартының жасалғанын растайды. Дегенмен қандай да бір келіспеушіліктер туындаған жағдайда жұмыскер жалақы көлемін, еңбек міндеттемелерін, тағы да басқа жағдайларды дәлелдей алмайды. Өйткені ол ешқандай құжатта көрсетілмеген. Сондықтан еңбек шартының жазбаша формасы жұмыскер үшін өте қажет. 

Еңбек шартының мазмұнына келсек, онда тараптардың деректемелері көрсетіледі. Мәселен, еңбек шартында жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні жазылады. Жеке сәйкестендiру нөмiрi (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi), жұмыс беруші заңды тұлғаның және оның орналасқан жерінің атауы, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi болады. Жұмысшының да тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі қамтылады.

Бұдан кейін жұмысшының белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы), жұмыстың орындалатын орны, еңбек шартының мерзімі атап көрсетіледі. Жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар қарастырылады. Егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және зиянды немесе қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер жайы көрініс табады. Жұмыс беруші мен жұмысшының құқықтары мен міндеттері, еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі, тараптардың жауаптылығы, еңбек шартының жасалу күні мен реттік нөмірі де еңбек шартында болуы тиіс.

Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін. Тиісті рәсімделмеген еңбек қарым-қатынасының салдары жайлы бірнеше мысал келтіруге болады. Атап айтсақ, еңбек шартын жазбаша түрде жасамаудың салдарынан жалақыны сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі жойылады. Сондай-ақ жұмыс істелген уақыт еңбек өтілі ретінде саналмайды және зейнетақы қорына тиісті жарналар аударылмайды. Қолына алуы тиіс жалақы мөлшері еңбек шартында төмендетіліп көрсетілуі салдарынан адам сот тәртібі бойынша жалақысын толық көлемде өндіріп алу мүмкіндігінен айырылады.

Азаматтың табысы мен төлем жасау мүмкіндігін дәлелдеу бойынша мәселелер де туындауы мүмкін. Еңбек шартында міндетті шарттардың болмауы салдарынан жұмыс беруші жұмысшының құқығын басқа мақсатта пайдалануы да ғажап емес. Жұмысшыға қосымша міндеттемелер жүктелуі, заң бойынша бекітілген кепілдіктер мен өтемақылар төленбеуі мүмкін. Осыған орай әр адам жұмыс істеуді алдымен еңбек шартынан бастағаны абзал. Сондықтан қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік еңбек инспекторлары күн сайын азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді. Мақсат – еңбек қатынастары барысында жұмысшының өз құқығын білмеуі салдарынан оның жапа шегуіне жол бермеу.

 

Жанмұрат БЕКМҰРЗАЕВ,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының
мониторинг және құжаттама бөлімінің бас маманы

 



 




 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар