Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Маңызды мәселелер мәслихат назарында

Маңызды мәселелер мәслихат назарында
Ашық дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІV сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімдігінің басқарма басшылары, БАҚ өкілдері және Тараз қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасап, 2024 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасына тоқталды.Басқарма басшысының айтуынша, облыстық бюджеттің қаржысы, ең алдымен, кезек күттірмейтін халықтың игілігіне жұмсалатын қажетті әлеуметтік салаларды жетілдіруге бағытталып отыр. Нақтылай түссек, депутаттар облыстық бюджеттің шығыстары ұлғайтылған кірістер және үнемделген қаражаттар есебінен білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік, құрылыс салаларын дамыту мақсатында бірқатар нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бөлуді бірауыздан қолдаған. 

Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге қатысты ұсынысты халық қалаулылары қолдап, бекітуге келісім берді. 
Сессия барысында бірқатар депутат өздерін толғандырған мәселелерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт жергілікті баспасөздерде жарияланған өзекті мәселелерге кейбір атқамінерлер немқұрайдылық танытатынын жеткізіп, билік өкілдерінің сын мақалаларға дер кезінде жауап беруіне қадаға керектігін баса айтты. Және жаңадан тағайындалған мекеме басшыларымен тек бюджеттің кіріс-шығыстарын талқылайтын кезде ғана танысатынын, сол себепті қордаланған мәселелерді шешу мақсатында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Ал депутат Керімқұл Бегалиев Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық аурухананың жылыту жүйесіне қатысты мәселені көтеріп, нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыт талабы екеніне тоқталды. Депутат Дәурен Ахметшаев зағип жандарға арнап кітапхана салу мәселесіне көңіл бөлуді сұрап, айрықша назарға алуды өтінді.

Өз кезегінде өңір басшысы Ербол Қарашөкеев депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер өте орынды екенін баса айтып, өңірде әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер аз емес екенін жасырмады. Жұмысты жеделдету жөнінде жауаптыларға нақты тапсырма берген аймақ басшысы жергілікті атқарушы орган өкілдері халық қалаулыларымен қашанда қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. 

                                                                                                                                                                                                                                                             Айжан ӨЗБЕКОВА



 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар