arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Саумал-саулықтың кепілі

Саумал-саулықтың кепілі
ашық дереккөз
Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Ұлттық сусынымыздың пайдасы жайлы бәріміз жақсы білеміз. Дейтұрғанмен көпшілік ескере бермейтін дүниелерді айтпай кетуге болмайды. Мәселен, егер сүтті сауғанда қалайы ыдысқа сауса, шипалық қасиетін тез жояды. Саумалды қыш ыдысқа немесе ысталған қауаққа сауады. Тағы бір ескертетін жайт, саумалды бір ыдыстан келесі ыдысқа қотарып мазалай бермейді. Саумалдың шипалы болуына, қымыздың емдік қасиетіне – жылқының жайылымы, жеген шөбі, ішкен суы мен ауасының да әсері бар.

Саумалдың шипалық қасиеті қырыққа жуық аурудың алдын алады. Әсіресе асқазан, қырыққатпаршақ, өт, бауыр, тоқішек қабынуының алдын алуда маңызы зор. Ағзаның ауруға қарсы белсенділігін күшейтеді. Обыр клеткаларына тосқауыл болып, буын ауруларына пайдасы тиеді. Ғалымдардың пайымдауынша, саумал – жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Ұлттық сусынымыз ағзаға сіңу кезінде асқорыту үдерісіне қатысатын ағзаларға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сондықтан дененің қалыпқа келу үдерісін жылдамдатады. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, суық тию мен тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісікті емдеу үшін қолданылады. Сондай-ақ саумалдың көмегімен иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасын емдеуге болады.Бие сүтінде көптеген дәрумен, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар мол. Айта кетерлігі, мұндағы кейбір микроэлементтер басқа сүт өнімдерінде кездеспейді. Саумалдың құрамындағы С дәруменінің мөлшері сиыр сүтінен 7 есеге жоғары. Қазір Еуропа ғалымдарының өзі саумалды емдік және диеталық өнім ретінде пайдалануға кеңес береді.
Көпшілік бие сүтін қалай қолдану керектігін біле бермейді. Негізі саумалды күніне 4-5 рет, тамақтанардың алдында 20-30 минут бұрын 250 миллиграмнан ішкен дұрыс. Ем осылай жалғаса берсе, бір аптадан кейін адамның көңіл күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті ашылады. Емделу уақыты – 1 ай. Бие сүті сауылғаннан кейін 3 сағаттың ішінде негізгі қасиеттерін жоғалтады. Мұны да біле жүрген жөн. Бірақ саумалды мұздату арқылы «өмірін» ұзартуға болады. Сонда табиғи өнім барлық биологиялық белсенді компоненттер мен дәрумендерді өз бойында сақтайды.Сондай-ақ қымыздың да адам денсаулығына тигізетін пайдасы орасан зор екені айтылып та, жазылып та жүр. Қымыз құрамындағы дәрумендер мен шипасы туралы тағы бір мәрте оқырман есіне салуды жөн көріп отырмыз.Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда 10 есе көп. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Сал ауруына душар болудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы көп. Ал ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қантамырларды тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Сонымен қатар қымыз адамның физикалық жағдайын оңалтып, тәбетін ашады, асқорытуды жақсартады.Қымызбен емделгенде қан құрамындағы эритроцит гемоглобині көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қанайналымы жылдамдайды. Қантамыр жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады. Кез келген сүттегі ең бағалы зат – ақуыз. Бие сүтінде ақуыз 1,8-2 пайыз болады. Қымызда шамамен 1,3-2 пайыз май бар. Бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем. Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады. Бие сүтіндегі полиқанықпаған май қышқылдары қанайналымын жақсартады. Қымыздың майы атеросклероз ауруына шипалы. Қымыздың құрамындағы қанықпаған май қышқылдары адам денесіндегі жасушаларды жақсартады.Сондай-ақ қымыз құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар, пептидтер, аминқышқылдар болғандықтан сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді.

Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» 
жоғары медициналық
колледжінің оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар