Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздар Атырауға аттанды

Сарбаздар Атырауға аттанды
Ашық дереккөз
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек көрсету үшін Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілерінің құрама отряды Атырау облысына барды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы апатты  жоюға барлығы 1 000-нан аса әскери қызметкер мен 60-қа жуық әскери техниканы жіберді.

Аталған бригаданың құрама отрядына 300 әскери қызметкер кірді. Олардың арасында офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер бар. Жауынгерлер көмекке аттанбас бұрын 5-механикаландырылған бригаданың командирі, подполковник Жаныбек Құранбеков әскери қызметкерлердің ел басына күн туған сын шақта халыққа қорған болып, қалпына келтіру жұмыстарына аянбай өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

– Біздің бригада қаһарман Бауыржан Момышұлының есімімен аталғандықтан істерің мен әрекеттерің дақты тұлғаның ұрпағы деген атағына сай болсын. Көмекке мұқтаж әр тұрғынға қалқан болыңдар, – деді Ж.Құранбеков.


Ал 5-механикаландырылған бригада командирінің бірінші орынбасары, подполковник Арман Сабыров болса, қажеттілікке қарай 300 адам ғана емес, одан да көп жасақ жинауға дайын екендіктерін жеткізді. Оның сөзінше, Атырау облысына көмекке баруға барлық сарбаз ниет білдіріпті. Көмек қолын созуға аттанғандардың арасында мамыр айында Отан алдындағы әскери борышын аяқтайтын сарбаздар да бар екен.

Шамалы уақыттан соң туған жеріне оралатын жас жауынгерлер жауапкершілігі мол тапсырма бойынша кетіп бара жатқандарына еш реніш білдірмепті. Керісінше сарбаздар су тасқынынан зардап шеккен өңірге аттанған жасақ құрамына қосылуын құрмет деп қабылдаған.Артиллериялық батальонның аға барлаушысы, қатардағы жауынгер Нұрғали Нұғман Атырау облысына баратынын естігенде қатты қуанғанын айтады. – Өйткені ел-жұртқа, туған-туысқа, дос-жаранға, ағайынға көмектесу – сауапты іс. Біз онда кем дегенде екі-үш ай ішінде қиындықты жеңуге титтей де болса көмектесе алсақ, өзімізді елімізге пайдалы жан сезініп, бақытқа кенелер едік, – дейді Н.Нұғман.

 


Мерзімді сарбаздар ефрейтор Әли Әбубүкір мен қатардағы жауынгер Бексұлтан Әлияров та осындай пікірде. Екеуі де екі-үш аптадан кейін үйлеріне қайту керек болған. Бірақ олар да, басқа сарбаздар да көмекке баруды жөн санапты.

***

Жалпы Үкіметтің тапсырмасы бойынша елді мекендерден үлкен суды бұрып әкету және су тасқынынан келетін шығынды азайту үшін барлық күштер мен құралдар жұмылдырылуда. Әскерилер де су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетуде.Мәселен, өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 3 295 әскери қызметші, 200 техника, 4 тікұшақ, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты және әскери-көліктік ұшағы тартылды.

Ақтөбе облысында 58012, 30238 әскери бөлімдері мен аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы су тасқынымен күреске көмектесіп жатыр. Ойыл елді мекенінде паром өткелі жасалғалы бері әскери инженерлер бір жарым мыңнан астам адамды эвакуациялады. 94 техника мен 66 тоннаға жуық түрлі жүк тасымалданды.Атырау облысындағы жұмыстар да ауқымды. Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде Жем өзенінің арнасын кеңейту мақсатымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жару командасы он жарылыс жасады. Іс-шараларға «Батыс» ӨңҚ теңіз жаяу әскерлері бригадасының, 51051, 41433, 41321, 21642, 25744, 99116 әскери бөлімдері мен Маңғыстау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері қосылды. 

Құлсары қаласында, Махамбет, Құрылыс, Жаңаталап, Талқайран, Береке, Есбол елді мекендерінде және Жайық өзенінің жағасында тосқауылдар салу жұмыстары ұйымдастырылды.
Шымкент қаласынан келген 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Еңбекші, Аққайың, Ақтоғай және Тоқпансай ауылдарының тұсынан Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстарын жүргізуде. Ал Тараз қаласы 85395 әскери бөлімінің жеке құрамы Құрылыс, Индер, Өрлік және Есбол елді мекендеріне жақын Жайық өзенінің арнасын нығайтып жатыр.Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға аумақтық қорғаныс бригадасының, 66597 (Қызылорда қаласы), 18404 (Талдықорған қаласы) және 61993 (Алматы қаласы) әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері жұмылдырылған.
Облыс орталығындағы Зашаған ауданының өнеркәсіптік аймағы мен кірпіш зауытында да тасқынға қарсы жұмыстар атқарылуда. Теректі ауданының Ақжайық ауылдық округінде, Бөрілі ауданының Бумакөл ауылында, Бәйтерек ауданының Кирсанов, Дарьинский және Байқоңыр ауылдарында Елек өзенінің жағасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бударин, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарында бөгеттер салынуда.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға Астана қаласынан 68665 және Қарағанды қаласынан 31775 әскери бөлімдерінің жеке құрамы тартылды. «Қызылжар су» қалалық су арнасы ауданы мен Петропавл қаласына жақын Бескөл кентіндегі Калинин көшесінің тұрғындарын эвакуациялау жүріп жатыр. Құтқару жұмыстары Совет көшесі мен «Грин-парк» орманшаруашылығы шағынауданында да тоқтаусыз жүргізілуде.68665 әскери бөлімінің жеке құрамы Ақмола облысы Есіл ауданының Заречный, Жарқайың ауданының Далабай, Тасөткел және Тассуат ауылдарында тіршілік нысандарын электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Боран елді мекенінің маңындағы су шайып кеткен жол учаскесінде жабдықталған көпір өткелі арқылы Аягөз қаласынан келген 02352 әскери бөлімінің әскери қызметшілері адамдар мен көліктердің қатынасын қамтамасыз етуде.Су басқан аудандарда эпизоотиялық іс-шараларды өткізуге Қарулы Күштер Тыл бастығы басқармасының ветеринариялық-санитариялық бақылау мамандары қосылды.27 наурыз бен 14 сәуір аралығында құтқару жұмыстарына барлығы 5 366 әскери қызметші, 200 автомобиль техникасы, 11 тікұшақ, 
2  ұшқышсыз ұшу аппараты және 5 әскери-кө­лік­тік ұша­ғы жұмылдырылды. 2 897 жергілікті тұрғын, оның ішінде 809 бала эвакуацияланды. 900 адам және 158 тоннаға жуық жүк тасымалданды. 469 мыңнан астам қап құм дайындалды.

Алдағы уақытта әскери инженерлер еліміздің екі өңірінде Есіл өзенінен өткел салады. Солтүстік Қазақстан облысында өткел Қызылжар ауданы, Соколов ауылының маңында жолға қойылады. Су тасқыны салдарынан мұнда электрмен жабдықтау және «Севказэнерго» АҚ мамандарының сорғы стансасына кіруі қиындады. Сондай-ақ қатынастың бұл түрімен жергілікті халықты, техниканы, материалдық құралдар мен жануарларды тасымалдау жүзеге асырылатын болады.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар