Өткен жылы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат отырысында қазіргі таңда бүкіл әлемде, Қазақстанда да «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастағанын атап өтті. Балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр.
Депутат: «Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z – ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді», – деді.
Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Сонымен қатар сенатор өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізуге тікелей байланысты ұсыныстарын да ортаға салды.
Нұртөре Жүсіп: Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды», – деді.
Ал статистиканы сөйлетсек, соңғы бес жылда Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны бес есеге өскен. Өткен жылы елімізде 12 мыңнан аса балаға аутизм диагнозы қойылыпты. Өкінішке қарай, облысымыз аутизмі бар балалардың саны ең көп 8 өңірдің қатарында тұр.
Бүгінде облысымызда аутизммен ауыратын балаларға арналған 3 және 3 логопедиялық орталық жұмыс істейді. Қосымша жекеменшік логопедиялық орталықтардың да саны жыл санап артып келеді.
«DAMU» коррекциялық дамыту орталығының жетекшісі, дефектолог Әлия Зайнеденованың айтуынша, цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға өте кішкентай кезінен тәуелді болуы. Енді-енді есін біле бастаған бала айналасына назар аударудың орнына телефонға телміріп, бар қызықты содан іздейді. Тіпті басқалармен араласудан қалады. Мұнан соң баланың ақыл-ойы, сөйлеу, жалпы қоғаммен қарым-қатынасы шектеле бастайды.
– Жыл санап мүмкіндігі шектеулі балалардың саны көбейіп келеді. Әсіресе дұрыс сөйлей алмайтын балалар өте көп. Сондықтан баланың көзінше ұялы телефон ұстамау қажет. Ең бастысы, балаңызға да бермеңіз. Қайта қазақтілді мультфильмдер көрсетіп, ертегі кітаптар оқып беріңіз. Балаңызбен жиі сөйлесіп, эмоциясын шығару үшін таза ауада көбірек серуендетіп, ойын-сауық кешендеріне апарыңыз.
Қазір ұлдардың тілі мүлде кеш шығады. Төрт жасқа дейін сөйлей алмайтын балдырғандар да бар. Егер бала екі жастан асқанша сөйлей алмаса, дереу мамандардың көмегіне жүгінгеніңіз абзал, – дейді Ә.Зайнеденова.
Маманның айтуынша, қазақылыққа салынып, «әкесіне тартқан», «еркелік қой» немесе «ағасының да тілі кеш шыққан» деп жүре беруге болмайды.
Ал облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының психологі Аида Назымбекованың айтуынша, цифрлық аутизм дегеніміз – психологиялық мәселе.
– Адам ақпаратты мимен қабылдайды. Қабылдаудан бөлек ойлану, ой қорыту деген де бар. Ойлану режимі мүлдем бөлек. Адамға ойлану қажет болған кезде оған ақпарат қабылдауды тоқтату керек. Бұл өте маңызды дүние. Қабылдау және ойлану кезек-кезегімен жұмыс істеуі тиіс. Бүгінгі таңда ақпарат көп. Бала тұрмақ, ересектердің өзі ақпараттың керек, керек емесін бағамдай алмай жатады, – дейді А.Назымбекова.
Мәнді мәселеге психолог, дәрігер, ата-аналармен қатар ұстаздар да алаңдаулы. Жамбылдық педагог Индира Ерәлидің де мәселеге қатысты өз айтары бар.
– Егер сіз балаңыздың компьютерге тәуелділігін байқасаңыз, үрейге бой алдырмаңыз. Одан гаджетті алып қойып, интернетке кіруге тыйым салмаңыз және компьютердің зияны туралы дәріс оқымаңыз. Даналық танытыңыз. Қайта балама жолын іздеп, балаңыздың назарын қызықты және пайдалы дүниеге аударыңыз. Балаңыз неге қызықса, сонымен
айналыссын.
Интернет кез келген ақпаратты іздеуге пайдалы болғандықтан да гаджеттерге тыйым салмаған жөн. Заманауи әлемдегі бала жан-жақты болуы тиіс. Егер «Youtube» хостингі немесе «Instagram» арқылы өзін дамытатын, танымдық және пайдалы нәрселер тапса, тіпті жақсы. Баламен гаджетті неше уақыт пайдаланатыны туралы келісіп алу керек. Мәселен, 5-6 жасар бала 30 минутқа дейін гаджет қарай алады. Ал мектеп оқушылары бұл уақытта 1,5 сағатқа дейін ұзарта алады. Бала өзін қадағалап, уақытын үнемдеуі керек. Балаларды үй жұмысына баулыңыз. Отбасыңызбен кітап оқыңыздар. Күн сайын балаңызбен әңгіме айтып, алаңдатқан мәселелерімен, жетістіктерінен хабардар болып отырыңыз. Достарын үйіңізге шақырыңыз. Баланы үйірмелерге, музыкалық мектепке, спорт секцияларына апарыңыз. Ата-аналардың өзі де үлгі көрсетіп, кітап оқуды бастауы тиіс. Салауатты және белсенді өмір салтын көрсете білу керек, – дейді И.Ерәли.
Қалай десек те цифрлық аутизм бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Ауру деп айта алмасақ та жоғарыда аталған белгілерге қарап, адам өміріне өлшеусіз зиян тигізетін дерт екенін аңғарасың. Телефонсыз ішкен асы бойына батпайтын жандар виртуалды байланыс шынайы өмірдегі достармен сөйлесуді, серуендеуді, рухани және мәдени құндылықтарды алмастыра алмайтынын ұғынса дейміз.
Жұлдызай МҰСАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің 4-курс студенті