arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Перзентіме өмір сыйлаған дәрігерлерге мәңгілік қарыздармын

Перзентіме өмір сыйлаған дәрігерлерге мәңгілік қарыздармын
Өмір болған соң әртүрлі тосын жағдайларға тап келетініміз жасырын емес. Мұндай сәтте не істерімізді білмей, дағдарып қалатынымыз да шындық. Сондай бір сүреңсіз күндер менің де басымнан өтті.

 Төртінші перзентіме жүктілігімнің екінші скринингінде «Баланың өкпесінде жылауық (киста) бар» деген диагноз қойылды. Жаным жабырқап, көңілім құлазып қаншама табалдырықты тоздырдым. Учаскелік дәрігерімнің «Өкпенің оңалуы қиын» деген сөзі әлі күнге дейін құлағымның түбінде тұр. «Мына баланы алдырып тастау керек» деген тұжырымдарды естіген сайын жүрегім қан жылап, жүзімді көз жасым шайып кететін. 
Басымды тауға да, тасқа да соғып жүрген шағымда Құдай қарасып, маған білікті дәрігер жолықты. Құрсақтағы балам 5 айлық болатын. Бір танысым Тараз қаласында Нұртуған Айтуғанұлы есімді жақсы хирург барын айтып, байланыс нөмірін берді. Уақыт созбай сол кісіге хабарласып: «Баланы алдырып тастау керек деген ұсыныс айтылып жатыр. Не істесем болады?» – дедім. Дәрігер: «Мен қорқатын ештеңе көріп тұрған жоқпын», – деп, сәбиімді дүниеге әкеле алатынымды айтқанда көңілдегі күдік сейіліп, үміт оты қайта жанғандай болды. 
Иә, дәрігер болу – абыройлы міндет. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. «Ақ желеңді абзал жандар – адам жанының арашашысы» деген сөз ел аузында жиі айтылады. Расында, басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық дертіне шипа іздегенде дәрігерлердің көмегіне жүгінетіні сөзсіз. Ал ол дәрігер сауатты болса, тіптен ғанибет! Осы орайда білікті дәрігер, білгір маман Нұртуған Айтуғанұлына айрықша алғысымды білдіргім келеді. Балам дүниеге келген күннен бастап сол кісіге барып, кеңес алып тұрдық. Ұлымның дүниеге келгеніне 4 ай болғанда облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ота жасалды. «Ота сәтті өтті» деген хабарды естігенде қуанышымда шек болмады. 
Сондықтан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ұжымына қалай ризашылығымды білдірсем де аздық етеді. Бізге жәрдем берген Нұртуған Айтуғанұлы, Әлімжан Ержанұлы, Юсуп Толқынұлы сынды тәжірибелі хирургтердің еңбегі өте зор. 
Әрдайым ел-жұрттың ықыласына бөленіп, билік белестерді бағындыра беріңіздер!

Құралай ЕСЕНӘЛИЕВА, 
Жаңатас қаласының тұрғыны,
Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар