Су тасқынынан зардап шеккен 10 аймақта төтенше жағдай жарияланғаны баршамызға белгілі. Тіпті Мемлекет басшысы мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. 8 сәуірдегі соңғы мәлімет бойынша, 3 700-ден аса үй су астында қалып, 75 000-ға жуық адам эвакуацияланды және 155 жолды су шайып, 58 елді мекен арасында көлік қатынасы тоқтады.
Мамандардың айтуынша, су тасқыны салдарынан дизентерия, іш тифі, А және В паратифі, тырысқақ, Сібір жарасы, бруцеллез секілді аурулардың өршуі мүмкін. Тиісінше су тасқыны кезінде кұдық немесе ұңғымалардағы сулар дәретхана мен қазылған шұңқырлардағы қалдықтармен ластанады. Көптеген ауруды тасымалдайтын кеміргіштер су тасқынынан сақтану мақсатында тұрғын үйлер мен ғимараттар ішіне еніп, адамдардың инфекциялық және паразитарлық ауруларды жұқтыру қаупі ұлғаяды.
Жалпы әлемде де толассыз жауын-шашын мен тасқын су халықты айтарлықтай әбігерге салуда. Салдарынан бірқатар елде ауру тарап жатыр. Мәселен, Латын Америка елдерінде денге безгегі өршіп тұр. Бразилияның Мимозу-ду-Сул аймағында болған су тасқыны кезінде бас сауғалап жан-жаққа кеткен халық сәуір айынан бастап үйлеріне оралды. Жалпы наурыз айының басында орын алған тасқыннан 27 адам қаза болып, 7 мыңнан астамы үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған еді. Қазір елдегі ахуал нашар. Әсіресе денге безгегі халықтың мазасын қашырып тұр. Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері денге безгегін 2 миллионнан аса адам жұқтырған. 700-ге жуығы қайтыс болған.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қолайсыз климаттың әсерінен аталған індет бүкіл елге тарауы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Болжам рас болып шықты. Тасқыннан кейін денге безгегі әлемге тарады. Мысалы, Латын Америкасы елдерінде, соңғы ақпарат бойынша, 3,5 миллион адам денге безгегін жұқтырған. Науқастардың 80 пайызы – Бразилия, Парагвай, Аргентина және Пуэрто-Риканың тұрғындары.
Дегенмен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева елдегі жағдай тұрақты бақылауда екенін, алаңдауға еш себеп жоқ екенін айтады. Маманның айтуынша, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу, аса қауіпті, басқа да жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету үшін өңірлерге Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары жіберілген.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ