Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалық бірдің емес, мыңның ісі

Тазалық бірдің емес, мыңның ісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сына сәйкес қолға алынған республика­лық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс көлемінде «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық акциясы басталды.

Жалпы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 8 сәуірде басталып, 5 аптаға созылады. Осы уақыт аралығында Тараз қаласында және облыстың барлық аудандарында табиғатты қорғау шараларын өткізу жоспарлануда. Іс-шаралардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. «Таза өлкенің» алғашқы аптасында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме қызметкерлері бекітіліп берілген аумақтарды тазартады. 
«Киелі мекен» экологиялық акциясының екінші аптасы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады. 
«Жасыл аймақтың» үшінші аптасында көшет отырғызу, ағаштарды әктеу шаралары қолға алынады. 
«Өнегелі ұрпақтың» төртінші аптасында ардагерлер үйінің ауласы мен қарттар үйінің аумақтарын тазарту және абаттандыру жоспарланып отыр. 
«Мөлдір бұлақтың» бесінші аптасында өзен-көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.
Акция облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің аумағына ағаш отырғызудан басталды.
– Игілікті іс-шараға облысымыздың әрбір тұрғыны өз үлесін қосады деген сенімдемін. Әрине, мұндай акция алғаш рет өткізіліп жатқан жоқ. Жамбылдықтар жыл сайын көктемде экологияны қорғауға атсалысады. Ал биыл жылдағы дәстүрлі жұмыстар республикалық ауқымды акцияның бір бөлігіне айналды. Осы ретте аймақ тұрғындарын белсенді болып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып, сауапты іс жасауға шақырамын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ал ауқымды акцияға үлес қосқан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев жамбылдықтарды табиғатты аялауға шақырды. Кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы Сейтхан Жошыбаев ауаның, табиғат тазалығының денсаулыққа тигізетін пайдасы туралы айтып берді. 
Экологиялық акция барлық ауданда өтіп, қоқыстар шығарылып, тал көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қордай ауданында ұйымдастырылған ауқымды сенбілікке аудан әкімі Бегзат Болатбеков, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын өкілдері, тұрғындар, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, сенбілікке 1 800 адам қатысып, 4 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылыпты. Гвардиялық гарнизонда әскери қызметкерлер тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллеяға шырша мен қайың көшеттерін отырғызды. Гарнизондағы абаттандыру жұмыстары мамыр айының соңына дейін жалғасады. Аллеяға 600 түп қарағаш, 350 түп өрік, 200 түп шие көшетін отырғызу жоспарланып отыр.
Байзақта экологиялық акцияның ашылу салтанаты Сарыкемер ауылындағы дендросаябақ аумағында өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, тұрғындар мен еріктілер қатысты. Акция аясында аллеялар мен көгалдардағы қоқыс шығарылып, 100-ден астам сәндік ағаш көшеті отырғызылып, бір шақырымға жуық арық тазартылды. Барлығы 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жамбыл ауданының тұрғындары да «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, Аса ауылындағы орталық алаңдағы ағаштарды әктеп, сәндік тал көшеттерін отырғызды. 
Талас ауданына қарасты барлық елді мекендерде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. 
Сарысу ауданында акцияға қатысушылар Жаңатас қаласындағы Комсомольское көлінің жағалауына тазарту жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі Сәкен Мамытов өңір тұрғындарын экологиялық акцияға атсалысып, туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырды. Жаңатас қаласындағы демалыс орындарын тазалауға барлығы 300-ге жуық тұрғын шықты. 1 500-ге жуық тал көшеті отырғызылды.
Шу ауданына қарасты барлық ауылда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Акция аясында Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мұражай аумағында сенбілік өтті. Оған ауданның зиялы қауым өкілдері, Ақсай ауылдық округінің тұрғындары, абаттандыруға жауапты мердігер ұйымдар, жастар мен еріктілер қатысты. Шара барысында 100-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Сонымен қатар акция Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында да сәтті жалғасын тапты. «Таза Қазақстан» акциясына «Жас ұлан» және «Жасыл ел» жасақтары да белсенді атсалысты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар