Жиында қала әкімі тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында соңғы жылдары бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын сөз етті.
– Біз тасымалдаушыларға жан-жақты көмектесеміз, жағдай жасап, субсидия береміз. Бүгін «Bus Park 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңа автобустар берілді. Автобустар кондиционермен жабдықталған және газбен жүреді, яғни үнемді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы тасымалдаушылармен және жүргізушілермен әңгімелесіп, қызмет көрсету сапасын жақсарту қажеттігін баса айтты.
Жүргізушілер жолаушыларға қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етіп және сыпайылық сақтай білу керектігін жеткізді.
Өз кезегінде «Bus Park 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Бақтияр Төлегенов жаңа автобустар алынғаннан кейін ескілері маршруттардан алынатынын атап өтті.
– Ескі автобустардың барлығы полигонға жіберіледі. Біз жақын арада автопаркті кеңейтіп, резерв қалыптастыруды бастаймыз. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Соңғы екі жылда автобустардың 90 пайызы жаңартылды. Өткен жылы 40, биыл тағы 31 жаңа автобус сатып алынды. Бұл жұмыстарға 1,16 миллиард теңге жұмсалды. Бүгін пайдалануға берілген автобустардың 12-сі «Саяхат-99» серіктестігі қызмет көрсететін №34 маршруттағы ескірген автобустарды алмастырады. Қалған 19-ы тасымалдаушы мекеме қызмет көрсететін бағыттардағы кесте санын арттыруға және №54 маршруттағы автобустарды алмастыруға беріледі, – деді Б.Төлегенов.
Бақытжан Орынбеков сөз соңында Тараз қаласында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленгенін тілге тиек етті.
Соған сәйкес биыл қалаға 70 автобус жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 55-і қолданысқа беріліпті. Ал былтыр шаһар тұрғындары 73 жаңа автобуспен қамтамасыз етілген еді.
Ақтоты Жаңабай