Отбасы – өзара махаббат пен құрметке негізделген қарым-қатынастар жиынтығы. Отбасылық құндылықтар әрбір отбасы мүшесінің жеке өсуіне және дамуына ықпал етеді.
Жалпы үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – әрбіріміздің алға қойған үлкен мақсатымыз әрі асыл арманымыз.
Ал қазіргі қоғамның толғақты мәселесіне айналған отбасы ұғымын, асыл арманымызды біздер қаншалықты қадірлеп жүрміз?! Халқымыздың ұлы ақыны Абай: «Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей», – десе, дана халқымыз «Баланы жастан» деп, тәрбиенің маңыздылығына баса мән берген. Ал тәрбиенің алтын діңгегі – отбасы. Әрбір отбасында тыныштық салтанат құрса, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалып, баланы мәдени құндылықтар мен адамгершілікке баули білсек, тәрбиелі, намысы жоғары, ұлтшыл ұрпақтар көбейер еді.
«Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» болып, отбасын жылу мен мейірімге бөлесе, баланың санасындағы әке бейнесі асқақ болатын еді. Сонда дәстүрлі отбасының тұғыры шайқалмайды. Әр перзент әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезініп, атқа мініп, жер аралап, аузы дуалы ақсақалдардан бата алып, елін қорғайтын ер болса, қыздарымыз әйелге тән әдептен аттамаса, әрине, бұл бағымыздың жанғанын білдіреді.
«Отбасы – адамзаттың алтын діңгегі» демекші, жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Айсұлу СӘДУАҚАС,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің 4-курс студенті
Ұқсас жаңалықтар
208 мың теңгеден асады: 11,1 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторAR-AY
- 19 қыркүйек, 2024