ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Көктемгі дала жұмыстары кезінде ветеринариялық профилактикалық жұмыстарды талапқа сай жүргізу – дәл қазіргі уақытта күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Осыған байланысты жуырда кең ауқымды ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар басталды. Іс-шараның мақсаты – эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету және республика бойынша жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау.
Жануарлардың ерекше қауіпті 25 ауруы, оның ішінде бруцеллез, лейкоз, жұқпалы анемия және тағы басқа кесел бойынша 13 635,6 миллион теңгеге 74,9 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар 178,2 миллион теңгеге манипуляция жасау көзделсе, бүгінгі таңда республикалық қорда жануарлар мен құстардың 23 ауруына қарсы 77 миллион доза вакцина бар.
Іс-шараларға бүкіл ел бойынша ветеринариялық қызметтер, соның ішінде ветеринариялық стансалар мен пункттер қатысуда. Үй жануарларының иелері жануарларын тексеру және вакцинациялау үшін шақыртылуда. Бұл бастама жануарлар арасында жұқпалы аурулардың пайда болу және таралу қаупін азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда бекітілген жоспарға сәйкес диагностика және екпе жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Сондай-ақ ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп мониторинг жүргізу үшін салааралық стандартты операциялық процедураларды әзірлеп жатыр.
Зооноздық аурулар – жануарлардан адамға жұғатын инфекциялар. Олар адам мен жануарлардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді және айтарлықтай экономикалық әсер етуі мүмкін. Салааралық стандартты операциялық процедураларды әзірлеудегі мақсат – денсаулық сақтау және ветеринария секторлары арасындағы үйлестірудің нақты және біркелкі әдістері мен рәсімдерін белгілеу. Бұл зооноздық аурулар қаупіне тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Олардың пайда болуын ерте анықтау және әрекет ету жүйесін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Зооноздық аурулармен күресуде ресурстар мен күштерді пайдалануды оңтайландырады. Аурудың таралу қаупін азайтады. Бұл адам мен жануарлардың денсаулығын қорғауда тиімді әдіс.